
Қазақстанда несиеге қатысты жаңа ереже енгізіледі
Қазақстанда несие рәсімдеу тәртібі өзгеріп, ірі сомадағы қарыздар үшін қосымша ойлану мерзімі беріледі. Бұл туралы республика Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.
Жаңа ережелер азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғау және несие алу туралы шешімді қабылдауға жағдай жасау мақсатында енгізілмек.
1 миллион теңгеден асатын несиелер үшін қарыз алушыға 24 сағат ойлануға уақыт беріледі. 600 мың мен 1 миллион теңге аралығындағы несиелерге 8 сағаттық кідіріс уақыты қарастырылған.
-Бұрын мұндай несиелер бірнеше минуттың ішінде рәсімделетін. Енді қарыз алушылардың шешімді асығыс қабылдауына жол берілмейді, — деді агенттік басшысы.
Жаңа ереженің мақсаты — азаматтарды алаяқтардан қорғау, қарыз алушыларға өз шешімін қайта саралауға мүмкіндік беру, қаржы ұйымдары тарапынан қысымды азайту.
Аталған өзгерістер онлайн және офлайн несие рәсімдеу процестеріне де әсер ететін болады. Жаңа ереже нақты қай күннен бастап күшіне енетіні жақын арада жарияланады.
Айта кетейік, соңғы жылдары Қазақстанда онлайн несиелеу қарқыны артқанымен, алаяқтардың тарапынан жасалған заңсыз рәсімдеулер де көбейіп кеткен.
Қ.ШӘКІРОВ