Монополистің заңсыз талаптары тоқтатылды

foto 57056 Жаңалықтар

Atr.kz/11 шілде, 2019 жыл. «Атырау қаласының прокуратурасы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның кәсіпкерлерден артық жұмсалған тауарлық газға заңсыз төлемақы талап ету фактісін анықтады» деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Нақтырақ айтсақ, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ы артық жұмсалған газ есебін өздеріне пайда әкелетіндей қолданған, ал кәсіпкерлер газдан айырылудан қорыққандықтан белгіленген төлем сомасына келісуге мәжбүр болған.

Монополист ҚР Энергетика министрінің «Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы» №96 бұйрығының талаптарына сәйкес 1,5 коэффициентті тек артық пайдаланылған газ көлеміне қолданылуы тиіс еді. Алайда, қызмет көрсетуші мекеме аталған коэффициент мөлшерін барлық пайдаланылған газға есептеген.

Облыстық прокуратураның мәлімдеуінше, 2018 жылдың қараша және желтоқсан айларында 800 кәсіпкерге 45 млн. теңгеге заңсыз төлем белгіленген.

Прокуратура актісімен заңсыз төлем туралы құжаттың күші жойылып, кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды. Ал, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның екі жауапты қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз