Жарнама
Жаңалықтар

Қашағанның қазынасын игеру үшін жаңа зауыт салына ма?

Atr.kz/25 желтоқсан, 2019 жыл.  Облыстың мұнай-газ саласына қатысты жаңалық бар. Қашаған кенішінде жаңа газ өңдеу зауыты салынуы мүмкін. Ел экономикасын еселейтін жоба қашан жүзеге асады? Ол нақты қай жерде орналасады? Біз осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Үш жобаның екеуі Атырауда

 Биыл елімізде 89 млн. тонна мұнай өндіріледі деп жоспарланды. Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов қазірдің өзінде бұл көрсеткіштің асыра орындалатынына сенімді. Оның айтуынша, Қазақстан жыл басынан бері 82,5 млн. тонна шикізат шығарды. Енді ол жақын күндері 90,5 млн. тоннаға жетеді.

– Негізгі өндіріс – үш ірі жобаның үлесінде. Мұнай өндірудің 60 пайызын Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындары қамтамасыз етеді. 2019 жылы 3 жобада жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы, елімізде өнім өндіру көлемі тұрақты, — деді энергетика вице-министрі. Ірі үш жобаның екеуі – Атыраудың аумағында. Қашаған мен Теңіз кен орындарындағы күрделі жөндеу жұмыстары жоспардан күні бұрын аяқталды.

 D аралы, «Болашақ» мұнай және газ даярлау қондырғысында жоспарлы-алдын алу жөндеу жұмыстары жүргізіліп, өндіріс толық тоқтатылды. Мамандар оның жоспарлы іс-шара болғандығын айтады. Осының нәтижесінде Қашағаннан өндірілетін мұнай тәулігіне 370 мың баррельге жетті. – Теңіз кен орындарын келешекте кеңейту және Қашаған кен орнында газды кері айдау қуаттарын ұлғайту жобалары есебінен 2023 жылдан бастап өндіру көлемін 100 млн. тоннаға арттыру жоспарлануда. Қалған компанияларда жағдай өзгеше. Негізгі кен орындарында өндірістің кешеуілдеуіне байланысты Қызылорда облысының кен орындарында мұнай өндірудің төмендейтіні белгілі болды, — деді Әсет Мағауов.

Маңызды нысан қайда салынады?

 Қашаған жобасы Қазақстанда теңіздегі мұнай кен орындарын игеруге жол ашты. Қажетті инфрақұрылымы мен қолдау базалары жасақталмаған, теңіз кемелері, бұрғылау қондырғылары жоқ ел бүгінде күрделі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Ендігі әңгіме осы технологиялық үрдісті жалғастыру турасында болуда. Қазақстан билігі НКОК халықаралық консорциумымен бірлесіп, Қашаған кенішінен қуаты жылына 1 млрд. текше метр газ өңдейтін зауыт салу туралы мәселені талқылап жатыр. Энергетика вице-министрі Мұрат Жүребековтің пікірінше, қазір бастамаға қатысты жол картасы дайындалуда. Мұнай өндірісінің артуы мен газ көлемінің ұлғаюы бүгінгі зауытқа айтарлықтай салмақ салады. Тіпті ол жүктемені көтере алмауы мүмкін. Соның алдын алу және қаржыны босқа шашпау үшін осындай өндіріс ошағы қажет. Алайда, құны 1 млрд. долларды құрайтын ауқымды жоба кімнің қаражаты есебінен жүзеге асады? Бұл сұраққа әзірге жауап жоқ. Белгілісі, алып нысанның еліміз үшін өте маңыздылығында. – Қазіргі «Болашақ» зауытының өзіндік өндіріс қуаты мен техникалық мүмкіндіктері бар. Оған шамадан тыс салмақ салуға болмайды. Сондықтан, жаңа өндіріс ошағының құрылысы қарастырылып жатыр. Әзірше, болжаммен жылына 1 млрд. текше метрлік өндірістік қуатқа ие болады деп жоспарлануда. Кейін еселей түсуге мүмкіндігі бар модульдік тұрғыда жасалатын нұсқасы қарастырылады. Осы арқылы Қашаған кен орнын кеңінен игеріп, игілігін көре аламыз, — деді вице-министр.

Табиғи отынға сұраныс артуда

НКОК компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қашағанда 2016 жылдың тамызынан бері 30 млн. тонна мұнай, 8,5 млрд. текше метр газ өндіріліп, экспортқа шығарылды. Алдағы уақытта оның көлемі өсе түседі. Жалпы, еліміз бойынша өткен жылы 55 млрд. текше метр газ өндірілді. ОПЕКтің бағамынша, аталған шикізат түрін шығаруда Қазақстан әлемдегі алдыңғы 30 елдің қатарында. Ал, қоры жөнінен бастапқы 20-ның тобынан табылады.

 – Өндірілген газ, анығында, оны утилизациялау мұнай өндіруді арттыруға тежеу болатын фактор саналады. Сондықтан, екі нұсқаның бірін таңдаудың қажеттілігі туды. Олар жер қабатына кері айдау немесе өңдеу арқылы тауарға айналдырып, экспорттау бағыты. Республикамыз оның соңғысын қалап отыр, — деді Мұрат Жүребеков. Бүгінде болашақ зауыттың жобасы техникалық тұрғыдан зерделенуде. Егер шешім қабылданса, зауыт алдағы үш жылдың ішінде салынуы мүмкін. Істің басы-қасында жүргендердің мәселеге ерекше маңыз берулері бекер емес секілді. Әлемде көгілдір отынға деген сұраныс күннен күнге өсіп келеді. Газ экспорттаушы елдер форумында ғаламдық энергиябаланстағы оның үлесі қазіргі 23 пайыздан 2050 жылға қарай 27- ге дейін ұлғаятыны айтылды. Осы себептен Қазақстанға келген инвесторлар бұл мәселеде өзіндік үлесін қосатындарын байқатып отыр. Дегенмен, салада шешімін күткен проблемалар аз емес.

Royal Dutch Shell компаниясының директоры Паван Чилукури жоғары күкіртті газ өндіретін кейбір мемлекеттердің тұйыққа тіреліп отырғанын жасырмады. Оның себебі неде?

– Мысалы, Қашаған газының бағалы емес компоненттері 25 пайызды құрайды. Яғни, аталған 25 пайыз бөлік сатуға келмейді, ешқандай құны жоқ. Сондықтан, оны қажетке жарату үшін қазір түрлі өндірістік жолдары қарастырылуда, — дейді ол. Табиғи отын өндірісі Қазақстанның бағын ашқалы тұр. АҚШ мен Қытайдың осы өнімге сұранысы өткен жылы тұтыну көлемін 5 пайызға өсірді. Ол алдағы уақытта ұлғаймаса, кемімейтіні белгілі болуда. Қашаған кенішінің қазынасын қажетке жарату үшін Атыраудың аумағынан газ өңдейтін зауыттың салынатындығы болжамнан ақиқатқа айналатын күн алыс емес.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button