Жарнама
Жаңалықтар

Қасқырға қой бақтырыппыз 

«Қасқырға қой бақтырып» жүрген жоқпыз ба… Бұл сауал емес, бұл ой ғана… Олай дейтініміз, балабақшадағы бала ұрғыш тәрбиешілердің көбейіп бара жатқанына алаңдайтын кез жетіпті. Бір емес, бірнеше рет қайталанып жатқан оқиға өзге көлеңкелі тақырыптардан да қалыспай жарысып келеді.

Жуырда қаладағы «Зейнеп-Әмина» жекеменшік балабақшасындағы МАД тобының аяқ-қолы балғадай бикеші шынашақтай баланың қуығынан теуіп, мертіктіре жаздады. Оқиға бейнеленген бейнежазба тарағаны сол, блогерлердің әлеужелідегі парақшалары мен телефондарына балабақшалардағы бассыздықтарға қатысты оқиғалар жиі орын алатыны жазылған хабарламалар көптеп түсіп жатқан көрінеді.

Zakon.kz сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, 15 қаңтар күні зардап шеккен бала тәрбиешіге қатысты ата-анасына шағымданған екен. «Келесі күні біз кабинеттегі камерадан басқа барлық камераларды қарап шықтық, бірақ ештеңе таппадық. 17 қаңтарда кабинеттегі камера жазбаларын тексергеннен кейін біз не болғанын көрдік», — дейді ата-анасы. Білім беру басқармасының басшысымен кездескен ата-ана ол жерде де тәрбиешілер балабақшадағы камераларды бұрып, бұрышқа қаратып қоятындарын айтады. Бейнекамераны IT мамандардың орнына қойғанын білмей қалса керек, «каратис» бикеш алғашында тепкенін мойындамай, өзі бұрып қойған камераға сенген секілді. Дегенмен мұнысы іске аспай, тұтылғанда барып шегінерге жолы қалмаған көрінеді.

Күлуге де болмайтын болар, десе де, мұғалімнің аяғын шошаңдатуына не себеп болды дейсіз ғой?  Тәрбиеші  екінші қатардағы балалардан бірінші қатардағы балалардан кейін шығуды сұраған сәтте тепкіге тап болған балақай екінші қатардан жүгіріп шығып, тәрбиешінің қытығына тиіп кеткен көрінеді. Ақылынан бұрын аяғы алда жүретін қызметкердің бұл қылығы – «бір қарын майды шірітіп», нағыз мамандардың ісіне сызат түсірді. Ал әр ата-ананың көңіліне күдік ұялатты.

Айтпақшы, 28 жастағы тәрбиеші мекемеде 2018 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр екен. Осы уақыттың ішінде үстінен бірде бір шағым түспеген. Оқиғадан кейін ол ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы бойынша жұмыстан шығарылды.

«Зейнеп-Әмина» жекеменшік балабақшасының директоры Гүлмайра Қалқанова талапшыл және белсенді мамандарының ісіне таңғалғандарын айтыпты. «Ата-аналар ол туралы әрқашан оң пікір білдірді және ешқашан шағымданбады. Оның барлық қажетті анықтамалары бар. Соған қарамастан мен оны жұмыстан шығардым, өйткені болған оқиғаға ешқандай себеп жоқ» деп сұхбат беріпті.

Директор олардың мектепке дейінгі мекемесіне осы ата-ананың тағы екі баласы келіп жүргенін, осы оқиғадан кейін ол анасына балаларды тегін әкелуді ұсынған. Бірақ аталған бүлдіршіннің ата-анасы оларды балабақшадан алып кетуге ниетті екен. Өйтпегенде қайтсін, сақтықта қорлық жоқ.

Полиция департаментінің хабарлауынша, қазір оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. 

Бала бойына ең керегі мейірімділік пен адамгершілік. Бала тәрбиесінде алдымен ата-анасы және тәрбиеші-ұстаздары да жауапты екені ақиқат. Десе де, мұндай фактілер күн өткен сайын жиілеп барады. Балапандарымызды қаскөйлерден қорғаймыз деп жүргенде мұндай тәрбиешілердің тепкісінен қалай сақтанамыз? Оларға не жетпейді? Жауапты мекемеге маман қабылдар кездегі кезеңдер, психологиялық тесттер өз деңгейінде жүре ме? Жоқ әлде балаларымыз «бармақ басты, көз қыстының» құрбаны болып жүр ме? Соңғы сөйлем шындыққа жанасатын секілді…

Рита ӨТЕУҒАЛИ

//  Сіз не дейсіз?

Элеонора ДОСКАРИЕВА,

психолог:

Баланың жаны жараланады

Қазіргі уақытта балабақшаларда тәрбиешілердің балаларды ұру фактілерінің көбеюі қоғамның алаңдаушылығын тудырып отыр. Бұл жағдайлар баланың психоэмоционалдық дамуына теріс әсер етуі мүмкін, себебі жазалау арқылы баланың өзіне өзінің сенімі азаяды, бағалауы төмендейді.

Ұру және басқа да жазалар баланың тәртібін уақытша түзеткенімен, ұзақ мерзімді психологиялық әсерлері ауыр болады. Бұл әдіс баланың ішкі әлеміне теріс ықпал етіп, оның әлеуметтік қатынастарын қалыптастыруда қиындықтар туғызуы мүмкін. Сонымен қатар, баланың дұрыс пен бұрысты ажыратуына көмектеспейді, керісінше, ол агрессияны және зорлық-зомбылықты дұрыс қарым-қатынас ретінде қабылдауы мүмкін.

Баланың эмоционалдық дамуы, өзін-өзі тануы, өз құқықтары мен шекараларын түсінуі үшін тәрбиелеудің басқа әдістері бар.

Балабақша тәрбиешілері балаларды дамыту мен тәрбиелеу процесінің маңызды бөлшегі болып табылады. Сондықтан олар өздерінің кәсіби міндеттерін адал атқарып, балаға дұрыс бағыт-бағдар беруі тиіс. Баланы ұрудың орнына, оның тәртібін түзету үшін тәрбиеші сабырлы, түсіністікпен, шыдамдылықпен және тиімді коммуникация әдістерімен жұмыс істегені жөн.

Қорыта келе, балаларға физикалық жазаны қолдану емес, баланың психоэмоционалдық дамуына қолайлы жағдайлар жасау қажет. Бұл болашақта балалардың қоғамда бейбіт және үйлесімді өмір сүруіне ықпал ететін ең тиімді жол.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button