Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы алғашқы кеңсе Атыраудан ашылды
Atr.kz/27 қаңтар, 2020 жыл. Аталмыш кеңсе — өткен жылы еліміздегі жемқорлық деңгейі жоғары университеттер арасында (“Jas Otan” нұсқасы б/ша) 2-ші орын алған С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің жанынан құрылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі аймақтық штабтың басшысы Олжас Сүлейменнің айтуынша, мұндай кеңсе — Қазақстанда бұрын-соңды болмаған. Бұл облыс үшін үлкен жетістік.
— Осы үшінде Атырау мұнай және газ университетіне алғысымызды білдіреміз. Өйткені, кеңсе дәл осы білім ордасында орналасқан. Біз алдағы уақытта барлық жұмыстарды облыс көлемінде атқаратын боламыз. Басты міндет — сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты мемлекеттік органдар мен жастарға насихаттау, халық арасында мәдени тұтастықты қалыптастыру. Штаб құрамына өңірдің қоғамдық пікір көшбасшылары, блогерлер мен аймақ ақсақалдары кіреді, — дейді Олжас Сүлеймен.
Жиында алғаш болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Айбек Крамбаевтың айтуынша, «Атырау адалдық алаңы» жобалық кеңсесі — облыс әкімдігі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет арасында жасалған келісім негізінде ашылған. Мұнда азаматтарға қолайлы жағдайлар жасалып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде.
— “Transparency International” халықаралық ұйымының мәліметіне сәйкес, сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі рейтингісінде Қазақстан — 2019 жылдың аяғында 180 елдің ішінде 113 орынға және Орталық Азия елдері арасында 1 орынға ие болған. 2018 жылы 124-ші орынды иеленген болатынбыз. Тоғыз позицияға жоғары көтерілуіміз — бір жыл ішінде атқарылған жұмыстардың нәтижесі, — деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департамент басшысының орынбасары Бауыржан Дәулетиярұлы.
Арнайы мониторингтік топ пен «Атырау-Адалдық алаңы » жобалық кеңсесі жұмысының нәтижесіне бағытталған шара барысында С.Өтебаев атындағы Мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова жиынның маңыздылығын атап өтті. — Сыбайлас жемқорлық — қоғамдық өзгерістердің жүзеге асуына кедергі келтіріп, адамдардың заңға және әділдіктің барына сенімін жоғалтады.
Ал, университетіміздің сыбайлас жемқорлықтың жоғары деңгейімен рейтингке енуі алаңдаушылық тудыруда. Сондықтан, біздегі басты міндет — жемқорлық жағдайын туындатпауға жағдай жасау. Кеңсенің Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен университетімізде ашылғандығын бізге артылған сенім деп қабылдаймыз, — деді ол.
Штабтың республикалық деңгейдегі мүшелері: Ермек Тұрсынов — белгілі режиссер, жазушы; Ырза Тұрсынзада — этно-дизайнер, қоғам қайраткері; Ирина Смирнова — Мәжіліс депутаты; Батталова Зауреш — «Қазақстандағы парламентаризм қоры» басқармасының төрағасы. Ал, облыстық штаб мүшелері: Олжас Сүлеймен — AтМГУ проректоры, Қанат Әуесбай — «Қазақстан-Атырау» РТРК директоры және блогерлер.