Қазақтың ГАМБУРГЕРІ бауырдақ туралы не білесіз?
«БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ «ДӘСТҮР ЖӘНЕ ҒҰРЫП» АРНАЙЫ ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ҚОЛДАУЫМЕН «ЖЕТІ ЖАРҒЫ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫ ЖӘНЕ Х.ДОСМҰХАМЕДОВ АТЫНДАҒЫ АТЫРАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН ЖАТАҚХАНА СТУДЕНТТЕРІ АРАСЫНДА ӨТКЕН «ҮЗДІК АСПАЗ» САЙЫСЫНА ҚАТЫСУШЫЛАР БАУЫРДАҚ ДЕП АТАЛАТЫН ТАҒАМ ТҮРІН ҰСЫНДЫ.
Дəмді бауырсақ, сақталған сыбағадан асылған қазақша ет, тойымды көже, майлы құрт, бабымен қайнаған сары секер. Студенттердің, соның ішінде жатақханада жататын жастардың қолы жете бермейтін осынау тағамдар аталған сайысқа байланысты арнайы дайындалыпты. Əр жатақхананың намысын қорғаған «Балауса», «Қырмызы», «Болашақ» топтарының қыздары сайыс ережесіне сай, топтарын таныстырып, дайындаған тағамдарының тарихы мен жасалу жолын баяндады. Бұдан соң видео турда арнайы түсірілген жазба көрсетілді. Креатив пен заманауи мүмкіндіктерді пайдаланған бұл кезең де қызыққа толы болды.
– Біздің мақсатымыз – жатақхана студенттерін қамту. Өйткені, өздері тамақ пісіретіндіктен, мүмкіндіктеріне қарай, кейбір кездерде құнары аз, тез дайындалатын тағамдарға бейім болатыны да жасырын емес. Сондықтан, студенттер арасында ұлттық тағамды насихаттау арқылы нəрлі тамақтарды жеудің маңызы зор екенін ұғындырғымыз келді, — дейді «Жеті жарғы» қоғамдық қорының директоры Абылай Құрметұлы.
Атырау университетінің жастар саясаты департаментінің бөлім жетекшісі Сайран Сабырұлы мұндай конкурс қазақы ғұрып, ұлттық тағамдарды кеңінен насихаттаумен қатар, студенттердің оқудан тыс уақыттарын тиімді пайдалануға жұмылдыра отырып, бірлікке, достыққа шақыруға үндейтінін атады. «Қызығы сол, аталған сайысқа жатақханада жатпайтын студенттер де қатысуға ниет білдірді. Оған қоса, ер балаларды да тарту мақсатында оларға ұсыныс айттық» дейді ол.
Гүлрайхан Нармағамбетова – Махамбет ауданы Ортақшыл ауылының тумасы, бүгінде инновация факультетінің III курс студенті. «Бірінші жатақхананың 2 қабатында тұратын қыздардың намысын қорғап шықтық» деген ол жаңа, заманауи тағам түрін ұсынды.
«Біздің дайындағанымыз – бауырдақ, яғни, бауырсақ пен қуырдақтың қосындысы дегенді білдіреді. Қазіргі қолжетімді фастфудтардың ең арзаны 1000 теңгеден кем емес. Ал, біз бауырды кішкене көлемде сатып алдық, демек арзанға шықты. Бұл тағам тойымды. Кəдімгі гамбургер с е к іл д і д а й ы н д а л а д ы . Бауырсақ тəрізді күлшенің арасына бауыр қосылған. Дəл осы тағамды қазы қосып та дайындадық. Бірақ, ол қымбатқа шығатындықтан, бауыр күнделікті жеу үшін, ал, қазымен дайындалғаны – стипендия түскен кезде жеуге болатын тағам» дейді күліп.
«Қырмызы» тобы ұсынған комбоның құрамында шоққа піскен картоп пен сусын ретінде жеңіл көженің болуы да көңілдерден шықты.
К ө п т і л д і б і л і м б е р у факультетінің ІІ курс студенті Диана Əділбаева топтың атын «Қырмызы» деп атау арқылы қазақ қызын бейнелегендерін айта келе, қазақилықтан да аттамай, заманауи əдістен де алыстамай дайындаған жаңаша фастфуд өнімінің Алматы қаласында кең қолданыста екенін жеткізді: «Бұл желі Атырауда да ашылса, тіл үйіретін дəмімен қоса бағасының қолжетімді болуымен де сұранысқа ие болар еді». Қызықты сайыс соңында қатысушыларға тұрмыстық техника сыйға тартылып, ж ү л д е л і о р ы н и е г е р л е р і анықталды.
Гүлжан ƏМІРОВА
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ