Жұлдызы жанған жауынгерлер – Атырауда

DSC01365 Жаңалықтар

Atr.kz/17 мамыр, 2019 жыл.  Қарулы Күштердің басты міндеті – кез келген тосын жағдайға дайын болу. Сондықтан, әрбір сарбаздың жеке дайындығы, әскери бөлімдердің қарымқабілеті үнемі шыңдалып отырады.

Осы орайда ұйымдастырылатын байқаулар мен жарыстарда сарбаздардың қайсарлығы сынға түседі. «Батыс» өңірлік қолбасшылығының басшылары әскерилердің жаңа әдістәсілдермен жұмыс жасауына жан-жақты қолдау барын айтады. Мереке қарсаңында әскери қызметтің беделін арттыру мақсатында ж а у ы н г е р л е р д і ң жетістіктерін таразылағанды жөн көрдік.

АРТУР – ҮЗДІК МЕРГЕН

41433 әскери бөлімінің барлаушы-мергені, мергендер бөлімшесінің командирі, сержант Артур Адилов «Мергендер шебі» сайысына үшінші мәрте қатысады. Бұл жарыста оған тең келетін қарсылас жоқ десе де болады.

«Драгунов снайперлік винтовкасымен арнайы атыс жаттығуларын орындаймыз. Олардың ішінде 100 метр арақашықтықта орналасқан теннистік шармен пара-пар нысанаға атылатын «суық атыс» бар. Оған қоса тұтқынды босату үшін 200 метр арақашықтықтан және 500 метрдегі нысанаға барынша тигізу керек болады. Қазір тамыз айында өтетін жарысқа қызу дайындалудамын» дейді мерген Артур.

БІЗДІҢ ӘСКЕРИЛЕР – ЖҮЛДЕГЕР

« Б а т ы с » ө ң і р л і к қолбасшылығының әскери қызметшілер командасы Ұлыбританияда өткен «Cambrian Patrol-2018» жаяу патрульдердің халықаралық додасында қола медальді еншіледі. Белді сайысқа барлығы 37 елден 137 команда қатысты. Байқау Уэльс тауының Черных ауданындағы Сеннибридж полигонында өтті. Қазақстандық барлаушылар тобының командирі капитан Руслан Шәріповтің айтуынша, маршруттың жалпы ұзындығы 60-тан аса шақырымды құрады.

«Бізге қашықтықты 48 сағат ішінде еңсеруге тура келді. Жол-жөнекей тактикалық тапсырмаларды орындадық. Ал, тапсырма биіктегі су құламаларының қырлы болуымен күрделене түсті. Оның үстіне үнемі жаңбыр жауып тұрды», – деген Руслан сайыстан алған әсерімен бөлісті.

С а й ы с б а р ы с ы н д а қатысушыларға тек ағылшын тілінде сөйлесуге рұқсат берілді. Өзге тілдерге аудару жүзеге асырылған жоқ. Бірақ, үшінші нәтиже көрсеткен әскери қызметшілер үшін тілдік барьер кедергі болған жоқ. Ал, «Cambrian Patrol» халықаралық оқу-жаттығуы іріктелген әскери қызметшілер арасындағы ең күрделі әрі белді сайыстың бірі болып саналады.

КЕШЕНДІ ТЕКСЕРІСТЕН СӘТТІ ӨТТІ

Қазақстанның Қарулы Күштерінде Әскери-әуе күштерінің авиациялық топтамасы мен арнайы бөлімшелердің «Алтын жебе» кешенді тексерісінде Атыраудағы 41433 әскери бөлімінің тобы үздік атанды. Әскерлердің іс-қимылдары ұшқышсыз ұшу аппараттары және жаңа радиотехникалық құралдардың қолданылуымен бақыланды.

Нәтижесінде, «Алтын жебе» тексеріс барысында 41433 әскери бөлімінен жасақталған үш топтың біреуі үздік атанса, екіншісі үшінші орынға табан тіреді. «Алтын жебе» кешенді тексерісінің негізгі мақсаты – арнайы бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігінің жай-күйі мен белгіленген мерзімде кез келген жауынгерлік тапсырманы орындай алу қабілеттілігін тексеру. Сондай-ақ, барлық санаттағы әскери қызметшілердің далалық машықтары мен кәсіби дайындықтарының деңгейін арттыру.

P.S. Әскер – мемлекеттің айбыны. Ал, әскердің қуаттылығы ондағы техниканың күшімен және сарбаздардың мықтылығымен өлшенеді. Иә, Отан алдындағы жауынгерлік парызына адал әскерилер қай кезде де алғысқа лайық.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз