ҚИЫНДЫҚ ПЕН ҚЫЗЫҚҚА ТОЛЫ ҚЫЗ ҒҰМЫРЫ…
Қыз ғұмыры қай дәуірде де оңай болмаған. Тарихқа шегініс жасап көрсек, осындай тұжырымға келеріңіз анық.
Әрбір елде әйелдің орны мен оның теңдігі сол елдің салт-дәстүрі, мәдени және діни наным-сеніміне тікелей байланысты. Сәт сайын сан құбылған әлемдегі өзгеріс те әйел адамның тағдырына әсер етпей қоймайды. Себебі, қоғамдық қатынастар – әйел өмірімен байланысты. Әрине, қазіргі пікірдің дені батыс әйелі мен шығыс әйелін қатар қойып, үнемі салыстырып отырады. Өркениетті тек батыстық мәдениеттен іздеу белең алған. Соған орай, пікір-көзқарас та сан түрлі. Ал, қазақ әйелін жапон әйелімен салыстырып көргеніңіз бар ма?! Айырмашылығы неде?..
Күншығыс еліне сапар шегіп, арнайы зерттеу жүргізген Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің докторанты, мәдениеттанушы Назым Басқынбаева бұл мәселеге терең үңіліп, тың пікірге бекінген екен. Ғылыми ізденістер нәтижесі мен қазақ-жапон әйелдерінін ұқсастықтарын білмек мақсатта біз Назыммен WhatsApp желісі арқылы әңгіме-дүкен құрған едік.
– Назым Қарабайқызы, оқырманға түсінікті болсын, Жапонияға не үшін сапар шегіп едіңіз?
– Мен біраз уақыттан бері Қазақ Ұлттық университетінің докторанты əрі «Қоғамдық сананың модернизациясы үшін символдардың атқаратын ролі» атты ғылыми жоба тұрғысында ізденіп жүрмін. Ғылыми жетекшім, философия ғылымдарының докторы Əлия Мəсəлімовамен бірге осыдан бірер жыл бұрын Күншығыс еліне аттандық. Біраз уақыт бойы бірнеше білім жəне ғылым ордасында болып, мамандармен сұхбаттастық, ізденіп жүрген тақырыбымыз бойынша баяндама да жасадық. Ойландырғаны – шығысымызда орналасқан Қытай, Корея, Тайланд, Вьетнам сияқты елдермен Қазақстан тығыз қарым-қатынас, туристік байланыс орнатқан. Ал, Жапония əлі де болса бейтаныс ел. Неліктен?! Осы ойдың жетегінде тынымсыз жұмыс жасадық. Күткеніміздей, сапар мүлдем өзгеше өтті, жаңа əлемді тануға арналды.
– Ол ел сізді несімен баурады? Жапон әйелдерін зерттеу арқылы нені білдіңіз?
– Жапондықтардың өмір сүру деңгейі өте жоғары. Олардың тауар сапасына ерекше талап қоюы, халқының мəдениеттілігі, қоршаған орта мен өзіне деген қарым[1]қатынасы, тазалық пен тəртіпті бірінші орынға қоюы, тіпті, ең ақырғысы қоғамдық дəретханаларының өзін соңғы технологиямен жабдықтап, мұнтаздай қалпында сақтауы осы ел жайлы пікірді айқындай түссе керек. Мен үшін ең қызықты əрі маңызды көрінгені – жапон əйелдерінің əлеуметтік жағдайы мен қоғамдағы ролі, дəстүрлі жəне заманауи мəдениеттегі орны. Осы тақырыптағы кішігірім зерттеу жұмысымды да жүргізіп үлгердім. Біз Цукуба, Токай, Сока жəне Осака университеттерінде, Шығыс философиясы институтында жəне Орта Азия елдерін зерттеу орталығында болдық. Оларда болған кездесулерде барлығы бір ауыздан профессорлық[1]оқытушылық құрамның 30% əйел адамдар екенін атап көрсетіп, мұны үлкен жетістік деп мақтан етті. Біздің елде бұл көрсеткіш əлдеқашан 50%-дан асып, керісінше, ер адамдардың дəріс беруі мен сабақ өткізуі бүгінгі таңда тапшылыққа айналып отырғанын жасырмадық. Қызығы сол, Жапониядағы университеттердің бірде-бірін əйел адам басқармайды. Əйел адамның ректор болуы тарихта болмапты, кейбір оқу орындарында декандардың арасынан да əйелдерді мүлдем кездестірмейсіз. Бұл жағынан да біз көшілгері кетіп қалыппыз.
– Қазақ және жапон әйелдерінің бір-бірімен ұқсастығы қандай?
– Негізінде, екі ел де феодалдық қоғамның тақсыретін көп тартқан. Содан болар, Қазақстан мен Жапонияның бір-біріне ұқсас тұстары өте көп. Ер адам түздің, əйел үй шаруасына жауап беретін патриархалды қоғам жəне үш ұрпақтың өкілдері бір шаңырақтың астында тұруға тиіс нуклеарлық отбасы, салт-дəстүр мен ырым[1]тыйымдардың беріктігі, сол арқылы тіл мен тектің тазалығын сақтап қалуға ұмтылу секілді бірқатар факторлар өте ұқсас. Дегенмен, бізде Кеңес өкіметі, ал Жапонияда мэйдзи дəуірлерінің басталуы баршаға бірдей білім алу мүмкіндігін сыйлады. Кеңес кезінде əйелдерді оқыту мен оларды еңбекке тарту жұмыс күшінің жетіспеушілігіне байланысты туындаса, Күншығыс елі əуелі келешек ұрпақтың тəрбиесі мен білімін көздеді. Император Муцухито басқарған мэйдзи дəуірі Жапонияға ерекше бір серпіліс берді. Жапон əйелдері алған терең білімін өз балаларының тəрбиесіне жұмсауы елге экономикалық даму мен ғылыми-техникалық прогресс сыйлады.
Жапонияның бүгінгі дəрежеге жетіп, қарыштауының негізгі факторы – көзі ашық əйел адамдар. Біздің еліміздің кешегі мен бүгінінде жетістікке жеткен əйелдер аз емес. Əйел адамның білімді, рухты əрі парасатты болуы қоғам үшін маңызды.
– Бүгінгі таңдағы жапон әйелінің бейнесі қандай?
– Қазіргі жапон мəдениетінде «рёсайкэмбо» деген түсінік бар. Ол «жақсы жар жəне ақылды ана» деген ұғымды білдіреді, яғни əйел адам тек үй шаруасын ұршықша үйіріп қоймай, келер ұрпағына сапалы білім беруі керек. «Рёсайкэмбо» болу үшін əйелдер қызмет пен мансапты құрбан етуге тиіс еді. Заманның дамуына байланысты жапон əйелдерінің де қоғам мен отбасындағы жағдайы өзгерістерге ұшырамай қоймады, оған қоса талаптары да күшейді.
Бүгінде жұмысын жалғастырып немесе мансабын отбасы құрудан да маңызды деп ойлайтын əйелдер саны күрт өскен. «Тайсё» дəуірі арулардың іскерлік қасиетін қолдап, олардың бизнеспен, жеке кəсіпкерлікпен шұғылдануына жол ашты. Сол дəуірде қалыптасқан «career woman» (мансапқұмар əйел) деген ұғымының салдарынан бүгінде жапондар демографиялық дағдарысқа тап болды. Білім алған жапон əйелдері көбінесе 30, тіпті 35 жасқа дейін тұрмысқа шығуға асықпайды. Олар оқуын аяқтап, жұмысқа тұрып, сол қызметте белгілі бір жетістікке жетіп барып ғана жанұя құруға ниеттенеді. Дəстүрлі мəдениетте міндет саналған ата-енемен бірге тұру, жұбайының тегін қабылдау сынды құбылыстар сиреп бара жатыр. Мысалы, мен сұхбаттасқан жандардың бірі, Осака университетінің оқытушысы Нами Одагири деген ғалым «тұрмысқа тым ерте шықтым» деп күлді, сөйтсе 27 жасын[1]да тұрмысқа шығыпты. Содан бері 10 жыл өтсе де құрсақ көтермеген. Оқуын аяқтап, докторлық диссертациясын қорғап, оқытушылық қызметін бастаған Нами-сан енді ғана ұрпақ жалғастыру туралы ойланатын сыңайлы. Міне, осыған қарап жапон əйелінің бүгінгі бейнесін көруге болады.
– Жапон әйелдерінің тұрмысқа шығуға асықпауына не себеп?
– Үйлену, жеке шаңырақ болып тұру ол елде өте қымбатқа соғады. Жастардың көпшілігіне ата-ананың қамқорлығында жүре берген қолайлы. Экономикалық инфантилизм. Екіншіден, отбасы мен жұмысты қатар алып жүру мүмкіндігінің төмендігі. Тұрмысқа шыққан соң 53% нəзік жандылар өзінің мансап жолын жалғастырады екен, ал қалғандары қызметін түбегейлі тоқтатып, бар уақытын жанұясына арнайды. Сол себепті əйел адамдар отбасылы болуға асықпайды. Сөзім дəлелді болуы үшін бір ғана дəйек келтірейін. Жапонияда басқару саласындағы əйелдердің үлес салмағы – небəрі 13%. Қазақстанда бұл көрсеткіш 39,5%-ға тең, яғни еліміздегі 24209 басшы қызметкердің 9569-ы – əйел адам. Бұл жағынан да біздің гендерлік саясаттағы жетістігіміз көрініп тұр.
– Дәстүрлі жапон мәдениетіндегі қыз бен қазақ қызын не байланыстырады?
– Дəстүрлі жапон мəдениетінде қыз бала үшін «қалың мал» төленетін болған, ол «юино» деп аталған. Яғни қыздың ата[1]анасы жасауын жасап («юмеиру дога») беріп, қайын жұртқа аттандыратын. Дəл осы дəстүр бізде де бар екенін аңғаруға болады. Бірақ бүгінгі күнде бұл үрдістен заманауи жапон қыздары ақырындап бас тартып жатыр. Қалың мал мен жасау беру тек ауыл-аймақтар мен Нагоя префектурасында сақталыпты, ал ме[1]гаполистерде аталмыш дəстүрді сирек кездестіресіз. Жастардың шаңырақ көтеруі ертеректе құдаласу салты арқылы жүзеге асатын. «Накодо» деп аталатын арнайы елшілер екі жақты бір-біріне таныстырып, күйеу жігіт пен қалыңдық арасында сөз байланыстырған.
Қазір жастар бір-бірімен танысып, махаббат сезімі пайда болғанда ғана үйленгенді қалайды. Жапон қоғамында жаһанданудың терең тамыр жайғаны, қоғамның көз ілестірмей тез дамуы əйелдерді бейбіт, білімді, тəкаппар жандарға айналдырғанымен, жапон əйелдері əлі күнге дейін иіліп күйеуін шығарып салу, қарсы алу дəстүрін жалғастырып келеді. Жаңа дəуірдің талабына сай жапон əйелдері өзгеріске ұшырағанымен, ұлттық сана мен ана тілге деген құрмет шексіз. Бұл – жапон əйелінің басты артықшылығы. Мәдениеттанушы Назым Қарабайқызымен сұхбатымыз шынында да екі ел әйелдерінің арасындағы ұқсастықты айқын аңғартты.
«Қазақ ұл туғанда қуанған. Қыз туғанда кейімеген. Ұлдың туысы артық, қыздың ырысы артық» деседі. «Қызды қадірлемеген – кәдесіз» дейді. Қыз кем емес, тең. Ертең ана болып үй билейді, ақылы асса ел билейді. Тек әйел атымен аталатын, арғы әжелерін пір тұтатын ру, тайпа қаншама», – деп, жазушы Мұхтар Мағауин әйел мен ердің теңдігін тамаша суреттеген.
Әйел заты табиғатынан нәзік, көңілшек келгенімен, олар – мықты жандар. Үйдің жылуын түздің жұмысымен қатар ала жүріп, ұрпақ тәрбиелейді. Ал, саналы ұрпақ – ұлт болашағы. Əйтсе де, қазақ пен жапон əйелдерін салыстыра алмаймыз. Себебі, руханият пен мəдениет, таным-түсінік мүлдем басқа. Десе де қоғамдағы əйелдің болмысы мен орны ұлт пен ел таңдамайды. Қай елде болмасын, əйел бақытты болуы керек.
Назым Басқынбаевамен сұхбат барысында Жапонияда «Əйелдер күні» қалай тойланатынына да қызығушылық танытқанбыз. Сөйтсек, ол елде көктемнің алғашқы айында екі мейрам бар екен. Біріншісі – 3 наурызда өтетін «Хинамацури», яғни қыздар немесе қуыршақтар мейрамы. Ал, екіншісі – арулардың жəне шабдалы гүлінің мейрамы. Əйелдер күні 14 наурызға бекітілген. Дəстүр бойынша, бұл күні сыйлықтар мен құттықтауларды тек «Əулие Валентин» күні өз сүйіктісіне сыйлық тарту еткен əйелдер ғана алады.
ИӘ, «ӘР ЕЛДІҢ САЛТЫ БАСҚА…» ДЕГЕН ОСЫ-АУ. НӘЗІК ЖАНДЫЛАРДЫ ТЕК МЕЙРАМДА ЕМЕС, ӘР КҮН САЙЫН ҚУАНТЫП, ЖҮЗІНЕ КҮЛКІ СЫЙЛАЙЫҚ.
Жайна МƏЛІМҚОЖА