Қазақстан халқы Ассамблеясы Қордайдағы оқиғаға қатысты не деді?
Atr.kz/10 ақпан, 2020 жыл. Қазақстан халқы Ассамблеясы Қордайдағы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады.
«Қордайдағы оқиға ел азаматтарының әрбірінің жүрегіне қанжардай қадалды. Оқиға кезінде азаматтарымыз көз жұмды. Қазақстан халқы ассамблеясы көз жұмған азаматтардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айта отырып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейді. Мемлекет басшысы жанжалдың салдарын еңсеру бойынша нақты тапсырмаларды берді. Біз Қазақстан халқын осынау іске үн қосып, қолдау білдіруді сұраймыз», — делінген ҚХА мәлімдемесінде.
Ассамблея елдің барлық өңірінде этномәдени бірлестіктердің басын қосып түсіндіру жұмыстарын жүргізіліп жатқанын хабарлайды.
«Ассамблея мүшелері кез келген қылмыстың ұлттық сипаты болмайтыны, сондай-ақ кінәлілердің бәрі заңға сәйкес анықталып, жазалануы керектігі жайлы ортақ пікір білдіреді. Сондықтан, қазіргі кездегі ең маңызды міндет — арандатушылыққа бой алдырмай, жеке адамдардың жасаған әрекеттерін тұтас ұлттарға телуге жол бермеу. Ассамблея халықтың даналығына сенім білдіреді әрі біздің азаматтарымызды, әсіресе жастарды елдегі бейбітшілік пен келісімді бұзатын және өздеріне зиян келтіретін өрескел сөздер мен әрекеттерден аулақ болуға шақырады. Қазақстан халқы әрқашан бір-бірімен бауырластық қарым-қатынастың үлгісі болып қала беретініне сенімдіміз. Балаларымыздың ортақ болашағы үшін біз ұлтаралық араздықты қоздыруға жол бермеуіміз керек», — дейді ҚХА мәлімдемесінде.
Дереккөз: «ҚазАқпарат»