Қазақстан Президенті Роза Рымбаеваға онлайн-концерт үшін алғыс білдірді
Atr.kz/27 наурыз, 2020 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев эстрада әншісі Роза Рымбаеваға онлайн-концерт үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жезтаңдай әнші, Еңбек Ері Роза Рымбаеваның онлайн концерті – халықтың рухын көтеретін нағыз өнер туындысы. Әлем елдеріне үлгі боларлық дүние. Розаға және барша мәдениет қайраткерлеріне халықпен бірге болып, шығармашылығымен қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтамын. #Birgemiz», — деп жазды Президент Twitter-дегі парақшасында.
Айта кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі елдегі төтенше жағдай кезеңінде бірнеше онлайн-жобаны жүзеге асыруда.
Олардың арасында өнер сүйер қауымға арналған «Карантиндегі жұлдыз» жобасы бар. Күнде кешке YouTube-арнасының тікелей эфирінде танымал қазақстандық жұлдыздардың концерті өтеді.
Өздерінің онлайн-концерттерін бұған дейін Жұбаныш Жексенұлы, Жеңіс Сейдоллаұлы, Ғаділбек Жанай берген болатын. 26 наурыз күні кешке қазақстандықтарды өз әндерімен Роза Рымбаева қуантты.