«Қазір шапаны әртүрлі, мақамы бірдей айтыскерлер көп…»
Atr.kz/2 қазан, 2019 жыл. Кезекті кейіпкеріміз – айтыскер ақын, әнші-сазгер Жәкен ОМАРОВ.
– Оңтүстіктің тумасы болсаңыз да Атырауға деген айрықша пейіліңізді «Ақ құрдастарым Атыраудағы» атты әніңізден аңғарғандаймыз. Бұл туындының шығуына не түрткі болды?
– Бұл әннің жарыққа шығуына бірнеше себеп бар. Алғашқысы – Атыраудың маған деген ыстық ықыласы. Сосын – құрдастарымның ерекше құрметі. Құлсары мен Құмшағыл арасындағы қасиетті жерлермен, тарихымен таныстырды. Сарайшыққа апарып, сан ғасырлық құндылықтарды көзбен көрдім. Сейіт баба мен Құрманғазы атамыздың басына да зиярат ете бардық. Көрген дүниелер көкейде сақталып, көкіректі ән болып жарғандай. «Ембімұнайгаз» кәсіпорнының мерейтойлық шарасы аясында өткен ақындар айтысында досым, марқұм Салауат ақын «Сазгер атың бар, сыйластығымыздың символы боларлық Атырау жайлы бір ән жазсаңшы» деп қолқа салды. Дос тілегін қабыл көріп, арадағы алтын көпірге айналған осы бір әнді жаздым.
– Жанға жаққан жақсы әннің шығуына себепкер Салауат Исахаевпен қалай таныстыңыздар? Әнді халық қалай қабылдады?
– Ортамызды сыйластық желісі жалғағалы отыз жылға жуықтады. Бозбала шағымызда Павлодарда айтыста танысып, әңгімеміз жарасып, жақсы жолдасқа айналдық. Он сегіз жасымызда тайқұлындай тебісіп, тұлпар болып танылғанша сыйластығымызға сызат түспеді. Әнге келсек, халық жақсы қабылдап, оң бағасын беруде. «Біздің елдің жігіттері» әнім шыққанда Алаш азаматтары бір арқаланып қалса, бұл туындыдан да атыраулықтар арқаланар рух алды деп ойлаймын. «Әнді сен жазсаң да, жұрт маған алғыс жаудырып, абыройым бір көтеріліп қалды» дейтін, жарықтық досым.
– Әннен бұрын, әуелі айтыс өнерімен атыңыз озды. Бірақ, соңғы жылдары сөз сайысынан сирек көретін болып жүрміз. Неге?
– Соңғы жылдары айтыстан алшақтап, ғылым жолын бетке алғаным рас. Әсіресе, оңтүстік мақамдарын зерделеп, зерттеуге ден қойдым. Оның ішінде Майлықожа мақамдары менің басты бағдарыма айналды. Ғылыми диссертациямды да сол бойынша қорғадым. Текті сөздің төресі – терменің зерттелуі кенже қалмас үшін тер төккенім бұл. Мақамдардың мән-жайын терең сараптау атадан қалған аманат деп ұқтым. Жалпы, мақам мәселесі айтыста да бар. Шапаны әртүрлі болғанымен, мақамы бірдей айтыскерлер көп-ақ. Меніңше әркімнің өз үні мен үрдісі болуы тиіс. Әнде де өзіне тән мінез болмаса болмайды. Құрдастар жайлы әнге де атыраулық мінез беру үшін осы елдің сөздерін қосқаным да сол себепті.
– Бүгінгі айтысқа берер бағаңыз қандай?
– Қазір айтыс – өте жоғары деңгейде. Біздің жастық шағымызда да сөз өнері өз биігінен құлаған емес. Тәушен, Әселхан апаларымыз, Мэлс ағамыз, ұстазым Қаныбек сынды сөз сардарлары асыл өнердің абыройын асқақтатты. Солардың ізін жалғар ақындар да аманатқа қиянат жасамады. Ойлары ұшқыр, өлеңдері көркем өрендер өсіп келеді. Дайындыққа тыңғылықты келгесін деңгейі де өз дәрежесінде. Соған сай тыңдарманның да талғамы жоғары. Әсіресе, атыраулық ағайынның айтысқа ерекше пейілі бар. Сөзді түсінеді, бағалай біледі.
– Өзіңіздің өнердегі өзегіңізге айналған Майлықожаны жетер жеріне жеткізе зерттей алдыңыз ба?
– Жоқ! «Білетінім – бір тоғыз, білмейтінім – тоқсан тоғыз» демекші, бабамның біз біле бермейтін бағалы мұрасы көп-ақ. Өте білімді болған Майлықожа көрген-білгенін жыл сайын арнайы Ташкентке барып, кітап қылып басып шығарған. Аласапыран жылдары қудалаудан қашып, бір сандық кітапты суға ағызып жіберген деседі. Өте өкінішті. Десек те, Асылхан Оспанұлы «Майлықожа мұрасы» аталатын үлкен еңбек жазып, олқылықтың орнын толтырды. Бірақ, әлі де зерттеп, насихаттауды қажет етеді. «Атаананың қадірі» атты жалғыз термесінің өзі мені бірталай бедел биігіне көтерді.
– Термеден бөлек Жаратушыны ұлықтайтын діни әндердің де авторы, әрі орындаушысыз. Бұл салаға қалай келдіңіз?
– «Жүректің көзі ашылса» дегендей, Алланың қалауымен діни сауатымыз дұрысталғасын беттедік бұл берекелі іске. Атам – Құран ұстап, Құдайын ұмытпаған жан. Ардан аттамай, Алланың атын ұлықтап жүруім – қанмен келген қасиет. Түркияда білім алып жүргенімде әр ұлттың жігіттері өз тілінде діни әндерін айтып, таңдай қақтыратын. Қасымдағы жігіттер қазақ тілінде де осындай ойлы әндер болса деген ниет танытып, мені қолқалады. Сонда алғаш «Зікірулла» әні туды. Кейінірек Тәңірдің қалауымен «Нұрулла», «Хикметулла» дейтін туындыларым тыңдарманын тапты.
– Сізді сазгер ретінде танытқан Есенқұл Жақыпбековтың сөзіне жазылған «Біздің елдің жігіттері» мен «Өзіңді аңсап» әндері ғой. Есенқұл ағамен арадағы сыйластық жайлы айтып берсеңіз.
– Ғ а ш ы қ т а р д ы ң әнұранындай болып кеткен «Өзіңді аңсап» әні шыққанда Есағаң қырықтар шамасында, мен он тоғызда едім. Ағаның ақ адал жүрегінен жарып шыққан жырды мен бала жүрек ғашықтығыммен әнге айналдырдым. Сол сәттен ақын ағам менің сазгерлігімді мойындай бастады. Ал, жігіттердің жігерін қайраған ән Ұзынағаштай ұлттың алтын ұясынан түлеген ұлдарға арналды. Ағаның әңгімесінен батырлар мен ақындар, билердің бейнесі көз алдыма келді. Сол бабалардың даңқты жолын жалғар жолбарыс жүрек жігіттер де жоқ емес екеніне көзім жетті. Ағама алғаш орындап бергенде жанарына жас алып, арқамнан қақты. Кейін осы әннің кейіпкеріне де орындап беріп, оң бағасын алдық.
– Арғы аталарыңыз Алласын ұмытпаған иманды жандар екенін айттыңыз. Ата-ана, бауырларыңыз, бала күнгі арман жайлы да біле отырайық.
– Сегіз баланың төлбасы болғасын атамның бауырында өсіп, «шалдың баласы» атандым. Әкем сауда саласында, анам мектепте мұғалім болды. Бауырларым үйлі-баранды, бір-бір шаңырақтың түтінін түтетуде. Өзім – бес баланың әкесімін. Бала күнімде әскери қызметкер болуды армандадым. Бірақ, ауылға көлік келмей қалып, емтихан тапсыруға кешігіп қалдым. Десек те, Құдайдың қалауы сол болар, өнердің сардарына айналдық. Қаруым – қара домбырам мен қызыл тілім.
– Әнді аз жазсаңыз да саз жазасыз…
– Оннан астам әнім бар. Оны жазу көктемде дән сеуіп, күзде орып алатын егін емес қой. Ой мен сезім толық пісіп, жетілгенше күту қажет. Жұрт тыңдайтын дүниеге жүрдімбардым қарамаған абзал.
– С і з д і т а ғ ы б і р ерекшелейтін дүние сырнаймен айтысуыңыз. Неге сырнай?
– Сырнай, ол – аманат. Менің қолымдағы сырнай – Нартайдікі. Одан Көпбай ақын алып, ұстазым Қаныбекке табыстаған, ол кісі маған аманаттады. Қылдай қиянат жасауға қақым жоқ.
– Ендігі кезек кімде?
– Белгісіз…
– Соңғы жылдары мәдениетімізге мән беріліп,руханиятымыздың тамырына қан жүгірді. Алайда, толғау мен термені кенже қалдырғандаймыз. Таң асыра тоқтамайтын жыршылар да жоқтың қасы…
– Біздің ауылдың қарттары терме айт демейді, теріп таста дейді. Бұл дегені – сөздің асыл маржанын теріп тұрып айт дегені. Шариғаттан шала білімді, ұлттың ұлағатын сезінбейтін жан терме айта алмайды. Терме айтып, нәпақа тауып, атақ алам деу – бос әуре. Бұл – насихаттың төресі.
Сұхбаттасқан:
Балауса ПУШКИНҚЫЗЫ