Қашағанда тәулігіне 500 мың тонна баррель мұнай өндірілмек
Atr.kz/3 қазан, 2019 жыл. Қашағандағы мұнай өндіру көлемі тәулігіне 500 мың тонна баррельге жеткізілуі мүмкін.
Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі күні Қашаған тәжірибелік-өндірістік әзірлеме аясында игеріліп жатыр. Мұны бірінші фазасы десек те болады. Қазіргі уақытта тәулігіне 380 мың баррель мұнай өндіріледі. Дәл осы фаза аясында кезең-кезеңімен тәулігіне 420 мыңнан 500 мың баррельге дейін жеткізу жоспарланған. Бірақ, бұл тек бірінші фазада ғана. Сөз кен орнын барынша қамту арқылы Қашағанды толық ауқымда игеру жайында болып отыр. Әрине, бұл жаңа аралдар салу, жаңа өндірісішілік құрал-жабдықтар мен ұңғымаларды бұрғылауға орай үлкен шығыстармен байланысты және консорциум түрлі нұсқаларын қарастырып жатыр», — деді бірінші вице-министр.
Осы орайда ол Қашағанды толыққанды игеру үшін «Болашақ» газды қайта өңдеу зауытының қуаты жетіспейтіндігін айтты.
«Бірінші фаза аясының өзінде өндірілген ілеспе газ көлемін кәдеге жарату мұнай өндіруді арттыруға кедергі келтіретін фактор болып тұр. Ал «Болашақ« зауыты өзінің құжаттық қуатына сәйкес техникалық тұрғыда оны еңсере алмайды. Сондықтан да болжаммен жылына 1 млрд текше метрлік өндірістік қуаты болғанымен одан кейін еселей түсуге мүмкіндігі бар модульдік тұрғыда газды қайта өңдейтін зауыт салу нұсқасы қарастырылуда», — деді ол.
Сонымен қатар ол бұл мәселенің әзірше техникалық тұрғыда қарастырылып жатқандығын ескертті. «Әрине, бәрі жобаның құны мен қаржыландыру мәселесі байланысты болып отыр. Мәселе әзірше талқыланып жатыр. Меніңше, газды кәдеге жаратудағы кедергілерді жою, оны қайта өңдеу және соған орай мұнай өндіру көлемін арттыру үшін бұл ең дұрыс шешім болмақ. Бұл республикаға газдың қосымша көлемін де берер еді», — деді Махамбет Досмұхамбетов.