Жарнама
Жаңалықтар

Қазақ журналистикасы мен руханияты ауыр қазаға душар болды

19 қыркүйекте жетпіс алты жасқа қараған шағында белгілі қаламгер, «Құрмет» ордені мен бірнеше медальдардың иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Ақпарат саласының үздігі, Қазақстанның үздік өлкетанушысы, Атырау облысы мен Құрманғазы ауданың Құрметті азаматы Өтепберген Әлімгерейұлы дүние салды.

Ө.Әлімгерейұлы 1949 жылы 26 мамырда Гурьев (қазіргі Атырау) облысы, Құрманғазы (бұрынғы Теңіз) ауданының Жиделі мекенінде туған. 1972 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін, 1987 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Алматы Жоғары партия мектебінің журналистика бөлімін бітірген.

Еңбек жолын 1972 жылы Маңғыстау облысында мұғалім болып бастаған. 1973-1990 ж.ж. – Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» («Атырау») газетінің әдеби редакторы, аға тілшісі, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, 1990-1999 ж.ж. – Атырау облыстық телерадиокомпаниясының бөлім меңгерушісі, бас редакторы, продюсері, төрағаның орынбасары, 1999-2001 ж.ж. – Атырау облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, сақтау және пайдалану мемлекеттік инспекциясының бастығы, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, 2001-2008 ж.ж. – «Қазақстан» Республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Атырау филиалы директорының орынбасары, 2008-2013 ж.ж. – республикалық «Алтын Орда» газеті бас редакторының орынбасары, «Атырау-Ақпарат» ЖШС облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газеті бас редакторының орынбасары, 2013-2016 ж.ж. – «Атырау-Ақпарат» ЖШС «Шежіре» шығармашылық орталығының бас редакторы қызметтерін атқарды.

Өлкетанушы ғалым, публицист жазушы ретінде 40-тан астам тарихи, әдеби, ғылыми-публицистикалық, танымдық кітаптардың авторы. Қазақстанның күйшілік дәстүрі жайлы «Күй-күмбез», «Дүлдүлдер дүбірі», «Құрманғазы», «Күй-керуен», т.б. өнер тақырыбындағы 12 кітап, қазақ хандығының алғашқы астаналарының бірі – Сарайшық қаласы жайындағы тұңғыш жазылған «Сарайшық» кітабы оқу құралы ретінде оқытылады. Ел тәуелсіздігі үшін ерекше үлес қосқан халқымыздың біртуар ұлдары – хандар мен билер, батырлар жайлы «Алаш аңсаған азаттық» атты еңбегі оқырманның аса жоғары бағасына ие.

Телевизия саласында оның бірнеше сериялы «Тағдыр» фильмі халықаралық телеконкурстан ІІ орын алған. Сондай-ақ «Маздақ», «Алдаспан» телеальманахтары мен очерктері, Құрманғазы, Сырым, Махамбет, Құныскерей, Алақай тәрізді тарихи тұлғалардың өмірінен дайындалған, басқа да көптеген циклдық телетуындылары Атырау теледидарының Алтын қорында сақталған.

Өтепберген Әлімгерейұлы – Атырау қаласының тарихына арналған «Кешегі Үйшік – бүгінгі Атырау» ғылыми-зерттеу кітабының авторы, алаштың өнегелі тұлғасы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы Мақаш Бекмұхамбетовтің (1830-1904) өмірі мен қызметін зерттеуші.

2004-2021 ж.ж. – Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы Атырау филиалының төрағасы ретінде Ресей Федерациясы Астрахань облысы қазақтарымен тұрақты қарым-қатынаста жұмыс жүргізді. Қазақтың ХІХ ғасырдағы ел іргесін кеңейтіп, мәдени-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосқан Бөкей хан Нұралыұлының еңбегін ұлықтауға, Астрахан жеріндегі атақты күйші Сейтек Оразалиевтің кесенесін жаңартуға бастамашы болды. «Бөкейхан», «Еділ жайлаған қазақтар», «Шекара асқан ағайын», «Үлкен шаңырақтың уықтары» атты ғылыми-зерттеу кітаптарын жазды. Астрахань, Атырау облыстары этномәдени бірлестіктері жастарының дәстүрлі «Дос жүректі шекара бөле алмайды» фестивалін ұйымдастырушылардың бірі.

Жастар тәлімгері ретінде Ө.Әлімгерейұлы 10 жылдан астам уақыт Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті және Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының оқытушысы болып жұмыс жасаған.

Ол – соңғы 20 жылдан бері облыстық ономастикалық комиссияның, облыстық тарихи-өлкетану музейі, облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының ғылыми, Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық драма театры көркемдік кеңестерінің мүшесі.

Өтепберген Әлімгерейұлы – Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі. Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының үш дүркін, республикалық Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, «Егемен Қазақстан» газеті, «Ара» журналы жүлделерінің жеңімпазы.

Ұлт әдебиеті мен мәдениетіне қосқан сүбелі еңбегі үшін ол «Құрмет» ордені, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдарымен, «Қазақстанның Құрметті журналисі», «Ақпарат саласының үздігі», «Қазақстанның үздік өлкетанушысы», Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын және «Қазақстан Республикасының құрметті ардагері» белгілерімен марапатталған. Атырау облысының және Құрманғазы ауданың Құрметті азаматы.

Марқұмның жарқын бейнесі оның замандастары мен ізбасар шәкірттерінің есінде мәңгі сақталады. Қош, қарымды қаламгер, білгір өлкетанушы, парасатты публицист, асыл аға, тәлімгер ұстаз. Жаныңыз жәннатта, орныңыз жұмақтан болғай!

Атырау облысының әкімдігі,
Атырау облысының мәслихаты,
облыстық қоғамдық кеңес,
облыстық ардагерлер кеңесі,
«Атырау-Ақпарат» ЖШС

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button