
Қазақстан мен Өзбекстан арасында әуе рейстері артады
Орталық Азия – Қытай (С5+1) форматындағы азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Жұмыс тобының конференциясы аясында Қазақстан мен Өзбекстан авиациялық билік органдары арасында келіссөздер өтті. Бұл туралы республика Көлік министрлігі хабарлады.
Кездесу барысында екі ел арасында тұрақты әуе рейстерінің санын арттыру туралы келісімге қол жеткізілді. Бұл келісім көлік қолжетімділігін арттыруға, іскерлік және мәдени байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ туризмді дамытуға бағытталған.
Жаңа уағдаластықтарға сәйкес, екі елдің белгіленген әуе тасымалдаушыларына Алматы – Ташкент және Астана – Ташкент бағыттары бойынша аптасына 42 рейске дейін ұшуға рұқсат берілді. Басқа бағыттар бойынша аптасына 14 рейске дейін орындауға мүмкіндік жасалады.
Сондай-ақ, тараптар тұрақты рейстерді орындауға арналған белгіленген пункттер санын көбейтуге келісті. Бұл қадам азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықтың тереңдей түскенін көрсетеді.
Азаматтық авиация бағытындағы серіктестіктің нақты нәтижелері де бар. 2025 жылдың 3 шілдесінен бастап Өзбекстанның My Freighter (Centrum Air) әуе компаниясы Ақтау – Нөкіс бағыты бойынша аптасына 2 рет рейс орындай бастады. Ал 2025 жылдың 15 шілдесінен бастап Қазақстанның Fly Arystan әуе компаниясы Атырау – Ташкент бағыты бойынша аптасына 3 рейс қатынайды.
Келіссөздер қорытындысында тараптар конструктивті диалогты жалғастыруға және әуе қатынасын одан әрі дамытуға ниетті екендіктерін растады. Екі ел де азаматтық авиация саласындағы жемісті ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ