Қазақфильм Мәншүк Мәметова туралы фильм түсірді
Қазақфильмде Мәншүк Мәметова туралы деректі фильмнің монтаж жұмыстары басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Менімен сөйлес, Мәншүк…» «Поговори со мной, Маншук…» (жұмыс атауымен) деректі фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының демеуімен «Қазақфильм» киностудиясында түсірілді.
Деректі фильмде Мәншүктің дауысы, халық кейіпкеріне жүгініп, көрерменге өзінің өмірі мен ерлігі туралы айтып береді. Отанының атынан өз өмірін қиған жас пулеметшінің жан дүниесінде не болып жатқанынан сыр шертіледі. «Қазақфильм» киностудиясында монтаждау жұмыстары басталып кетті. Бүгінгі таңда фильм аяқталу сатысында.
Деректі фильмнің қоюшы режиссері Мансұр Баймұхамбетов. Оның айтуынша, фильмнің идеясы кейіпкердің портретін жасау, аңызға айналған қыздың жан бейнесіне қол тигізуге тырысу және онымен диалогқа шығу.
Картинаның сценарийін халықаралық кинофестивальдердің жүлдегері Евгений Лумпов жазды. Картина эксперименталды тұрғыда, «мүмкін емес сұхбат» жанрында түсірілді. Кадрда Мәншүк есімді кейіпкер жоқ, оның тек дауысын ғана естиміз. Сондай-ақ фильм барысында замандастың дауысы кейіпкердің жан дүниесін түсінуге тырысып, сұхбат белгілі бір диалогқа ауысады, — деп бөлісті фильмнің режиссері Мансұр Баймұхамбетов.
Фильм қазақтың қызы Мәншүктің қайғылы тағдырымен тығыз байланысты. Ол туған анасы мен жақын жандарына жазған хаттарына негізделген. Осы хаттардың беттерінен көрермен кейіпкердің туған Оралдан Невельге дейінгі бүкіл жолымен танысады.
Жобаны түсіру кезінде Алматымен қатар, Орал және Мәншүк Мәметова соғысып, қаза тапқан Невель қалаларына арнайы бардық. Киножоба экранында Ресейдің «Гвоздика» іздеу-құтқару жасағы көрсетіледі. Біз Мәншүк Мәметованың өзі оқыған мектептің директорымен сұхбаттастық. Сондай-ақ мектеп оқушыларымен, Мәншүк Мәметова атындағы мұражайдың қызметкерлерімен сауалнамалар жүргіздік, — деп толықтырды режиссер.
Мансұр Баймұхамбетов фильм түсіру барысында тарихты қайта құрумен айналысқысы келмегенін айтты, осы себепті ол жасанды түрде шығарылатын кейбір бейнелер, пікірлер мен дауыстар есебінен осындай симбиоз жасауға тырысқан. Режиссердің басты міндеті сол уақытты қазіргі адамның бейнесі арқылы көрсету болды.