Еуразиялық интеграция: ЖАНДЫ ІСТІҢ ТЫҢ БАСТАУЫ

Елбасымыз Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы осыдан жиырма жыл бұрын айтқан болатын. Арада өткен осыншама уақыт бұл ұсыныстың қаншалықты маңызды екендігін дәлелдеп бергендей.

Қандай да болмасын жаңа істі қолға алғанда күдікпен қарап, сақтық жасау адамзатқа ғана тән құбылыс сияқты. Бұл орынды да шығар. Бірақ, қазақылап айтқанда әбден иі қанған, оңы, солы толық зерттелген тың бастамадан сескенудің қажеті жоқ деп ойлаймын.
Одаққа бірігудегі негізгі мақсат- тиімді әрі табысты интеграциялық құрылым қалыптастыру. Бұл құрылым кішігірім емес, жоғары деңгейдегі ұйым. Сондықтан, бұл бастаманың ел экономикасының одан әрі қарышты дамып, халықтың тұрмыс жағдайының қуаттануына, бизнес әлемінде жүрген әріптестеріміздің өздерінің мүмкіндіктерін толық пайдалана алуларына мүмкіндік туғызады. Шамамен 170 миллион адамдық қуаты бар ортақ нарық пайда болады. Демек, қазақстандық кәсіпорындар үшін рынок 10 есеге дейін көбейеді. Бұл жерде айта кетейін дегенім, мысалы, ресейлік кәсіпкерлер сыртқа тауар тасымалдап, бәсекелесінің алдын орап үйренген. Сондықтан, біздің кәсіпкерлер жаңа экономикалық одақтың талаптарына бейімделіп, аз да болса кездесіп отырған «одаққа біріксек, біздің нарықты шетелдік өнімдер жаулап алады» деген психологиялық көзқарастан арылу керек деп есептеймін.
Сыртқы сауда айналымын жолға қоюда басты шарттар, мәселен, біріншіден, Еуразиялық экономикалық одақ мүшелерінің бірдей құқықтары болуға тиісті. Яғни, одақ мүшелері үшін ортақ ереже және сол ереженің бұзылмауы басты қадағалауда болуы керек. Ресей және Беларусь елдері қазақстандық тауарларға шектеулер қоймаулары тиіс.
Бүгінгі күні интеграциялану, аймақтық бірігу кез келген мемлекет үшін үлкен маңызға ие. Сол себепті де, бұл одақтың қажеттілігін халық жақсы түсініп отыр. Қай істің болсын бастамасында қиыншылықтар мен кедергілердің кездесері анық. Бірақ, ұтымды іс қашанда өз нәтижесін береді. Біздің одақтан ұтарымыз да сол, отандық кәсіпорындар үшін нарық үлкейеді. Ресей, Беларусь елдеріне өнімдерімізді еркін шығара аламыз. Демек, біздің өнімдер үшін сол елдерден сұраныс көбейеді. Біз қазірдің өзінде де өз тауарларымызды Ресей аумағына шығарып жатырмыз. Ал, одаққа қол қойылғаннан кейін, сол елдермен тәжірибе алмасуға қол жетіп және Қазақстанда жоқ қажетті құрал-жабдықтарды, шикізаттарды алу мүмкіндігі де жасалар еді.
Ашылған күнінен бастап «Шевронмұнайгаз» компаниясына тиесілі Атырау полиэтилен құбырлар зауыты жоғары сапалы полиэтиленді құбырлар шығару ісінде көшбасылық етіп келеді. Қазақстанда осындай 70-ке жуық зауыт бар. Зауыт ұжымы Мемлекеттік техникалық басқару комитеті мен және Құрылыс жөніндегі комитетпен бірлесіп полиэтиленді құбыр өндіру стандартын және сынақ әдістерін дайындап, бекітті. Біз қазір 20-дан астам қазақстандық стандарттарды дайындаушы және бастамашы ұйымбыз.
Зауыттың өндірістік жетістіктерге қол жеткізуінде оның қызметкерлерінің еңбектері айтуға тұрарлық. Зауыт қызметкерлерінің барлығы – Қазақстан азаматтары. Компания үшін ең маңызды мәселе – өндірістегі еңбек қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау болып табылады. Таяуда зауыт жұмыс уақытын үнемдеп, жарақатсыз істелген 1 млн. адам сағатына қол жеткізді. Бұл іске қосылған сәттен бастап, зауыт бірде-бір апатсыз жұмыс істеп келе жатқанын білдіреді.
Зауытта салалық зертхана жұмыс жасайды. Ол Қазақстан бойынша жалғыз зертхана болып табылады. Ондағы қызметкерлер өндірілген өнім сапасын үздіксіз түрде бақылап, әр сатып алушыға қажетті құжаттар береді. Өндірілген құбырлардың сапасының жоғарылығының арқасында Атырау зауыты өз өнімі бойынша ешбір наразылық алған емес. Өндірген өнімінің жоғары сапасы және бизнестегі үздік көрсеткіштері үшін «Еуропалық сапа» халықаралық сыйлығына ие болуымыз да – осы тынымсыз еңбектің нәтижесі.
2013 жылы ашылған Атырау құбырлар арматурасы зауыты Қазақстан және ТМД елдері арасында ең сапалы құбыр арматурасын шығара бастады. Зауыт жұмыскерлері Дания мамандары тарапынан оқытылып тәжірибе алмасты. Осының бәрі біздің басты жетістіктеріміз деп ойлаймын.
Алда міндет көп, мақсат айқын. Зауыт өнімдерін Еуразиялык экономикалық одақ елдері, әсіресе, Ресей және Беларусь мемлекеттері ішінде сатылымды көбейту, өнімдердің сатылу деңгейін жақсарту, шығарылатын өнім түрлерін арттыру, сырттан әкелінетін тауарларды өз зауыттарымызда шығару қабілетін зерттеп, технологиялық мүмкін-діктерімізді барынша қолдану сияқты басты-басты жоспарларымыз бар. Бұларға қоса, жергілікті мамандарды оқытып, дамыту және жақсы тәжірибе жинақтауға мүмкіндіктер туғызу, шетелдік технологияларды өз жерімізге әкеліп, қолдануды да көздеп отырмыз.
Еуразиялық экономикалық одақ 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылмақшы. Үш мемлекеттің Президенттері өз елдерінің ортақ мүдделері үшін бір келісімге келді. Демек, Еуразиялық ықпалдастықтан ұтылмасымыз анық. Оның үстіне Елбасы шағын және орта бизнестің дамуына кең жол ашып, зор мүмкіндіктер жасап отыр. Мұндай қолдау басқа мемлекеттердің бірінде де жоқ. Сондықтан, бұл жаңа құрылым жанды істің тың бастауы болады және бизнес саласындағы тұрақтылыққа қол жеткізеді деп есептеймін.
Ал, отандық өнімдеріміз болмаса тауарларымыз одақтас елдердің сауда сөрелерінен өзіндік орын алып, тұтынушылар көңілінен шығып, жоғары сұранысқа ие болары сөзсіз. Сату нарығын кеңейтпей экономиканы өркендету мүмкін емес. Сонда ғана бәсекелестікке қабілетті өндіріс орындары пайда болады. Мамандардың болжамы бойынша 2015 жылы үш елдің арасындағы тауар айналымы 30-40 пайызға артпақ. Оның ішінде қазақстандық үлес 10-15 пайызға көбейеді деген жорамал бар.
Қысқасы, Еуразиялық интеграциялық ықпалдастықтан күтеріміз көп, тың құрылымның ел үшін берері де мол болмақ.

Меңдіғали САППАЕВ,
«Шевронмұнайгаз ИНК» компаниясының Атырау аймағы бойынша бас директоры.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз