«Қазір сынның деңгейі төмен»
Atr.kz/28 қазан, 2019 жыл. Біздің кезекті сұхбатымыз әдебиет және өнер сыншысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия БӨПЕЖАНОВАМЕН өрбіді.
– Қара алтынымен, бекіре балығымен танылған өлкенің өнер өлшемі қандай екен?
– Оқыған, көрген-білген адам ретінде Атырауды толықтай білем деп ойлайсың. Бірақ, ол жәй ғана факт екен. Жалпы, осы өлке тарихын зерттеу мақсатында біраз деректердің бетін ақтарып, көптеген кітаптарды шолып шығуға тура келді. Сол арқылы көп дүниеге көз жеткіздім. Біріншіден, алғашқы театр осы Батыс өлкеде, Бөкей ордасында құрылған екен. Ал, біз оны сонау Шығыс аймақта бастау алған деп жатамыз. Сөйтсек, көптеген қойылымдар, өнер туындылары осы батыс өлкеден бастау алғанына көз жетті.
Екіншіден, біз алғашқы мектепті Торғай жерінде Ыбырай Алтынсарин ашты дегенге өзімізді сендіріп алдық. Ал, зерттей келе, алғашқы мектепті осы өңірде Жәңгір ханның ашқаны белгілі болды. Үшіншіден, бұл Алаштың белгілі ғалымдарының, танымал тұлғалардың түлеп ұшқан мекені екен. Төртіншіден, Алашорданың белгілі екі орталығын білеміз ғой. Бірі – Шығыста, екіншісі – осы Батыс жерінде. Біз көбіне, Шығыстағы Алашорда орталығын негізге алып сөйлейміз. Бірақ, Батыс аймақтағы орталығын да сол деңгейге көтеріп насихаттау керек екенін ұмытпағанымыз жөн.
– Бүгінгі қазақ әдебиетіндегі үрдіс қандай? Оған сіздің көзқарасыңыз қалай?
– Әр дәуірдің, әр кезеңнің өз ерекшелігі болады. ХХ ғасырдың 50-70-ші жылдары әдеби үдеріс неге қарқынды болды деген дүниені тарихи оқиғалармен бірге байланыстыра қарау керек. Өйткені, ол – сұрапыл соғыстың жеңіспен аяқталып, адамдардың жақсылыққа құмартқан кезі. Бейбітшілік, жылылық, мейірім деген түсініктерді қазаққа сол кезде әдебиет әкелді. Әдебиетті ештеңеден бөліп қарауға болмайды. Сол кезде қазақ әдебиеті әлемдік үрдістің бір бөлігі болды. Сол арқылы ұрпақ жетілді, өсті.
Ал, қазір олай емес деп айта алмаймын. Себебі, қазір де жақсы әдебиет жасалып жатыр. Бірақ, Зейнолла Серікқалиұлы секілді неге танымалдылық, неге ұлтта ізденіс жоқ деп ойлайсыз? Өйткені, қазір адам баласының қызықтайтын дүниесі көп. Ғаламтор бар, ойын-сауық бар, түрлі орындар бар. Соның кесірінен қазір көп нәрседен ажырап бара жатырмыз. «Әдебиет – дінмен сабақтас» деген тәмсіл бар. Дін адамды уағызбен ізгілікке шақырады. Әдебиет те ізгілікке шақырады, бірақ, көркем образдармен. Меніңше, әдебиет өз орнында. Бірақ, әдебиетке қатысты мәселенің бәрі мемлекеттік жүйенің құзырында болды. Ал, қазір өзгеше. Бұрын халық рухани бай болды.
– Қазіргі әдебиет сынының миссиясы жөнінде не айтар едіңіз?
– Негізі, көбі сынды сынау деп түсінеді. Сын – шығарманы мақтау, не даттау емес. Ол – сол шығармадағы оқиғалар арқылы қоғамдағы үрдісті талқылау. «Ананы сынады, мынаны сынады» деп жатамыз. Қазір сынның деңгейі төмендеп кетті. Бұрын кітап сататын дүкендер көп болушы еді. Ал, қазір іздеп жүріп әрең табамыз. Бұрын шопандардың өзі қолына бір-бір кітап ұстап жүретін. Олар оқығанда шығарма ішіндегі оқиғаны ғана айтуы мүмкін.
Ал, сыншы, жаңағы айтқандай, оқиғалар арқылы жазушының не айтпағына талдау жасайды. Сол арқылы ғана ол сын болады. Сын шығарманың түп-төркініне үңілу. Сын – үшінші шындық. Міне, біздің сөйлесіп отырғанымыз – бірінші шындық. Осыны жазушы жазып шықса, ол – екінші шындық. Ал, егер сол шығармаға сын жазылса, міне, үшінші шындық – осы.
– Сыншы ретінде біреуге қатты айтып, ренжітіп алған кездеріңіз болды ма?
– Жас кезімізде болған шығар. Бірде жұмыста отырсам, белгілі сыншы ағамыз Сағат Әшімбаев телефон соғып, келуімді өтінді. Кабинетіне барсам маған бір роман берді де, «осыған сын жазып әкел» деді. «Жарайды, үш күнде бітіріп әкеліп беремін» деп шығып кеттім. Төрт-бес күннен кейін роман туралы 8 беттік сынымды құшақтап, Сағат ағайға кіріп бардым. Оқып отырып: – Әлия, сонда бұл роман саған шынымен ұнамады ма?- деп бірнеше рет сұрап қоймады. Содан ашуланғандай болып, «бәрін жаздым ғой» деп шығып кеттім.
Кейін газет ақтарып отырсам, менің сыным шығыпты. Бір қызығы, ол сынның тек үштен бір бөлігі ғана тұр екен. Алғашында ренжіп қалып едім, кейін оқып қарасам, мүлде басқа. Сол кезде менің айтайын деген ойымды ол кісі өте мәдениетті түрде жеткізіпті. Сын мәдениетті болуы керектігін Сағат ағалардан үйрендім. Солардың жанында жүріп, осы қалыпқа түстім ғой деп есептеймін.
– Әуелден сыншы боп танылдыңыз. Кейін Асқар Сүлейменовтей сарабдал сыншыға жар болдыңыз. Жалпы, екі сыншының отбасындағы үйлесімділік қандай болды?
– Асқар Сүлейменов, Зейнолла Қабдолов, Зейнолла Серікқалиев – менің ұстаздарым. Асекеңе де мен алғашында шәкірт болдым ғой. Мен өзі бала күнімнен жігіттермен жақсы араласып, дос боп кететінмін. Газетте жүрген кезімде де айналам толған жігіттер. Солар қайда барса, мен де сол жерге барамын. Еркін болдым. Солай жүргенде тағдырдың жазуымен Асекеңмен шаңырақ көтердік. Отбасында үйлесім болды. Бізді рухани дүниелер жарастырды деп ойлаймын. – Көркем әдебиет болған жерде, сын міндетті түрде болады. Осы жолда талмай еңбек етіп жүрген сізге толағай табыс, шығармашылық жетістік тілейміз.