Қаржылық қатынастар ашықтық принципімен жүзеге асса…
Atr.kz/12 наурыз, 2020 жыл. Кеше Атырау өңіріне іссапармен келген бір топ Парламент Мәжілісінің депутаттары мен Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері облыстық әкімдікте болып, бюджетаралық қатынастар жүйесін жетілдіру және өңірлерді меншікті кіріс көздерін жасауға ынталандыру бойынша көшпелі отырыс өткізді.
Жиында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов аймақтың әлеуметтік-экономикалық өсім қарқынына тоқталды. «Инвестициялық жобаларды іске асыру, мұнай-газ өндірісі көлемін арттыру, жаңа кәсіпорындарды іске қосу, өңдеу өнеркәсібін дамыту, көлік инфрақұрылымы, өндірісті қайта жаңғырту, сондай-ақ, әлеуметтік салаларда да ауқымды істер атқарылып, екпінді өрлеу бар. Атырау облысы – республикадағы донор аймақтың бірі. Сондықтан, бүгінгі көшпелі отырыс өз нәтижесін беріп, өңірлердің меншікті көздерін табуына ықпал етеріне сенімдімін» деді Махамбет Жолдасқалиұлы.
Басқосуда жергілікті бюджеттің болжамын жасауда ашықтықтың қажеттігі туралы кеңінен айтылды. Жиынға төрағалық еткен Парламент Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Омархан Өксікбаев салық түсімдеріндегі өзекті деген мәселелерге тоқталып, заңнамаға өзгерістер енгізу үшін өңірлердің проблемаларын көтеру қажеттігін баса айтты.
«2018-2019 жылдары Атырау облысында өзіндік құны 22 млрд. теңгені құрайтын 2622 пәтерлі 27 үй іске қосылды. Ал, осы мерзімде салық өсімі екі-ақ миллион теңгені құрады. Облыс бойынша тіркелген жеңіл көлік саны өткен жылы тоғыз пайызға өскен, ал, жергілікті бюджетке түсетін көлік салығы керісінше 121 млн. теңгеге кеміп отыр. Сондықтан, жергілікті жерде бюджеттің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету қашан да маңызды. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттің қаржысын үш жылға жоспарлау қамтамасыз етілуі керек» деді Омархан Нұртайұлы.
Бүгінде Бюджет кодексіндегі басты өзгерістердің бірі биыл 1 қаңтардан бастап корпоративтік табыс салығын шағын және орта бизнестен жергілікті бюджеттерге беру болды. Осының нәтижесінде Атырау облысы жергілікті бюджеттің кірістерін 28 млрд. теңгеге ұлғайтады деп болжамдалған. Аймақта орта және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің үш мыңнан астамы жергілікті бюджеттерге корпоративтік табыс салығын төлейді.
Жалпы үш жылдық кезеңде микро және шағын бизнес үшін салықтық каникул есебімен жергілікті бюджеттердің кірістері 95 млрд. теңгеге ұлғаяды. Осы ретте Қаржы министрлігінің өкілдері табысты қайта бөлу жергілікті атқарушы органдар үшін жергілікті бизнесті дамытуға, өңірдегі экономикалық белсенділікті арттыруға және олардың салық базасын кеңейтуге ынталандыруға қызмет етуі тиістігін талқылады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкеновтың айтуынша, былтыр мемлекеттік бюджетке ұлттық қормен бірге 3 трлн. теңге салықтар мен төлемдер түскен. Жергілікті бюджет түсімдерінің негізгі бөлігін салықтық түсімдер құрайды. Аймақта әр салада бірқатар мердігер компаниялар жұмыс жасауда. Алайда, олар өзге өңірлерде тіркелгендіктен, біздің бюджетке салық түспейді. Сондай-ақ, әлеуметтік саланың жаңадан салынған нысандарын ұстау шығындары жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу әдістемесінде қаралмаған. Осы орайда оларды жергілікті бюджет базасында ескеру қажет. Бұдан басқа, кейбір министрліктер тарапынан Бюджеттік кодекстің 42-бабының талаптарының орындалмауы да сөз болды.
«Материалдық-техникалық базаларын нығайту шығындарын республикалық және жергілікті бюджет есебінен қаржыландыру мәселелері бойынша реттеу нормалары жоқ. Мәселен, Кодексте екі бюджеттен де қаржыландыру қаралғанымен, Ішкі істер министрлігінің облыс аумағындағы Полиция және төтенше жағдайлар департаменттерінің материалдық-техникалық жағдайын нығайту толығымен жергілікті бюджет есебінен ғана қаржыландырылуда» деді Серік Жамбылұлы.
Ұлттық экономика министрлігінің Бюджет саясаты департаменті директорының орынбасары Айгүл Айтбаеваның айтуынша, бүгінде жергілікті бюджеттердің кірістерін нығайтуға және жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде өңірлерге үлкен қаржылық дербестік берілуде. Бұл ретте Парламент Сенатында арнайы жұмыс тобы да құрылыпты. Оның құрамына Атырау облысының әкімдігінің өкілдері қосылған. Ендігі уақытта жұмыс шеңберінде айтылған мәселелерді шешу жөнінде ұсыныстар одан әрі талқыланады.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА