КЕМШІЛІККЕ ТӨЗБЕУ

Бүгінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тың бастама көтеріп отыр. Ол – қоғамда жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеушілік жағдайын қалыптастыру мақсатын көздейтін ынтымақтастық туралы ашық келісім болатын. Сейсенбі күні аталған агенттіктің ғимаратында жаңа жобаны кеңінен насихаттау бағытында арнайы телекөпір өтті. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда мемлекет пен азаматтық қоғамның бірігуі» деп аталатын шараға Атырау облысындағы қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері тікелей бейнебайланыс жүйесі арқылы қатынасты.

 

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Саян Ахметжановтың айтуынша, қоғамда кез келген сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік жағдайын жасау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері жөнінде ынтымақтастық туралы Ашық келісім жасақталды. Оның қызметіне кез келген құрылым қосыла алады. Жаңа жобаға қазірдің өзінде 30-дан астам қоғамдық және саяси ұйым жетекшілері қолдау танытып отыр. Олардың қатарында «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, жазушылар мен журналистердің одақтары, еліміздің жастар конгресі, және басқалары бар.

Алқалы жиынды ұйымдастырушылардың пікірінше, ашық келісімнің жұртшылыққа жария етілгеніне бүгінде бір ай уақыт өтіпті. Осы аралықта жаңа жоба белгілі мақсатқа қоғамды біріктіретін, өз ойларын ортаға салатын ашық алаңға айналып үлгерген.

Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз