
Қиғаш бойына өр суы келе бастады
Бүгінде өр суы Қиғаш бойын қоныстанған Құрманғазы ауданының аумағына да келе бастаған. Бұл өңірде көктем келген сайын топан су басу қаупі төнетін учаскенің бірі — Дыңғызыл ауылдық округі. Мұнда барлығы 26 шақырым бөгет тұрғызылған. Соның қауіпті тұсы 3800 метрдi құрайды немесе 4 шақырымға жуықтайды.

Ауылдық округ әкімi Оралбай Азимовтың айтуынша, мұнда жаға бекіту жұмыстарымен «TOLAGAI-2050» ЖШС айналысуда.
—Бұл жұмыстарға 1 бульдозер, 1 экскаватор, 1 самосовал «КамАЗ көлiгi, 1 көтергіш краны бар автокөлік (манипулятор), мердігер мекеменің қызметкерлерінен басқа 10 адам жұмылдырылған,- дейді Оралбай Нұржаубайұлы.
Бөгеттерді биіктетіп, бекемдеумен қатар, су өткелдерін тазарту шаралары атқарылуда.

Аудандағы қауіпті учаскелердің бірі Шортанбай ауылдық округіндегі жағдай да өңір басшылығының бақылауына алынған. Тәжірибе көрсеткеніндей, бұдан басқа Көптоғай, Кудряшов, Бірлік ауылдық округтерінде су тасқынынан келер қауіп жоқ емес. Сол себепті бұларда да табиғат тосынына қарсы қарекет күшейтілген.
—Қазiр бiзге 5 «Шахман» автокөлігі, 4 тиегiш трактормен «Атырау жолдары» ЖШС көмекке келді. Округтегі бөгеттің жалпы ұзындығы 14,55, нығайтатын жері 2,5 шақырым. Бұған дейін 4 мың қапқа тапсырыс берген едік, тағы 6 мың данасын сұратып жатырмыз. Тәулiктiк кезекшілік кестесі дайындалып, учаскелер мен жауаптылар нақтыланды. Су басу қаупi төнген жағдайда ауыл тұрғындарын осындағы орта мектеп пен балабақшаға көшiру жоспарланды,- дейді Кудряшоа ауылдық округінің әкімi Эльмира Хайруллина.

Бірлік ауылдық округіне қарасты Амангелді ауылының өзінде су тасқынынан қорғану бөгетінің жалпы ұзындығы 1,3 шақырымды құрайды. Бұл учаскеде де жаға бекіту жұмыстары қарқын алған.

Тұтастай алғанда, ауданда бұл бағыттағы іс-шаралар жүйелі жалғасын тапқан. Аудан басшысы Абат Жанғалиев, орынбасары Марат Хасанов және басқа да жауапты тұлғалар өңірдегі ахуалды ұдайы назарда ұстап, төтенше жағдайға жол берілмеуін қадағалауда. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз хатшысы Гүлхат Мадатқызы баяндады.
Дәулетқали АРУЕВ,
Құрманғазы ауданы
—