ЖАҢАРҒАН ҚОНЫСТАҒЫ ҚУАНЫШ

Үстіміздегі жылдың 23 мамырында Тұрғындар қалашығы Гавриил Шамин көшесіндегі №3 «а» тұрғын үйде газ жарылып, оқыс оқиға орын алған болатын. Ішкі, сыртқы қабырғалары мен қабатаралық плиталары жарылып, құлау қаупі төнген үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Кеше облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қалпына келтірілген үйдің тұрғындарымен арнайы барып кездесу өткізді.

 

1954 жылы салынған 32 пәтерлік төрт қабатты үйдің тең жартысы түгел бұзылып, қайта тұрғызылды. Ал, екінші бөлігі күрделі жөндеуден өтті. Жарылыс әсерінен бүлінген көрші №2 «а» және №3 «б» екі қабатты үйлердің төбе жабындысы мен қираған терезелері ауыстырылды. Зардап шеккен үй тұрғыны Алла Бабнищева барлық тұрғындардың атынан облыс әкіміне алғысын жеткізді.

– Жарылыс орын алғаннан кейін жарты сағат ішінде 16 пәтердің тұрғыны дереу қауіпсіз аймаққа көшіріліп, техникалық көмек көрсетілді. Қалалық ішкі істер басқармасы кезекшілік ұйымдастырды. Ал, оқиға орнына жеткен аймақ басшысы «ең бастысы, тұрғындар дін аман, Құдайға тәубә» деген бірауыз сөзімен бәрімізді жағдайдың оңалып кететініне сендірді. Жергілікті басшылық өкілдері тұрғындарға моральдық, материалдық көмектерін аямады. Міне, нәтижесінде жаңарған үйде газ, жылу, жарық, су қайта іске қосылып, иелеріне тапсырылуда, – деді.

Өз кезегінде облыс әкімі жөндеу жұмыстарымен айналысқан мердігер мекеме – Талғат Бисенов бастаған «АлиГазМонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне өзінің және тұрғындардың атынан шексіз алғысын білдірді.

– Оқиға орын алған кезде тұрғындар сабырлылық сақтап, жергілікті басшылыққа нық сенім артты. Сол сенімнен шығу үшін біз тез арада қалпына келтіру жұмыстарын қолға алдық. Бұл үйге талапқа сай жылу жүйесі жүргізілді. Соңғы жылдары бірнеше мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуде. Ақырындап апатты үйлерді жаңа ғимараттармен алмастырып келеміз. Бұл ретте, біз ең алдымен, тұрғын үйлердің сапасына көбірек мән береміз. Әлемдегі қаржы дағдарысы сезіліп отырғанымен, өзге өңірлерге тәуелді болмас үшін біз бар жағдайды жасап жатырмыз. Қысқа толықтай дайынбыз, жанар-жағармай бағасы бақылауда тұр. Биыл облыс халқын мол көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етпекпіз. Күні кеше көкөністерді құтылау  цехын іске қостық. Аталған өндіріс нысаны өнімнің он түрінен 370 тонна мөлшерінде 75 мың құты дайын өнім шығара алады, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы. Соңынан аймақ басшысы тұрғындарға теледидар мен кілем тарту етті.

Амандық  САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз