«Қазақстан халқына» қоры: Атырау облысына 3,2 млрд. теңге бөлінді
Өткен жылы «Қазақстан халқына» қоры Атырау облысына 2,1 млрд. теңгенің қайырымдылық көмегін көрсетіпті. Қор төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, елдің барлық өңіріндегі ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларға баса назар аударылады.
Жоспарланған жұмыс ауқымды
– Атырау өңірі бойынша 3,2 млрд. теңге сомасына 15 қайырымдылық бағдарламасын жүзеге асырудамыз. Бүгінгі таңда 2,1 млрд. теңге сомаға қайырымдылық көмек көрсетілді және 1,1 млрд. теңгеге қолдау көрсету жоспарланып отыр, — дейді Л.Шыңғысбаева.
Білуімізше, қор қазақстандықтардың денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларындағы негізгі проблемаларын шешуге бағытталған жалпы сомасы 146,5 млрд. теңгеге 40-тан астам қайырымдылық бағдарламасы мен жобаны қаржыландырады. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде зардап шеккен адамдарға көмек көрсетеді.
«Өмірге қауіп төндіретін және орфандық аурулары бар сегіз атыраулыққа жалпы сомасы 1,4 млрд. теңгеге дәрі-дәрмек сатып алынса, екі тұрғынның Оңтүстік Корея мен Үндістан клиникаларындағы еміне 74,7 млн. теңге төленді. Тамырлы патологиясы бар алты балаға медициналық көмек көрсетілді» дей келе қор өкілі балалар нейрохирургиялық қызметін дамыту шеңберінде «Атырау облыстық балалар ауруханасы» КМК-на 95,2 млн. теңге сомасына жабдық жеткізу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға мүмкіндік
«Қазақстан халқына» ұлттық қоры – ел халқын әлеуметтік және денсаулық сақтау саласында қолдауға бағытталған ұйымдардың бірі. Қор мүгедек, науқас немесе әлеуметтік бейімделу проблемалары бар баланы асырап алған, қамқорлығына алған немесе патронаттық тәрбиені ұйымдастырған отбасыларға көмек көрсетумен және аз қамтылған отбасылардың балаларына көмек көрсету үшін мектептермен өзара іс-қимыл жасайды.
Мәселен, өңірдің алты тұрғынына жалпы сомасы 76,9 млн. теңгеге инновациялық протездер берілген. Сонымен қатар, тірек-қимыл аппараты бұзылған бір балаға 9 млн. теңгенің экзоскелетін сыйға тартқан. Жиын кезінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған дене шынықтыру-сауықтыру клубы мен «Жылыой орталық аудандық ауруханасы» базасында 241,2 млн. теңге сомасына оңалту орталығы ашылғанын білдік.
Мақсат – ауыл мектептерін дамыту
Бұған қоса, осы оқу жылында қор облыс бойынша талапкерлер үшін 30 білім грантын тағайындағанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Жалпы, аталған қордың өңірдің білім беру саласындағы ауыз толтырып айтарлық үлесі де ауқымды.
– Атырау облысының тірек мектептерінің әлеуетін дамыту шеңберінде Сафоновка ауылының Қадыр Мырза Әли атындағы жалпы орта мектебінің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Екінші кезең бойынша жалпы сомасы 500 млн. теңгеге екі тірек мектеп (Индербор кентіндегі Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп пен Миялы ауылындағы Х.Досмұхамедов атындағы орта мектеп) құру жоспарлануда, — деген Ләззат Шыңғысбаева облыстағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернат пен сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған №3 облыстық арнайы мектеп-интернаты 58,1 млн. теңгеге тағы жарақтандырылатынын жеткізді.
Біздің өңірде инженерлік құзыреттілікті дамыту мақсатында 4 мектепте робототехника кабинеттері ашылып, олар жалпы сомасы 14,4 млн. теңгеге робототехниканы зерделеуге арналған бағдарламалық-аппараттық кешенмен жабдықталған еді. Ауыл мектептерінің, шағын қалалар мен моноқалалар мектептерінің оқушылары үшін қосымша білім берудің қолжетімді және сапалы ортасын құруға бағытталған «Болашақ инженерлер моноқалаларда» бағдарламасы бойынша Құлсары қаласында 54 млн. теңгеге 12 мектеп жарақтандырылатын көрінеді.
2022 жылдың 11 қаңтарында Мемлекет басшысы денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау салаларындағы мәселелерді шешу үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құруды тапсырды. Қордың құрылған ұжымы бір ай ішінде қоғам, үкіметтік емес ұйымдар, тиісті министрліктер өкілдерімен фасилитативтік сессиялар мен талқылаулар өткізді.
Осы талқылаулардың нәтижесінде мүдделі тараптардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған және Қазақстан халқына көмек көрсетудің тиімді құралына айналған Қор тұжырымдамасы жарық көрді. Тұжырымдама аясында Қор қызметінің негізгі бағыттары мен Қорға түсетін қаражат есебінен басым қолдау көрсетілетін халықтың негізгі санаттары анықталды.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан алған мәліметке сүйенсек, әлеуметтік қорғау саласы бойынша облыстың жеті адамына «Қазақстан халқына» қоры арқылы протездеу жұмыстарын жүргізуге көмек көрсетіліпті.
Айтпақшы, шалғай ауылдарда спорт нысандарын ашуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Қор өкілдерінің баяндауынша, бұл жұмыстар жергілікті әкімдікпен және серіктестермен бірлесіп жасалады. Мәселен, Құлсары қаласында, Елтай, Ақкөл, Құрманғазы, Нұржау, Жангелдин, Ортақшыл ауылдарында сегіз спорт залы ашылуы бек мүмкін. Ол жоспарда бар жұмыстар.
Рита Өтеуғали