
Қазақстанда алғаш рет киік етінен шұжық шығарылуда
Көршілес Орал қаласында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің мамандары ерекше ғылыми жобаны жүзеге асырды. Университет ғалымдары эксперименттік мақсатта киік етінен шұжық дайындап шығарды. Бұл туралы жергілікті «Надежда» басылымы хабарлады.
Мамандардың айтуынша, өнімнің құрамына киік етімен қатар құс еті — үйрек немесе қаз еті де қосылады. Бір киіктен шамамен 13–15 келі дайын өнім алуға болады.
Аталған жобада жануарлар университетке қарасты арнайы питомникте өсірілген. Жоба авторлары қазіргі таңда шұжық өндірісінің технологиясын жетілдіру үстінде. Сонымен қатар, алдағы уақытта өнімге авторлық патент алу жоспарланып отыр.
Бұл бастама — ет өңдеу саласындағы балама шикізатты пайдалану мүмкіндігін зерттеуге бағытталған және ғылым мен агроөнеркәсіптің тоғысында жүзеге асып жатқан тың қадамдардың бірі.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ