Жарнама
Жаңалықтар

Қазақстанға 23 елден жол саласының өкілдері келді

Астана қаласында Дүниежүзілік жол қауымдастығының (PIARC) құрамына кіретін 23 елден келген 50-ге жуық жол саласының маманы бас қосты. 2023 жылы Қазақстан алғаш рет қауымдастықтың Атқарушы комитетінің мүшесі атанып, төрт жылдық өкілетке ие болды. Араға екі жыл салып, елімізде өзге мемлекет өкілдерінің қатысуымен комитеттің жаңа құрамының отырысы өтті, — деп хабарлайды республика Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.

Отырысты Көлік министрі Марат Қарабаев ашты. Министр жол инфрақұрылымын дамытуда серіктестікті нығайтудың, заманауи шешімдерді енгізу мен тәжірибе алмасудың маңызын атап өтті.

PIARC қауымдастығының Құрметті Президенті Назир Алли ұйымдастырылған шара үшін Қазақстан тарапына алғыс білдірді. Оның айтуынша, бірлескен жұмыс тұрақты әрі қауіпсіз көлік жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Отырыс барысында қатысушылар PIARC-тың 2025–2029 жылдарға арналған жұмыс бағыттарын талқылады. Негізгі тақырыптардың қатарында жолдарды жобалау мен пайдалану тәсілдерін жаңғырту, жол қауіпсіздігін арттыру, жаңа технологияларды енгізу және нормативтік стандарттарды жетілдіру бар.

PIARC – әлемнің 140-тан астам елін қамтып, жол саласының мамандарын біріктіретін беделді халықаралық платформа. Қауымдастықтың басты миссиясы – жаһандық білім алмасуға жағдай жасау, заманауи тәсілдерді қалыптастыру және жол инфрақұрылымы саласындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайту.

PIARC Атқарушы комитетінің жаңа құрамының алғашқы отырысының елімізде өтуі – Қазақстанның халықаралық көлік саласындағы рөлін анықтап, тиімді әріптестік құру жолындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button