
Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілік қозғалысы идеясын талқылауды ұсынды
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VIII Cъезінің жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілік қозғалысы идеясын талқылауды ұсынды.
-Рухани дипломатия әлеуетін халықаралық және өңірлік ұйымдар деңгейінде іске қосу маңызды деп санаймыз. Съезд аясында бұған дейін мен жария еткен бейбітшілік қозғалысы идеясын талқылауды ұсынамын. Діни иерархиялар зорлық-зомбылықты тоқтатуға және бейбіт шешімдерді іздеуге бағытталған бейтарап әрі саясаттандырылмаған үндеуімен осы қозғалыстың моральдық өзегіне айнала алар еді. Өмір қасиеті, жанашырлық пен мейірімділік сияқты ортақ адамзаттық құндылықтарға негізделген бұл бастама тек кең ауқымды діндар қауымды ғана емес, сонымен қатар саясаткерлерді, халықаралық ұйымдардың өкілдерін, мемлекеттік құрылымдарды, сарапшыларды және, әрине, жастарды да біріктіре алар еді, — деді Мемлекет басшысы.
Президент бейбітшілікті қорғау жолындағы үн қату анағұрлым табанды болуға тиіс екенін, ал Съезд сынды алаңдар осыған ықпал етуі тиістігін баса айтты.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге Қазақстанның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Алматыда тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталық құру туралы бастамасына қолдау білдіргеніне ризашылық танытты.
Мұнан бөлек, Мемлекет басшысы өңірлік құрылымдардың – АӨСШК, ИЫҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ТМД, АСЕАН және Араб мемлекеттері лигасының рөлін нығайтуға тиісті деңгейде көңіл бөлу қажет екенін атап өтті.
Астанада Әлемдік діндер көшбасшыларының съезі өтіп жатыр.
Іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев дін басшыларын бейбітшілік елшілері деп атады.
kazinform.kz