Қазыналы Жылыой қамқорлыққа зәру
Ел аумағындағы өзендерге биыл өр суының ерте келуінен гөрі оған тиісті құрылымдардың дайындығының нашар болуы жұртшылықтың орынды наразылығын туғызғанын атап өткен жөн. Себебі, немқұрайлылықтың салдарынан мыңдаған тұрғындар зардап шегіп, жүздеген үйлер тасқынның астында қалды. Олардың ішінде бір елді мекендегі зардап шеккен үйлердің саны жағынан Атырау облысы – алдыңғы орындардың бірінде.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, жерлесіміз Әділ Жұбанов республика Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдады. Онда депутат Жем өзенінің тасуынан зардап шеккен Құлсары қаласындағы жағдайдың қиын екенін баяндай келіп, Үкімет басшысының араласуын және жоғары атқарушы билік органы тарапынан шешуші әрекетті талап ететінін атап өтті.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Жылыой ауданының аумағында қазір 40-тан астам мұнай кен орны бар екен. Ондағы «қара алтынның» жалпы қоры – 2 500 000 000 (екі миллиард бес жүз миллион) тонна. Демек Жылыой ауданы – Қазақстандағы ең ірі стратегиялық маңызы бар өңір, халықтық ұғымда айтқанда донор!..
Мұны бүркемелеудің не жөні бар, ақиқатында елдің Ұлттық қоры да, республикалық бюджеті де Жем бойынан өндірілген «қара алтынның» табысынан құралады. Ал, сондай айрықша санаттағы Жылыой ауданының шап-шағын Жем өзенінің тасыған суынан айтарлықтай зардап шегіп, халқының бір түнде босып кетуі Қазақстан секілді әлеуеті зор, қабілеті мол мемлекеттің елдігі мен Үкіметтің жұмысына үлкен сын екенін басты орынға шығарған жөн.
Депутат Ә.Жұбановтың пікірінше, бүгінде республика Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жасақтаған су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде тұрғын үйді қалпына келтіру бойынша алгоритм – халық үшін тиімсіз. Онда министрлік «жарамсыз» деп танылған әр баспананың орнына типтік жоба бойынша құны 22 000 000 (жиырма екі миллион) теңге тұратын жаңасын салу немесе мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана берудің жайы қарастырылған.
Ресми мәліметтер бойынша өзіміз жиі араласып тұратын Ресей Федерациясы жүріп жатқан әскери операциялар мен экономикасы халықаралық санкциялардан әлсіреп отырғанына қарамастан елдегі су тасқыны салдарынан тұруға жарамсыз үйдің әр шаршы метріне 69000 рубль тағайындап отыр. Ал, қаза тапқандардың туыстарына 1 000 000 рубль көлемінде біржолғы жәрдемақы, біржолғы материалдық көмек үшін әр адамға 20 000 рубль төлеуді ұйғарған. Демек бұл елдің ақшасымен салыстырғанда республикалық министрлік бекіткен 22 миллион теңге – бүгінгі курспен алғанда Ресей елінде 4 595 662 рубль ғана.
Құлсары – мұнайшылар қаласы. Ал, оның жергілікті тұрғындары баспанасын Теңіз қалашығында, басқа да мұнай кеніштерінде жылдар бойы еңбек етіп тапқан табысын жұмсап салған. Тасқыннан зардап шеккен үйлердің иелері өздерінің тірнектеп жүріп салған шаңырағын Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бекітіп отырған 22 миллион теңгемен бағалауға келісер емес. Күні бүгін Құлсарыдағы бейіттер мен мал сою цехтары, мұнай және басқа да түрлі қалдықтар мен қоспалар, өзге де қоқыстарды шайып өткен тасқыннан бүлінген 2810 баспана тұр.
Ахуалды көзбен көріп, жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық ахуал-дың күрделілігі, жұқпалы аурулардың туындау қаупі жоғары екенін ескерген Әділ Жұбанов су басқан үйлерді толық жарамсыз деп танып, халыққа жаңа үй салу туралы Құлсары халқының талабын орынды деп санайды. Сондықтан, ол Үкімет басшысына бірнеше нақты ұсынысын берді:
* Тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға өтемақы аймақтағы тұрғын үйдің шаршы метрінің ағымдағы құнына сай берілуі қажет.
Мысалы, Атырау облысында жаңа тұрғын үйдің нарықтағы бағасы 1 шаршы метрі үшін 400 000 теңге құрайды. Өйткені, өңірде құрылыс материалдары қымбат. Атап айтсақ, Атырау облысында бетонның 1 текше метрі – 50 000, Алматыда сол бетон 16 000, Ақтөбеде 28 000 теңге тұрады. Алматыда 2700 теңге тұратын ПГС материалын Ақтөбеде 4000, Атырауда 9500 теңгеге аласыз. Күйдірілген кірпіштің бағасы Алматы қаласында – 36, Ақтөбеде – 100, Атырауда – 160 теңге. Атырауда басқа да құрылыс материалдары өзге өңірлермен салыстырғанда орта есеппен 70 пайызға қымбат;
*Су тасқынынан зардап шеккен, бірақ тұруға жарамды, жөндеуге келетін үйлердің 1 шаршы метріне 100 000 теңгеден төмен емес мөлшерде өтемақы төленуі қажет;
*Зардап шеккен отбасыларға берілетін біржолғы әлеуметтік өтемақыны 100 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) емес, отбасының әр мүшесіне 50 АЕК көлемінде тағайындалуы қажет;
*Қаза тапқандардың туыстарына 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы жәрдемақы белгіленуі керек. Су тасқынынан Құлсары қаласында 4 адам қайтыс болып, 4 отбасы асыраушысынан айырылып отыр;
*Су тасқынынан зардап шеккен Құлсары қаласын қайта реконструкциялап, жаңа «ЭкоҚұлсары» салу жобасын қарастыру қажет.
Әділ Орынбасарұлы өз сауалында «шын мәнінде, біз Атырау қаласын емес, Құлсарыны «мұнайлы астана» деуіміз керек. Ондағы 70 мыңға жуық тұрғынның тыныс-тіршілігі тікелей мұнай өндірісімен байланысты. Бірақ иен байлықтың үстінде отырған Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласының архитектуралы келбеті, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарының төмендігі, апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлердің көптігіне қарап, оны «мұнайлы астана» деуге ауыз бармайды», — деп ашына баяндайды.
Жылдар бойы үнсіз жатқан Жемнің кенет бұлқынуы шынында да Үкіметке ой салып отыр. Осы арқылы Жылыой ауданына ерекше назар аударылуы, аудан халқына өмір сүруге қолайлы жағдай жасалуы қажеттігін ұғындырғандай. Соны түсінген Мәжіліс депутаты Ә.Жұбанов Жылыой жерінде мұнайдан тапқан табыстың бір бөлігін осы ауданға бағыттап, ауданды Үкіметтің тікелей қамқорлығына алу қазіргідей қиын жағдайда саяси маңызды әрі дұрыс шешім болатынын Премьер-Министр О.Бектеновтің қаперіне берді.
Құдайшылығына келсек, дәл қазір Ә.Жұбановтың ұсыныстарын республикалық бюджет, Үкімет резерві, жергілікті бюджет және бюджеттен тыс қорлар қаржысы есебінен жүзеге асыруға қазіргі Үкіметтің толық мүмкіндігі бар. Тек батыл кірісіп, іскерлікпен әрекет етсе болғаны.
Назарбек ҚОСШИЕВ