Қазақстандықтар құмар ойындарға үш жылда триллион теңгеден астам қаржы жұмсаған
Атырауда ҚР Мәжілісінің депутаты Руслан Берденов, «Respublica» партиясы Орталық аппаратының басшысы Бақытбек Хамит, партияның облыстық филиал төрағасы Ғалымжан Өтебаев, мемлекеттік және қоғамдық ұйым өкілдерінің қатысуымен «Ойынқұмарлық – қоғам дерті» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстел барысында депутат букмекерлік кеңселер мен құмар ойындарды қылмыс тудыратын елдегі ең күрделі мәселелердің бірі деп атады. Бас прокуратураның мәліметінше, 2022 жылы 157-ден астам қылмыстық құқық бұзушылық жасалған. Олардың 20% немесе 31 мыңнан астамы құмар ойындар негізінде жасалған.
«2022 жылғы статистикаға сәйкес, 3676 суицид фактісі жасалған. Олардың әрбір бесіншісін құмар ойындарға әуес адам жасайды», — деп атап өтті Руслан Берденов.
Сондай-ақ, соңғы үш жылда біздің азаматтар құмар ойындарға 1 трлн теңгеден астам қаражат жұмсаған. Бұл алаңдаушылық туғызбауы мүмкін емес.
Талқылау барысында басқа елдердің мысалдары келтірілді. Мәселен, Қырғызстанда букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың қызметіне тыйым салынады. Ал Оңтүстік Корея мен ҚХР-да құмар ойындарға ресми түрде тыйым салынған. Онлайн-казино ойыншылары түрме жазасына кесіледі. Сонымен қатар, құмар ойындарды жариялаған барлық интернет-сайттар қатаң цензураға ұшырайды.