Жарнама
Жаңалықтар

Қазыналы Қызылқоғаға 80 жыл толды

Қызылқоға ауданының 80 жылдық тарихы елге үлгі боларлық маңызды кезеңдерді қамтиды. Тайсойған мен Бүйрек құмдарының арасында орналасқан бұл өлке елдің дамуында өзіндік орны бар тарихи аймақ. Ауданның мерейтойына орай «Қазыналы аймақ Қызылқоға: бүгіні мен болашағы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, өңірдің өткен жолы мен болашаққа қойылған мақсаттары жан-жақты талқыланды.

Қызылқоға аудандық әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, мерейтой аясында ауданға арнайы келген Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев тұрғындарды құттықтап, ауданның дамуына үлес қосқан ардагерлер мен азаматтарға алғыс білдірді. Аудан басшысы Қанат Әзмұханов та өз құттықтауын жеткізіп, «Қызылқоға ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгілерін сала ардагерлеріне табыстады. Солардың ішінде, Қазақстанның атын әлемге танытқан паралимпиадашы Зарина Райфова да марапатталып, оған арнайы медаль мен 500 000 теңге сыйақы табысталды.

Мерейтойлық конференцияда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов, Жазушылар Одағының төрағасы Мереке Құлкенов және басқа да ел ағалары құттықтау лебіздерін білдірді. Ауданның құрметті азаматтары мен ардагерлерге түрлі марапаттар тапсырылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуында маңызды рөл атқарған тұлғаларға құрмет көрсетілді.

Конференцияның маңызды сәттерінің бірі – «Қызылқоға ауданының энциклопедиясы» кітабының тұсаукесері болды. Бұл кітап ауданның бай тарихы мен мәдениетін баяндап, оның әр саласындағы жетістіктерін қамтыған маңызды туынды ретінде жоғары бағаланды.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияның негізгі бөлімінде Қызылқоға ауданының даму тарихы мен әлеуметтік-экономикалық кезеңдері жайлы баяндамалар тыңдалды. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Ырзағалиев ауданның экономикалық даму жолдарын талқылап, Қызылқоға өлкесінің әр кезеңдегі табыстары мен жетістіктеріне тоқталды. Журналист, ақын және өлкетанушы Төлеген Жаңабаев «Құтты мекен Қызылқоға» тақырыбында баяндама жасап, ауданның мәдениет және білім салаларындағы жетістіктерін атап өтті.

Сонымен қатар, мерейтойға арнайы Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Болат Жұмағұловтың жетекшілігімен жазылған «Атырау облысының тарихы (көне заманнан бүгінге дейін)» үш томдық академиялық еңбегі таныстырылып, бұл кітап ауданның рухани және тарихи құндылықтарын тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді.

80 жылдық тарихы бар Қызылқоға ауданының бүгінгі жетістіктері мен болашаққа қойған мақсаттары ауданның әрі қарайғы өрлеуінің жарқын көрсеткіші болмақ.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button