Біз қалай қатігез боп кеттік?
Жуырда «Алмагүл» шағынауданының кішкентай тұрғыны үйіндегі мысығын тоғызыншы қабаттан лақтырып жібергенін естігенде шошынып қалдық. Көп ұзамай, Түркістан облысында V сынып оқушысының өз сыныптасын ұрып өлтіргені туралы жайсыз жаңалықты оқып, тағы да жағамызды ұстадық. Расында, қаршадайынан қатыгездікке барған жасөспірімдердің мұндай іс-әрекеттері бүгінгі қоғамды ойландырып тастады. Қатыгездік қазақтың жанына жат нәрсе еді. Бұған кінәлі кім?..
Қазақ өзге ұлттан өзіндік тәрбиесімен ерекшеленетін. Біреудің ала жібін аттауға арланатын. Тіпті, ауыл ішінде үйдің сыртқы есігін құлыптау деген болмаған-тұғын. Бүгінде көршіден де күдіктенетін күнге жеттік…
Ата-ананың қателігі
– Жасөспірімдер арасындағы қатыгездік бүгінде қасіретке айналып барады. Мұндай кеспірсіздік көбінесе отбасында ұрыс-керіс жиі болатын балалардан анық байқалады. Ондай бала бара-бара достарымен төбелесіп қалуды жиілетеді. Сөйтіп, оның ішіндегі агрессиясы көріне бастайды. 13-15 жасқа келген жасөспірім шағында олар бір-бірінің сөзін көтере алмайды. Өзінің күшті екенін көрсету мақсатында жұдырықтасып, өзін лидер ретінде көрсеткісі келеді. Әлі келгенді сабап, жолындағыны жайпайды. Жасы кішілерден ақша жинап, көрші баланы үйінен ақша ұрлап келуге жұмсайды. Мұндай баланың әрекетіне алдымен, ата-ана жауапты. Мінезіндегі өзгерісті байқаған бойда оған мейлінше жақын болуы керек. Теріс бағытын түзетуге барын салуы қажет. Содан кейін сынып жетекшісі, пән мұғалімдері мен мектеп психологтары жұмыс жасауы тиіс, – дейді Қасым Қайсенов атындағы №33 мектептің педагог-психологы Мәрзия Ермұханова.
Психологтың сөзінше, бала – таза қағаз секілді, оны қоғам емес, ата-ана толтырады. Әке мен ана перзентінің нешеде ұйықтап, қай уақытта оянғанына дейін қалт жібермегені жөн.
– Сыныптағы оқушылардың тазалығын тексергенде тырнақтары өсіп, қаралмай қалған оқушылар болады. Ата-анаға хабарласып, себебін сұраймыз. Кейде ата-ананың өзін тәрбиелеуге тура келеді. Қалай десек те, баланың бойындағы не мінез-құлқындағы кінәрат – үйдегі тәрбиенің осалдығынан. Мектеп мұғалімі 5 сағат ішінде алдындағы баланың біліміне, тәртібіне жауап бермейді. Сондықтан, әке мен ана өз жауапкершілігін күшейткені жөн, – дейді Мәрзия Ермұханова.
Тойындырма, тәлім бер!
Жасыратыны жоқ, бесік жырын естімей өскен баланың бұғанасы қатпай жатып қылмыс жасауының бір себебі – тәрбиенің осалдығынан. Оған жанашыр ата-ана – жұмысбасты. Қазір рухани азықтан гөрі материалдық құндылық маңызды. Оны заманнан көрсеңіз де, адамнан көрсеңіз де қисынды. Өкініштісі де сол, ата-ананың дені тәрбиені «баланың жоғын түгендеп берумен» шатастырады. «Ұл-қызымды қатарынан қалдырмай, тойындырып, киіндірсем» деп жүргенде, баланың санасына сіңірілетін одан да маңызды дүние ұмыт қалады.
Басқа өңірді қайдам, қазақы қаймағы бұзылмаған біздің облыстағы қылмыстық статистикаға көз салсаңыз, денеңіз түршігеді. Жуырда түн ортасында мас болып тыныштықты бұзған үш жасөспірім ұсталған. Егер бесіктен белі шықпай жатып ішімдік ішсе, оның болашағы не болмақ?
Сөйтсек, тек үшеу емес екен. Жыл басынан бері алкогольді ішімдік ішіп, қоғамдық орында ұсталған 20-ға жуық жасөспірім тіркеліпті. Ол аз болғандай, 23:00 сағаттан кейін заңды өкілдерінің бақылауынсыз 1300-ден астам жасөспірім көше кезіп жүріпті. Сонымен қатар, денсаулыққа қасақана ауыр және орташа зиян келтіру, ұрлық секілді қылмыстар да жоқ емес. Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулеттен осындай дәйектерді естіп әбден шошыдық.
Дәл қазір өзімізше өткенімізді ескі заманның босағасына қалдырып, жаһандануды арқа тұтып «жаңғырып» жүрміз. Соның бір көрінісі – ғаламтор өміріміздің бір бөлігіне айналды. Телефонсыз қалудан қорқатынымыз сонша, қуаттағышқа тәуелді болып барамыз. Дастарқан басында отырғанда ата-ана мен бала өзара сөйлесіп, хал-жағдай сұрасудан қалды. Үлкеннің де, кішінің де бір қолында тамағы, екінші қолында – ұялы телефон. Ал, ұрпақ тәрбиені интернеттен алып жатыр. Өкінішті!..
Тәжірибе қайтадан енгізілсе…
– Балалардың қылмыс жасауының себеп-салдарын іздестірсек, түп-төркіні отбасындағы берекетсіздіктен басталады. Бірақ, біз оған мән бермей жүрміз. Мысалы, ерлі-зайыптылар ажырасады. Алдымен, дүние-мүлікті бөліседі. Онымен де тынбайды, баланы бөліске салады. Бір тарап екіншісінен «қалыспауға» тырысып, қарымта қолданады. Бұдан зардап шегетін – бала. Ересектер әрі кетсе бір жыл күйзеліске түсер, сосын қайтадан қалыпты өмірге кіреді. Ал, ажырасудың зардабын бала өмір бойы өзімен бірге алып жүреді. Ақыры, балалар агрессияға, жанжалға, кертартпа іске бейім келеді. Ата-аналар баласын рухани тұрғыда тәрбиелеуге мән бермейді. Бізге келіп түсетін қылмыстық істердің артында отбасы бар, әр жанұяда 3-4 баладан бар. Бұл – біздің проблемамыз. Отбасын сақтау мәселесін көтеретін уақыт келді. Бұрын жанұясы бұзылған жандарды қызметте көтермейтін, мансабына балта шабылатын. Осы тәжірибені қайтадан енгізбесе, отбасы құндылығы әбден төмендеп кетті, – дейді Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ғизатолла Отарұлы.
Шыны керек, бала – ата-ананың айнасы. Дүниеге келген соң оның барлық психологиялық қасиеті отбасындағы жағдайға сай, ең алдымен, ата-анасының әсерімен дамиды.
– Күні кеше қызық жағдайдың куәсі болдым. Базарға барып, сатушының таразыдан жегенін әшкереледім. Бұл да ұрлық, кісі ақысын жеу. Кейін ұрлық жасап істі болған жасөспірімнің ісін қарау барысында «құдайға не жазғанын білмей» дал болып, етегі жасқа толған анасы алдыма келді. Бірден тани кеттім. Ана жолы базардағы таразыдан «жеген» сатушы әйел!.. Осыдан түйгенім – әр ата-ана өз перзентін дұрыс тәрбиелеу мақсатында үнемі ойланып, ізденуі, ең әуелі өзін тәрбиелеуі қажет, – деді судья.
Бүгінгі қоғам жастар тәрбиесіне тым жеңіл қарайды. Олардың тағдыры болашақпен, қоғамның дамуымен тығыз байланысты екені екінші кезекке ысырылып қалған. Ал, тал бесіктен жер бесікке дейінгі адам өміріндегі тәрбиенің бастапқы негізі – ата-ана, солай болып қала да бермек.
Ендеше, отбасы құндылығына ерекше назар аудару қажет. Өйткені, баланың болашағы отбасы тәрбиесінен басталады.
Рита ӨТЕУҒАЛИ