Қоғамдық штаб құқықтық көмек көрсетуді жалғастыруда
Атырау облысының Жылыой ауданында тасқынға байланысты құрылған төтенше жағдай жөніндегі қоғамдық штаб күні бүгінге дейін 4000-ға жуық адамға құқықтық көмек көрсетіп, кеңестер берді.
Ауданның төтенше жағдай жөніндегі қоғамдық штаб төрағасы Ерқұл Дәулетбаевтың мәлімдеуінше, штаб құрамындағы мамандар 1200 тұрғынға біржолғы материалдық көмекке құжат жинауға көмек көрсеткен.
-Тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың жас ерекшеліктері әртүрлі. Олардың арасында әлеуметтік желілерді қолданбайтын егде жастағы азаматтар да бар. Басқа да себептермен қажетті мәлімет ала алмай жатқан тұрғындар да кездесуде. Сондықтан бұл тұрғындарды да назардан тыс қалдырмай, қажетті ақпараттармен бөлісіп отырмыз, — деді Е.Дәулетбаев.
Еске сала кетелік, төтенше жағдай жөніндегі қоғамдық штаб құрудың мақсаты — өңірлерде тұрғындармен тиімді коммуникациялар құру, су тасқынынан зардап шеккендерге консультациялар беру және әлеуметтік шаралар туралы кеңінен ақпарат беру. Бұған несие мен ипотека төлемдерін кейінге қалдыру, тұрғын үй үшін өтемақы төлеу, бір реттік материалдық көмек, бүлінген мүлікке өтемақы төлеу, үйлерді жөндеу және қалпына келтіру және басқа мәселелер кіреді.
ТЖ жөніндегі қоғамдық штаб Махамбет даңғылы, N9 орта мектептің акт залында орналасқан.
Штабтың жұмыс кестесі — сағат 9.00-ден 21.00-ге дейін.