Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

«Қазақ жазушыларын әлемге таныта алмай жүрміз»

Atr.kz/23 тамыз, 2019 жыл. Кезекті сырлы сұхбат кейіпкері, бірлескен жоба қонағы – жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қуандық ТҮМЕНБАЙ.

– Мұнайлы өлкеге жиі келесіз бе?

– Осыдан 35 жыл бұрын алғаш рет қасиетті шаһар – Сарайшыққа келіп едім. Сол жерде ағайын-туыс  бар. Жалпы,  Сарайшық – сан  ғасырлық тарихы бар көне қала, тарихи астана. Сол жолғы сапарымда шаһар тарихымен танысуды мақсат еттім. Кейін танымал күйші Шәміл Әбілтаевпен бірге  келдім. Шәміл кезінде «Ленин комсомолы» сыйлығын алып, ол туралы  «Лениншіл жас» газетіне  жазғаным бар. Соған орай Шәмілдің «елді аралатайын» деген ойы болды. Содан бері  15 жылдай уақыт өтті.

– Балалық шағыңыз атақты күріш өсіруші Ыбырай Жақаевтың ауылында өтіпті.  Бала күнгі арманмақсатыңыз орындалды ма?

– Адамның арманы таусылмайды ғой. Дегенмен, сол кезде ойға алған дүниенің біразы орындалды деп есептеймін. Себебі, Алматыны көру, үлкендердің жанында жүру, жазу – менің бала кезгі арманымның бастысы. Ақ күріштің атасы атанған Ыбырай Жақаевтың ауылында дүниеге келдім ғой. Ыбырай атамызға жақындығым да бар. Жалпы, біздің отбасы – диқан әулеті. Мені де диқаншылықпен айналысады деп, әуелі Ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсірді. Белгілі қаламгерлер Дидахмет Әшімхан, Ұлықбек Есдәулет, Болат Мәжитұлы секілді қаламын қару еткен жандармен жақын араласып кеттім. Содан кейін бүйрегім КазГУ-ге қарай бұрып, көңілім ауды да тұрды. Сөйтіп, агрономдықты тастап, журфакқа оқуға келдім. Солармен бірге оқып, бірге бітірдік.

– Сіз үшін өмірде ең қиыны не нәрсе?

– Өз-өзіңе деген сенімнің жоқтығы – ең қиын нәрсе. Егер, сен өзіңе сенбесең, жұрт саған қалай сенеді?! Ауған соғысы туралы бәрі біледі ғой. Сол соғысқа қазақтың кіл мықты жастары кетті. Оқыған, көзі ашық азаматтардың аты-жөнін өзіміз жазып беріп, ұстатып та жібердік. Ал, өзге халықта олай емес. Өзбегің де, тәжігің де көшеде қаңғып, арақ ішіп, адасып жүргендерін жіберді. Біздің халқымыздың қасіреті – сол. Мен оларды кейін шығармаларыма  арқау етіп, сол өкінішімді көрсетуге тырыстым.

– Қазір жазушыларға қарағанда, ақындар тез танылатын секілді. Бұл прозашыларды насихаттау кемшін түскеннен бе?

– Прозаның жүгі ауыр. Ақындар алда жүреді,  бір өлеңімен жарқ етіп көрініп қалады. Ал, прозашылар бір романымен де таныла алмауы мүмкін. Бұл үшін үлкен еңбек керек. Оқығаныңды санаға түйіп, оны оқырманға бере алатындай қабілет керек. Қазір ақын көп. Әрі ақындар арасында өткізілетін мүшәйраның да саны көп. Соңғы кездері жазушылар арасында да ұйымдастырылып келе жатыр. Бірақ, онда да олардың жолы бола бермейді. Жақсы шығармалар кенжелеп қалып, нашары бәйгенің басында жүреді. Осындай әдеби әділетсіздіктер орын алып жатады.

– Кімді темірқазығыңыз санайсыз?

– Бала кезімізде кітапты көп оқыдық. Мектептің кітапханасындағы кітапты бітіріп, ауылдың кітапханасына ауыстық. Сол кезде теледидар жоқ. Балалар кітап, газет-журнал оқып өсті. Аудандық газетте Қанапия Дәрібаев деген ақын  болды. Сол кісіні керемет  ақын деп білетін едім. Расында да, ол – керемет ақын. Егер, Алматыға бара қалса, Мұқағали мен Төлеген сынды әдебиеттен лайықты орнын алардай қабілеті бар еді. Бірақ, олай болмады. Өмірден ерте өтіп кетті.

– Әрине, алдымен, ақын-жазушыға атақ пен мәртебені беретін халық. Қазір ақын да, жазушы да көп. Осы орайда, оқырман талғамы туралы көзқарасыңыз қандай?

– Оқырманның талғамы 60-70-жылдардағы деңгейден түсіп кетті. Бұрын газет бетінде «Сынап едік, қорытындысы қандай?» дегенайдармен мақалалар шығып тұратын еді. Ал, қазір сондай мақалалар жоқ. Тіпті, сынайтын да адам таппай қалды. Кезінде Сәбит Мұқановтың «Ботагөзін» оқымаған адам жоқ шығар. Сол арқылы адамзаттың махаббаты туралы ой санада жарқ етіп, адамдар бір-біріне мейіріммен қарайтын еді. Қазіргі жазып жүрген жастарда әдеби сауат өте төмен. Әдеби теориямен қаруланбаған. Әдебиетпен айналысамын деген әр жас түрлі «изм»-дерді білуі керек. Қазір бірдеңе жазып, төбесіне «повесть» деп қоя салады. Ал, оқып қарасаң, газетке жариялауға да татымайтын дүние. Оның үстіне бүгін өзін «жазушы-журналист» санайтындар  көбейіп кетті.

– «Нобель» сыйлығын тағайындап, табыстау сіздің қолыңызда болса, кімге берер едіңіз?

– «Нобель» сыйлығын алған жапон жазушысы Мураками, орыс жазушысы Шолохов бар. Қазақтың танымал  жазушысы  Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тері» «Тынық Доннан» еш кем емес. Нағыз «Нобель» сыйлығына лайық шығарма. Содан кейін Тынымбай Нұрмағамбетовтің шығармалары да «Нобель» сыйлығын алған жазушылардың туындыларынан кем түспейді. Тек біз өзімізді көрсете алмай жүрміз. Бізде «әдеби агенттік» деген жоқ. Мәселен,  Муракамидің әр елде 150-ге жуық агенті бар. Сол арқылы шығармасының таралымы да, оқылымы да көп.

Сондықтан, бізге де сондай құрылым керек. Жалпы, қазақ жазушыларына үлкен көмек керек. Өйткені, қазір олардың жағдайы мәз емес. Біз өзбекке күлеміз. Керісінше, өзбектен үйренеріміз көп. Қазір Алматыда орыстар алмасын көше бойында сатып отырады. Ал, қазақтар солай жасауға ұялады. Ал, қоғам оны көтермейді. Біз шығармашылығымыздың кеңінен насихатталуы үшін агенттіктермен тығыз жұмыс жасауымыз керек. 

– Сіз бір шығарманың кейіпкері болсаңыз, өзіңізді қалай суреттер едіңіз?

– Мен өтірік айта алмаймын. Пайғамбар жасына келдім ғой. Біреудің «мені алдадың» деген сөзін естіген жоқпын. Құдіретті Құдай оны естіртпесін. Одан кейін ешкімнен қорықпаймын. Өйткені, ешкімнен қарыз алмаймын, арым таза. Кезінде Қожаға еліктедік. Қожа бұзық болғанымен, шыншыл еді ғой. Мен де өзімді есейген Қожа секілді елестетемін.

– Шығармашылық адамы үнемі ізденісте жүреді. Қазір жаныңызға кімді серік еттіңіз? Кімді оқып жүрсіз?

– «Абай жолын» қолым қалт еткенде оқып отырамын. Себебі, қазіртөңірегімдегілер төменге кетіп, айналамдағылар адасып бітті. Тіпті, ақ бата беретін атаны да таппай қалдық десем, қателескенім емес шығар. Тілдік көркемдікті аңсаған кезде де «Абай жолын» қайталап оқимын. Содан кейін Хемингуэйді, Чеховты оқып жүрмін. Жалпы, әдебиеттің қанжығасын майлап жүрген шығармаларды оқуға тырысамын.

– Жастардың шығармашылығымен таныссыз ба? Кімнен үміт күтесіз?

– «Үркер» журналының шыға бастағанына биыл – 10 жыл. Осы жылдар ішінде талай жұлдызды жақтық. «Үркер үміт» деген бәйгенің өзі көп жас талантты танытты. Ләззат Сүйіндікова, Дәурен Қуат секілді көптеген ақын-жазушыға дем бере алдық деп есептеймін.

– Атыраудағы оқырмаңызға айтарыңыз бар ма?

– Атырау – киелі жер.  Сыр бойының тумасы болғасын ба, екі өңірдің жерінің де, желінің де ұқсастығына қайран қаламын. Ұшақтан түсе сала, Атырауға емес, өз ауылыма келіп тұрғандай әсер алдым. Тынысым ашылғандай болды. Өңір жұртшылығы еңбегінің зейнетін көрсін. Бұл өлке – марғасқа Махамбет, поэзия падишасы  – Фариза, жалынды Жұмекен шыққан жер. Демек, әдебиеттің де кеніші. Сондықтан, Атыраудың әр азаматы осал болуға тиіс емес. Әрдайым Атырау жұртының биіктен көрінуіне тілекші болып жүремін.

Сұхбаттасқан: Асланбек ШЫҒЫРОВ

rvaneenk

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button