Қазақстанда 10 мыңға жуық сайлау учаскесі өз жұмысына кірісті
«Елімізде 10 мыңға жуық сайлау учаскесі өз жұмысына кірісті. Атырау облысы бойынша 265 сайлау бөлімшесі дауыс берушілерді қабылдауға дайын» деп хабарлайды Atr.kz
Парламент сайлауына шет елде жүрген қандастарымыз қатыса алады. Ол үшін еліміздің шетелдегі өкілдіктерінің жанынан сайлау бөлімшелері құрылды. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, 51 елде 66 сайлау учаскесі бар. Бүгін Қазақстан аумағынан тыс жерде жүргендер өзі жүрген елдегі Қазақстан елшілігінің сайтына кіріп, жеке мәліметтерін енгізу арқылы сайлаушылар қатарына қосыла алады.
Коронавирусқа байланысты сайлау бөлімшелерінде санитарлық талаптар қатаң сақталады. Бұған қатысты елдің Бас санитарлық дәрігерінің қаулысы шықты. Яғни, кіреберісте келушілердің дене қызуы тексеріледі.
Арақашықтықты айқындап, бағыт-бағдар беретін белгілер орнатылуы тиіс. Маскамен жүру және қолды жуып отыру барлығына міндет. Сайлау бөлімшесіндегі орындардың арасы 1,5-2 метр болуы шарт. Бұған қоса, дене қызуы 37 градустан жоғары азаматтарға арнайы оқшауланған бөлме дайындалады.