Жарнама
Жаңалықтар

«Қасым хан» қойылымы –сахналық қаһармандық пен актерлік ансамбль

Театр – уақыттың өзі сіңген өнер. Ол көрерменнің тарихи санасын жаңғыртып, өткен дәуірдің құпияларына бойлататын ерекше мәдени кеңістік. Осы тұрғыдан алғанда, театр сахнасы көрермендердің тарихқа деген қызығушылығын оятып, тарихи оқиғалар мен тұлғаларға жаңа қырынан қарауға ықпал етеді. Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі Қасым ханның есімімен байланысты айтулы «Қасым ханның қасқа жолы» – хандық дәуірдегі құқықтық жүйенің негізін қалаған, ел басқарудың үлгісіне айналған тарихи заңдар жиынтығы. Қасым хан – жай ғана Шыңғыс ұрпағы емес, Шығыс Дешті Қыпшақ аумағын басқарған кемеңгер әулеттің өкілі. Ол хандық биліктің дәстүрлі сипатын сақтап қана қоймай, уақыт талабына сай мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірген реформатор ретінде тарих төрінен лайықты орын алды. Осы тарихи тұлғаның өмірі мен қызметін арқау еткен Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының «Қасым хан» атты тарихи драмасының премьерасы көрермен қауымның назарын бірден өзіне аударды.

2 1

«Қасым хан» спектаклі – қазақ тарихының күрделі де маңызды кезеңдерін, әсіресе Қасым ханның билігі тұсындағы ішкі-сыртқы саяси тартыстарды, қоғамдағы әлеуметтік өзгерістерді көркем түрде көрсетуге тырысқан ерекше қойылым. Мұнда тарихи оқиғалардың нақтылығы мен кейіпкерлердің ішкі дүниесі шынайы бейнеленіп, ұлттық тарихқа құрмет пен сүйіспеншілік сезімі көрермен жүрегінен орын тапты. Спектакль заманауи театр эстетикасының талаптарына сәйкес жасалып, көркемдік тілдің тереңдігін, драмалық шиеленістің өршілдігін және тарихи мазмұнның маңыздылығын ерекше үйлестіре білген өнер туындысына айналды.

Ауқымды тарихи кезеңді қамтитын пьесаның авторы – белгілі драматург Асылбек Ихсан. Пьеса ұлттық болмысты бейнелейтін бай тілмен жазылып, тарихи тақырыптың аясында жаңа театрлық шешімдермен толықтырылды. Бұрынғы сахналық қағидалардан алыстап, қойылым қазіргі заманғы режиссураның жаңашыл мүмкіндіктерін пайдалана отырып, көрерменге ой салуды көздеген.

Қойылымның ерекше әсерлілігіне Алматыдан арнайы шақырылған М.Әуезов атындағы Ұлттық академиялық драма театрының режиссері Елік Нұрсұлтанның шығармашылық ізденістері мен инновациялық сахналық шешімдері зор үлес қосты. Визуалдық эффектілер, жарық пен музыканы кәсіби пайдалану әдістері көркемдік тұтастықты арттырып, тарихи оқиғалардың атмосферасын шынайы жеткізді. Бұл әдістер спектакльдің көркемдік тілін қазіргі заманғы театр эстетикасына сәйкес жаңа биікке көтерді.

Режиссердің шеберлігі – оқиғалар мен кейіпкерлерді көркемдік тұрғыдан үйлесімді жинақтауында. Е.Нұрсұлтан шығарманы заманауи театр заңдылықтарына сай ықшамдап, 40-тан астам кейіпкердің санын қысқартып, бар оқиға желісін Қасым ханның тұлғалық болмысына шоғырландыруы өте ұтымды шешім болды. Бұл тәсіл драма мазмұнын тереңдетіп, көркемдік тұтастыққа қол жеткізген.

Спектакльдің басты артықшылығы – тарихи деректерді өнердің әсерлі тілімен жеткізіп, көрерменді оқиғаға терең бойлата білуінде. Сахналық қойылымның динамикасы мен режиссерлік шешімдердің тереңдігі бұл туындыны тарихи театр үлгісінің үздік мысалдарының бірі етіп көрсетеді. Қасым ханның күрделі тұлғасы – қайсар рухы мен мемлекетті нығайту жолындағы табанды күресі көрерменнің жүрегіне жол тауып, ұлттық тарихқа деген құрмет сезімін оятады.

33

Драматургия шеңберінде билік, әділет, халық тағдырына қатысты философиялық сұрақтарды қозғай отырып, оны тек тарихи оқиғаға құрылған қойылым емес, мәңгілік маңызға ие рухани-әлеуметтік тақырып ретінде қарастыруға мүмкіндік берді. Бұл тәсіл театр өнерінің танымдық және тәрбиелік әлеуетін тереңдете түсті. Қойылымның тарихи нақтылығы мен эмоционалдық тереңдігі Қасым ханның өршіл тұлғасы арқылы қазақ халқының ерлік дәстүрі мен тарихи тағдырына жаңа көзқарас қалыптастыруға ықпал етті. Осылайша, тарихи драма өткеннің сабақтарын ұғынуға ғана емес, бүгінгі ұрпақтың рухани танымын кеңейтуге де қызмет етті.

Режиссердің тарихи шындық пен көркемдік шешімді үйлестірудегі танымының тереңдігі қойылым кейіпкерлерінің әлеуметтік және психологиялық бейнесін жаңа қырынан ашуға жол ашты. Оның ұтымды әдісі актерлердің сахнадағы әрекетін тарихи оқиғалардың нақты деректерімен ұштастырып, драмалық шиеленісті күшейтті. Нәтижесінде, спектакльдің танымдық мазмұны байып, сахналық құрылым тарихи фактілермен үйлесім тапты.

Қасым хан туралы спектакльдің көркемдік құндылығы ең алдымен басты рольді сомдаған актердің шеберлігімен анықталады. Актер Ғазиз Сұраппаев ханның жастық шағындағы албырттықтан ел тағдырына алаңдаған күрделі кезеңдердегі сабырлы ойшылдыққа дейінгі психологиялық трансформацияны нанымды жеткізуге тырысқан. Дегенмен, кейіпкердің саяси-әлеуметтік келбеті мен тарихи көзқарастарындағы тереңдік толық қамтылмай, кейбір тұстарда ішкі жан дүниесінің байлығы көлеңкеде қалғандай әсер қалдырды.

Ал актер Мырзабек Мақұлов билік жолында ештеңеден тайынбайтын, жарты әлемді бағындыруды мұрат еткен Шыңғыс ханның ұрпағы, қайсар мінезді Мұхаммед Шайбанидің бейнесін терең шынайылықпен сомдаған. Оның әрбір сөзі эмоционалдық қуатқа ие болып, кейіпкердің психофизикалық жағдайын әрекетпен де, ым-ишара арқылы да шебер жеткізді. Өз иелігінен бөлініп кеткен Керей мен Жәнібек бастаған хандыққа өшпенділікпен қарайтын Мұхаммед Шайбани образы – актердің кәсіби еңбегінің айқын нәтижесі. Рольдегі екінші құрамның орындаушысы Бақытжан Өтеғалиев кейіпкердің психологиялық ішкі әлемін ғана емес, оның сырт келбетіндегі ерекшеліктерін де нанымды бейнелеп, сахналық тұтастыққа қол жеткізген.

4

Қасым ханның өз ортасымен қарым-қатынасын суреттеуде оның әкесі Жәнібек ханның ролінің маңызы ерекше. Актер Сәбит Қожабеков Жәнібек ханның байыпты мінезі мен саяси көрегендігін шебер жеткізді. Оның сабырлы қимыл-қозғалысы, терең ойды асықпай жеткізетін баяу да сенімді үні кейіпкерінің тұлғалық бейнесін ашуға сеп болды. С.Қожабеков бейнелеген Жәнібек хан – өз заманының ақылды да зиялы қайраткері, әрбір әрекетін саяси ахуалға бейімдей отырып, ел бірлігін сақтауға ұмтылатын парасатты тұлға. Алайда, кейбір тұстарда сөз бен әрекеттің арасындағы драмалық байланысқа көбірек назар аударылса, Жәнібек бейнесінің тұңғиық мағынасы одан әрі айшықтала түсер еді.

Қасым ханның анасы Жаған ролін сомдаған екі құрамдағы актрисалар Анета Баетова мен Мағрипа Шәненова бұл бейнені сабырлы, ар-намысы жоғары, ақылды әрі сымбатты әйел ретінде көрсетті. Олардың сахнадағы әрбір қимылы мен сөзінде анаға тән парасаттылық пен тереңдік байқалады. Бірақ Жағанның баласы Қасымға Мұхаммед Шайбаниді өлтірмеуді өтініп, ант бергізетін сахнасы көркемдік тұрғыда әлі де тереңдетуді қажет етеді. Бұл сахнадағы ана мен баланың қарым-қатынасы құрғақ диалогтан гөрі, эмоционалдық шынайылықпен толықса, Қасым ханның кейінгі әрекеттерінің логикалық әрі психологиялық негізі айқындала түсетін еді. Жаған бейнесінен сахналық жаңа қырлар табуға, ана мен баланың арасындағы байланысқа ішкі драматизм мен көркемдік мәнер қосуға мүмкіндік мол. Бұл бағыттағы ізденістер рольдің әсерлілігін еселеп, қойылымның жалпы мазмұнына тың тыныс берер еді.

«Қасым хан» – тек тарихи оқиғаларды сахналау емес, кейіпкерлердің психологиялық тереңдігі мен қоғамдағы адамгершілік құндылықтарды зерттеуге арналған драмалық туынды. Актерлер шеберлігі, режиссерлік шешімдер мен сахналық қойылымның көркемдік әлеуеті спектакльдің ұлттық тарихқа деген құрмет пен көркемдік жоғары деңгейдегі көрінісі екенін дәлелдейді. Қойылымдағы махаббат сахналары режиссерлік шешімдер тұрғысынан визуалдық және семиотикалық жаңашылдыққа толы байламдармен ерекшеленді. Қасым хан мен Шәпи Банудың әрбір кездесу сахнасы мазмұны мен эстетикалық құрылымы бойынша қайталанбайды, бұл олардың қарым-қатынасының динамикасы мен ішкі драмасын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

Алғашқы кездесуінде жас Қасым Мұхаммед Шайбанидің тұтқынынан Шәпи Бануды құтқарып, бұрын тек атақ-даңқымен естіген арудың сұлулығы мен ақылына бірден сүйсінеді. Бұл сахна – олардың арасындағы алғашқы ұшқынның бастау сәтін әсерлі жеткізген. Екінші кездесу мүлде басқа эмоциялық контексте өрбиді: қос ғашық ағаш үстінде аяғын аңдап басып, бір-біріне ұмтылуы – махаббат жолының сенімсіздігі мен тағдырдың тәлкегіне ұшырағанын, тұрақсыздық пен белгісіздік үстінде жүргенін меңзейді.

Келесі кездесу айлы түні гүл жайнаған кең даланың сұлулығын сүйсіне тамашалап отырып, олардың мәжбүрлі қоштасуы арқылы өмірдің қатал контрасттарын көрсетеді. Табиғаттың кереметі мен екі ғашықтың қайғысы бір-біріне қарама-қайшы эмоцияларды туғыза отырып, көрерменді толғанысқа жетелейді. Соңғы кездесу – жылдар өткен соң, өмірдің ауыртпалығы мен өзгерісінің символына айналған көрініс. Бірі – қазақ ханы дәрежесіне көтерілген Қасым, екіншісі – Мұхаммед Шайбанидің қайғылы тағдырын бастан өткерген жесір әйел Шәпи Бану. Олардың айналасында аспалы шамның жұмбақ сәулесі аясында өрбитін әңгімелері өткен шақтың бос үміттері мен орындалмаған армандарын бейнелейді.

5 1

Дегенмен, осы эмоционалдық тұрғыдан әлеуеті зор сахналарда басты мәселе – кейіпкерлер арасындағы сезім динамикасының жеткілікті дәрежеде ашылмауы. Қасым хан роліндегі Ғазиз Сұраппаев пен Шәпи Бану роліндегі Шакизада Күзембайдың ойындарында махаббаттың шынайы оты, көрерменді баурап әкететін ішкі толқыныс толық сезілмейді. Осы себептен, сахналар көркемдік бейнелеу деңгейінен аса алмай, көрерменді эмоционалды тереңдікке жетелеу жағынан әлсіздеу болып қалған. Әсіресе, Ш.Күзембайдың жас қыздың ішкі жан дүниесін, оның Қасымға деген алғашқы сүйіспеншілігін неғұрлым нәзік әрі табиғи бейнелеуге назар аударса қойылымның эмоционалдық әсерін күшейте түсер еді.

Сол сияқты, Бұрындық хан роліндегі Аман Құмақов жаңаша қырынан танылғанымен, кейіпкердің сахналық толыққанды бейнесін жасау жағынан тереңдігі жетіспегені байқалады. Бұрындықтың мінезіндегі билік пен әлсіздіктің тартысын айқындайтын жарқын сахналық бояулар мен ішкі драмалық қақтығыстардың жоқтығы кейіпкерді даралауға кедергі келтірген.

Қойылымда сахналық кеңістіктің тұтастығы трагедияның ауқымын айтарлықтай кеңейтіп, актерлердің еркін әрекет етуіне мүмкіндік беретін жан-жақты ортаға айналған. Сахнаның артқы бөлігінде орналасқан ортағасырлық Сарайшық қаласының биік қақпасы – режиссерлік ойдың көркемдік өзегіне айналып, көрерменді сол дәуірдің тарихи атмосферасына терең бойлатады. Бұл элемент спектакльдің эстетикалық құндылығын арттырып қана қоймай, тарихи нақтылықтың символына айналған. М.Әуезов атындағы Ұлттық академиялық драма театрының суретшісі Мұрат Сапаров көне шаһардың архитектуралық келбетін тарихи шындықпен үндестіре отырып, режиссерлік идеяның үйлесімді жалғасын тапқан көркемдік шешімдер ұсынған. Қорған қасбетінде көрсетілген арабша бейнежазбалар, сондай-ақ кадр сыртынан естілген деректі фильмдер стиліндегі баяндау спектакльді заманауи мультимедиялық элементтермен байытып, тарихи деректерге сүйенгендігін айшықтай түскен. Бұл шешім көрерменге өткен дәуірдің терең мәнін жеткізумен қатар, спектакльдің бейнелеу өнері мен сахналық драматургияның шегінде тұрған үлкен полотно ретіндегі ауқымдылығын танытады.

Сондай-ақ, әр кейіпкердің костюмі олардың әлеуметтік дәрежесі мен мінез ерекшеліктерін нәзік әрі дәл бейнелейді. Суретшінің кәсіби шеберлігі кейіпкерлердің сыртқы келбетінде ғана емес, олардың ішкі әлемін ашудағы басты құрал ретінде пайдаланылған. Байсалды хандық киімдерден бастап, қарапайым халық пен жауынгерлердің киімдеріне дейінгі детальдар спектакльдің тарихи шынайылығын арттырып, көрерменнің назарын басты оқиға желісіне шоғырландырды.

Режиссер Елік Нұрсұлтан сахналық қойылымды эмоционалды және динамикалық тұрғыдан байыта отырып, жоғары патриоттық рухтағы спектакль жасауға қол жеткізген. Басты мақсаты – тарихи тұлға Қасым ханның қайсарлығын және сол дәуірдегі қазақ халқының ерлігін ерекше қаһармандық деңгейде көрсету. Кейбір эпизодтарда режиссер патетикалық атмосфераны шынайылықпен ұштастырып, соғыс кезеңінің ызғары мен бүкілхалықтық күрестің пафосын көркем жеткізе білген.

Оқиғалардың бір сахнадан екінші сахнаға жылдам ауысуы режиссердің оқиға желісін шеберлікпен жинақтап, сахналық динамиканы сақтаудағы кәсіби деңгейін көрсетеді. Әсіресе, көпшілік қатысатын сахналарда тарихи дәуірдің атмосферасы мен халықтық сипат айқын сезіледі. Бұл эпизодтар қойылымның драмалық шарықтау шегін күшейтіп, әр кейіпкердің бейнесін тереңірек аша түсуге ықпал етеді.

Спектакльдің тағы бір маңызды ерекшелігі – оның стилистикалық әрқилылығы. Мұнда тарихи рухтағы батырлық эпизодтар да, тұрмыстық суреттемелер мен нәзік лирикалық көріністер де үйлесімді өрілген. Әсіресе, тұрмыстық сахналар тарихи деректер мен эпикалық оқиғалардың аясында көрерменге кейіпкерлердің қарапайым адами бейнесін де ашуға мүмкіндік береді.

6

Лирикалық сахналардағы жылы, интимдік атмосфера мен аңыздық эпизодтардың асқақ пафосы спектакльдің көпқабатты драматургиялық құрылымын толықтырады. Бұл көркемдік әдіс-тәсілдер қойылымды тек тарихи тұрғыдан емес, философиялық әрі мәдени контексте де маңызды туындыға айналдырады.

Режиссер Елік Нұрсұлтан қойылымда жарық пен музыканың мүмкіндіктерін шебер пайдаланып, мизансценаларды графикалық дәлдікпен құру арқылы соғыс кезеңінің ауыр әрі күрделі атмосферасын айқын жеткізген. Спектакльдегі сахналық қаһармандықтың монументалдық формаларын құруда композитор Бауыржан Ақтаев арнайы жазған музыканың орны айрықша. Бірде асқақ қаһармандық, бірде нәзік лирикалық әуендер сахна оқиғаларына эпикалық масштаб пен эмоционалдық тереңдік беріп отырды.

Спектакльдегі күрес сахналары режиссердің тапқырлығымен және креативті шешімдерімен ерекшеленеді. Эпизодтардың шынайылығы мен әсерлілігінде арнайы шақырылған кәсіби кинокаскадер Еркін Мекебаевтың еңбегі зор. Әсіресе, Қасым мен Шахқайдар арасындағы қылыштасу сахнасы – спектакльдің шарықтау шегі десек артық болмас. Голливудтық экшн фильмдерінен кем түспейтін ширақ әрі дәл қимылдар, сахна алаңының кең мүмкіндіктерін пайдалану арқылы динамикаға толы көріністер жасалған. Бұл сахналар көрерменді өзімен бірге оқиғаның қақ ортасына жетелеп, драмалық шиеленісті барынша күшейте түскен.

Сонымен қатар, Қасымның досы Хасеннің семсерлесу кезінде Мұхаммед Шайбанидің қолынан қаза табатын сахнасы баяу қозғалыстар мен кинематографиялық баяндау тәсілдері арқылы әсерлі етіп көрсетілген. Дегенмен, бұл көріністе эмоционалды әсерін толыққанды жеткізу үшін кейбір көркемдік детальдарды әлі де ширата түсу қажет.

Би көріністерін қоюда «Самұрық» би театрының хореографы Мөлдір Қасым театр әртістерімен жақсы жұмыс істегені айқын сезіледі. Киіктердің бейнесі мен шығыстық билер нәзік пластикалық шешімдер арқылы қойылымның көркемдік стилін толықтырған. Әр қимыл, әр иірім сахнадағы визуалды поэтиканың бөлігіне айналған. Алайда актрисалар қимыл синхрондығы мен би техникасын жетілдіре түссе, болашақта қойылымның хореографиялық элементтерін одан әрі көркейте түседі.

Режиссердің оқиға ағынын динамикалық және эмоциялық тұрғыда шебер үйлестіруі спектакльдің құрылымдық тұтастығын қамтамасыз еткен. Бір сахнаның екінші сахнаға табиғи ауысуы, кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынас пен шиеленістің үнемі дами түсуі көрермен назарын бір сәтке де босатпайды. Сондықтан спектакльде актерлік ансамбль, сахналық тұтастық бар.

Тарихи мұраны сақтап, оны бүгінгі ұрпаққа эстетикалық және идеялық тұрғыдан жеткізуге бағытталған маңызды қойылым режиссерлік шешімдердің жаңашылдығы, сахналық атмосфераны күшейтудегі техникалық құралдардың үйлесімді қолданылуы, сондай-ақ актерлер мен хореографтардың ортақ еңбегі арқылы өзінің көркемдік деңгейін биікке көтеріп, көрерменді тарих тереңіне жетелейтін ерекше тәжірибеге айналдырды. Бастысы актерлердің жеке ізденісі мен бейнелеу әдістерін жетілдіруі спектакльдің шығармашылық әлеуетін күшейте түсуге мүмкіндік беретінін ескеру керек. Әсіресе, кейіпкерлердің ішкі эмоциялық жағдайын тереңірек ашуға арналған тың тәсілдерді игеру – актерлік шеберліктің жаңа белестерін бағындыруға ықпал етпек.

Қойылымның сахналық өмірі алдағы уақытта да жалғасып, шығармашылық топтың ізденісі арқасында көркемдік мазмұны байи түсері сөзсіз. Бұл спектакль қазақ халқының тарихи болмысын, ұлттық ерлік дәстүрлерін және мәдени құндылықтарын бүгінгі заманның көзімен қайта жаңғыртуға ұмтылған өнер туындысы болып қала береді.

Анар ЕРКЕБАЙ,

театртанушы, өнертану кандидаты, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры

Алматы қаласы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button