Қаржы операциялары заң аясында жүргізіледі
Аудит жүйесінде мемлекет қаражатының мақсатты жұмсалуын қадағалаумен қатар тағы бір маңызды мәселе ескерусіз қалмауы тиіс. Яғни, капиталды толық көрсету, дебиторлық, кредиторлық берешектерді есептеу, кірістер мен шығыстар шоттарын жабу, қаржы-шаруашылық операциялар да заң шеңберінде орындалуы қажет. Жуырда Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті ішкі саясат басқармасы және оған қарасты 1 нысанды тексерді.
Атап айтқанда, тексеріс жүргізілген қаржы айналымының жалпы құны 366 034,4 мың теңгені құрап отыр. Нәтижесінде, бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау тәртібі бойынша барлығы 288 868,3 мың теңгенің бұзушылықтары анықталған. Оның ішінде 284 392,5 мың теңге қаржы бұзушылықтары болса, 4 475,8 мың теңге рәсімдік сипатта орын алған.
Мәселен, облыстық ішкі саясат басқармасы мен оларға бағынышты мекемелерде дебиторлық және кредиторлық берешектерді жасыру, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, бухгалтерлік тәртіпті бұзу, пайдаланылмаған демалыс бойынша қызметкерлерге резерв сомасын есептемеу деректері анықталды. Сондай-ақ, жүктелген функционалдық міндеттерді толық орындамау фактілерінің беті ашылды. Ал, ол қаржылық есептілік туралы шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат беруге әкеп соқтырары сөзсіз.
Жалпы, аудиторлық іс-шара өткен жылдың шілде айынан басталып, биыл сәуір айында аяқталып отыр. Осы уақыт аралығында Департамент қызметкерлері бухгалтерлік есеп жүргізуді бақылауға алып, сүйемелдеп отыр. Сөйтіп, аудиторлар кемшілікті анықтап қана қоймай, оларды дер кезінде жоюға жәрдемдесті. Қорытындысында, 288 868,3 мың теңгенің қаржылық және рәсімдік сипаттағы заң бұзушылықтары бойынша бухгалтерлік жазбалар беріліп, қалпына келтірілді.
Рүстем ТҮСІПБЕРГЕН,
Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік
аудит департаменті басшсының орынбасары