ҚМДБ: Мұқтаж жандар құрбандық етін алуға өтініш бере алады
Құрбан айтта мұқтаж жандар құрбандыққа шалынған мал етін алу үшін онлайн түрде өтініш бере алады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Құрбан айт мерекесіне орай құрбан шалу рәсімдерін өткізу үшін біздің басқарма «QURBAN-2023» жобасы әзірленді. «QURBAN-2023» жобасы онлайн және офлайн форматта іске асырылып жатыр. Республика бойынша өкілдіктерде құрбан шалу рәсімдері онлайн және офлайн форматта да өткізілуде. Ал, медреселер мен қайырымдылық мекемелер құрбан шалу бойынша тапсырыстарды және құрбандық еттерін тек офлайн форматта қабылдауда, — деді Батыржан Мансұров орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, діни басқарма өкілі құрбан айтта онлайн форматта құрбан шалу және оны мұқтаждарға тарату рәсімдерін түсіндіріп өтті.
«QURBAN-2023» жобасы аясында онлайн форматта құрбан шалу рәсімдерін өткізу және оны мұқтаждарға тарату үшін 2023 жылы16 маусымнан бастап www.qurban2023.kz сайты іске қосылды. Аталған сайтқа құрбан шалу үшін тапсырыс беруші тиісті өтініш қалдыра алады. Ол үшін сайтқа кіріп, көрсетілген нұсқаулықтарды орындау қажет. Құрбандық шалынғандығы туралы есеп видео ретінде тапсырыс берушінің Whats App нөміріне жолданатын болады. Сондай-ақ, сайтқа мұқтаж жандар да тіркеліп, шалынған құрбандық етін алу үшін онлайн түрде өтініш толтыра алады. Нәтижесінде шалынған құрбандық еттерін еріктілер өтініш қалдырған мұқтаж жанның сайтта көрсеткен мекенжайына етті жеткізіп береді», — дейді ол.