Қазіргі дамыған Қазақстан – Елбасының арқасы – Тоқаевтың инаугурациядағы сөзі
Елбасы қазақ мемлекетінің негізін қалаушы ұлы тұлға.
Аса Қадірлі Елбасы, Құрметті Отандастар! Ең алдымен маған зор сенім артып, қолдау көрсеткен барша Қазақстан халқына алғыс айтамын!
Бұл сайлау шын мәнінде демократия талаптарына сай өтті, сайлау алаңында нағыз ашық бәсекеге түсу мүмкіндігі болды. Барлық саяси күш өкілдері қатысты. Саяси бағдарламалар сайысқа түскен әділ дода болды. Сайлау – бұл қатысушылардың пікірі ғана емес, жеңіске жететін жарыс дейді. Расында, әділ пікір. Осы өте маңызды саяси бәсекеде біздің халқымыздың даналығы, парасаты жеңді. Сондықтан бұл жеңіс – халқымыздың жеңісі.
Біз бір ел болып, халық болып Қазақстанның алдағы даму жолын бірге айқындадық. 9 маусымда Қазақстанның жарқын болашағы үшін дауыс берген әрбір азаматтың пікірі біз үшін өте маңызды. Өйткені халқымыздың татулығы, ынтымағы, бірлігі – біздің ең басты құндылығымыз. Осы құндылықты көздің қарашығындай сақтау – баршамызға ортақ парыз. Сондықтан президент ретінде халқымызға мынаны айтқым келеді: еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін. Түрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды, бастамаларды мен өз жұмысымда міндетті түрде ескеремін. Ашық және әділ жұмыс істеймін. Біз үшін ең маңызды міндет – заңға сай адал қызмет ету. Біздің бір ғана отанымыз бар. Тағдырымыз бір. Біз халқымыздың жарқын болашағы үшін бәріміз бірге еңбек етеміз. Ақиқатын айтуымыз керек, бұл сайлауда біздің азаматтарымыз Елбасының стратегиялық бағдарын қолдап дауыс берді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл әлем мойындаған даму моделін жасады. Қазақстанның көк туын дүниежүзінің түкпір-түкпірінде желбіретті. Осы күндері менің атыма азаматтарымыздан көптеген өтініш-тілектер келіп түсуде. Олардың бәріне ортақ бір ғана тілек, Елбасымыздың жолын, стратегиясын сақтау және оны одан әрі нығайту. Шын мәнінде, халықтың дәл осындай өтініш-тілек айтуы заңды, орынды. Себебі қазіргі замандағы дамыған Қазақстан – бұл ең алдымен Елбасының арқасы.
Елбасы қазақ мемлекетінің негізін қалаушы ұлы тұлға. Ол жаһандық деңгейдегі мемлекте қайраткері, әлем тарихына дәл осылай жазылды. Елбасының халқымыз үшін және әлем қауымдастығы үшін сіңірген орасан зор еңбегін әрқашан құрметтеу – бәрімізге ортақ парыз.
Қадірлі қауым! Менің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарым – бұл үлкен міндеттің алдындағы халықпен кеңесу болды. 2019 жылдың 13 мамырында «Бірге» жалпыхалықтың акциясы басталды. Оның басты мақсаты – ел дамуындағы ең маңызды міндеттерді анықтау. Қазақстанның барлық аймақтарынан түрлі ұсыныстар жиналды. Бүгінге дейні 540 мыңға жуық ұсыныс-тілек келіп түсті. «Бірге» акциясына қатысып, азаматтық белсенділік танытқан барша халыққа шын жүректен алғысымды білдіремін!
Азаматтар барлық жерде әділдік орнауын қалайды
Енді біз қоғамдағы өзекті мәселелерді айқын көріп отырмыз. Оны шешу жолдарын білеміз. Бүгін халықты ең алдымен не мазалайды? Ең бірінші – азаматтар барлық жерде әділдік орнауын қалайды. Әлеуметтік саясаттан бастап мемлекеттік органдардың халыққа әділ қызмет көрсетуін талап етеді. Халықты толғандырып отырған басты мәселе – табыс көлемінің азаюы. Халықаралық қаржы нарықтарының тұрақсыздануы, теңгенің девальвациясы халықтың табысына кері әсер етті. Миллионнан астам азаматтарымыз банктен несие алуға мәжбүр болды. Табысы жоғары және төмен азаматтардың арасындағы алшақтық бізді мазалайтын тағы бір өзекті мәселе. Әрине, мұндай құбылыстар бүкіл әлемде бар. Дегенмен, тоқмейілсіп отыра беруге болмайды. Сондықтан дәл осы өткір әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселені шешу үшін ортақмерзімді кешенді шаралар қабылдау қажет. Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл хәлі қазір көпшіліктің көкейіндегі мәселе. Сондықтан елімізге бірыңғай экологиялық саясат қажет. Қоршаған ортаны қорғау жүйесіне серпін беретін жаңа экологиялық кодекс қабылдау керек. Келесі өзекті мәселе – халықты ауыз сумен қатамасыз ету. Таза ауыз су әрбір үйде, әрбір отбасында болуы міндет. Халықты мазалайтын тағы бір маңызды мәселе – жолдардың сапасы. Сол себепті автожолдардың жағдайын жақсарту – біздің негізгі мақсаттарымыздың бірі.
Келесі маңызды бағыттарға баса мән беруіміз керек.
Бірінші бағыт – халықтың табысын арттыру. Тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады. Ең алдымен өсім бізге не үшін қажет екенін терең түснуіміз керек. Азаматтарымыз өз елінде тұрып, еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеп, халқымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, мақтан тұтуы үшін экономикалық өсім болуы тиіс. Таяу арада үкіметтің кеңейтілген отырысында біз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған нақты міндеттерді айқындаймыз.
Екінші бағыт – сыбайлас жемқорлықты жою. 1 қыркүйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалады. Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз.
Үшінші бағыт – сот және құқық қорғау жүйесін реформалау. Сот – заң үстемдігінің кепілі. Сондықтан судьялар жоғары кәсіби және адамгершілік талаптарына сай болуы – бұл үлкен міндет. Судьялар мен осы қызметке үміткерлерді бағалау және іріктеу жүйесін қатаңдату керек. Сот – әділдіктің соңғы шегі болуы тиіс. Құқық қорғау жүйесінің басты міндеті – халықтың сеніміне ие болу.
Төртінші бағыт – жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту. Ұлттық табысты әділ бөлу мәселесі – бұл стратегиялық маңызды дүние. Мемлекеттік бюджеттің қаражатын ең алдымен келешегі зор мақсаттарға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бөлу қажет.
Бесінші бағыт – тұрғын үй мәселесін шешу. Түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аударамын. Біздің алдымызда бірыңғай тұрғын үй саясатын жасақтау міндеті тұр. Үкімет осы бағытта нақты шаралар қабылдайды.
Алтыншы бағыт – әділетті әлеуметтік саясат. Біз адам капиталын дамыту саясатын жалғастырамыз. Бұл бағытта ең алдымен не істеуіміз қажет? Жаппай білім беруді қолдау, барлық тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету. Бұл мәселелер бойынша біздің тұтас бағыт-бағдарымыз бар. Біз мұғалімдердің және дәрігерлердің мәртебесін көтеретін жаңа заңдар қабылдаймыз. Олардың құқығын қорғап, материалдық жағдайын жақсарту үшін тиісті жағдай жасаймыз.
Жетінші бағыт – өңірлерді дамытудың жаңа бағдары. Біздің қағидамыз баршаңызға мәлім. Қуатты аймақтар, қуатты Қазақстан. Азаматтарымызды толғандырған нақты мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Аймақтағы қордаланған мәселелерді шешуге халық белсене араласатын болады.
Сегізінші бағыт – рухани жаңғыру құндылықтары біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, отанға адал болу, ғылым-білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Бұл қасиеттер біздің халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады. Қазақстанды болашаққа бастайтын – жастар. Сондықтан бұл бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет.
Қымбатты отандастар! Алдымызда ауқымды жалпыхалықтық міндеттер тұр. Мақсатымыз айқын, жолымыз ашық. Қазақстан жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар еліне айналды. Оның игілігін жастар мен келешек ұрпақ көреді. Біз бабалар дәстүрін қастерлейтін, жаһанның озық жетістіктеріне ұмтылатын халықпыз. Бұл біздің күш-қуатымыздың діңгегі. Біз алдымыздағы барлық қиындықтарды бірге еңсереміз. Біз қуатты әрі гүлденген Қазақстанның өркендеуі үшін бірге еңбек етеміз. Антқа адал болу, сертке берік болу – менің халық алдындағы парызым. Қазақстанның жарқын болашағы үшін, халық үшін аянбай еңбек етуге серт беремін!
Баршаңызға амандық, құт-береке тілеймін! Қасиетті отанымыз – Қазақстан Республикасы жасай берсін!