Қазақстандық компаниялар қытайлық мамандардан бас тартты
Atr.kz/27 ақпан, 2020 жыл. Бұған ҚХР-ын жайлаған аса қатерлі вирус себеп болып отыр.
Бейресми деректерден белгілі болғаны – таяу арада Атырауға Қытайдан 9 маман келуі тиіс еді. Москва арқылы келетін Қытай азаматтарын Атыраудағы біздің үш компания күтіп отырған болатын.
Алайда, ҚХР-да коронавирустың жаңа түрінен пайда болған пневмония етек алуына байланысты, бүкіл әлемдегі сияқты, Қазақстанда санитарлық бақылау шаралары күшейтілді.
Денсаулық ахуалына қарамастан, ҚХР-нан келетіндер 14 күн бойы медициналық бақылауда болуы тиіс.
- Бүгінде Қытайдың өзі орасан зор карантин аумағына айналды. Осы жағдайды ескере отырып, қазақстандық компаниялар қытайлық мамандардың қызметінен бас тарту туралы шешім қабылдады. Бұл туындауы мүмкін қауіп-қатерден сақтану үшін жасалды,-деді «Мәтен Петролеум»-нің ОТД ТБ бөлімінің бастығы Темірбек Қайырғалиев.
Облыс аумағына қытай азаматтарының келуі туралы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде түрлі қауесет тарауына байланысты, Атырау облысының әкімдігі тұрғындарды тек ресми және тексерілген ақпаратқа сенуге шақырады.