
Қазақстанда коммуналдық қызметтерді төлеу тәртібі өзгереді
20 қыркүйектен бастап елімізде коммуналдық қызметтерді төлеудің жаңа тәртібі енгізіледі.
Ашық дереккөздердегі мәліметке сүйенсек, басты өзгеріс – бұдан былай тұрғындарға әр қызметке бөлек квитанция берілмейді. Оның орнына біріктірілген төлем құжаты жасалады. Электр, су, жылу, қоқыс шығару және басқа да қызмет түрлері бір шотта көрсетілетін болады.
Жаңа жүйеге сәйкес біріктірілген шотты арнайы есептеу орталықтары әзірлейді. Олар әкімдіктердің конкурсы арқылы таңдалады.
Есептеу орталықтары төлемдерді қабылдап, үш күн ішінде тиісті қызмет көрсетуші компанияларға аударады.
Коммуналдық төлемдерді айдан кейінгі 25-іне дейін төлеу міндеттеледі. Бұрын бұл мерзім өңірлерде әртүрлі болатын.
Шотта коммуналдық қызметтерден бөлек, подъезд тазалау, қоқыс шығару, лифтке қызмет көрсету, үйдің ортақ мүлкін жөндеу шығындары да көрсетіледі.
Егер көрсетілген қызмет сапасына тұрғындардың көңілі толмаса, олар акт жасап, фото-видео дәлелдер қоса алады. Мәселе шешілмеген жағдайда, сотқа жүгінуге мүмкіндік бар.
Жаңа ережелер 20 қыркүйектен бастап күшіне енеді.
Қ.ШӘКІРОВ