Қарызды кешіру акциясы 37 335 атыраулықты қамтыды
Atr.kz/17 қыркүйек, 2019 жыл. Облыс тұрғындарының 1,4 млрд. теңгеден астам айыппұлы мен өсімпұлы кешірілді.
Біржолғы акция 37 335 атыраулықты қамтыды. «Атырау» газетіне арнайы сұхбат берген Ұлттық банк Атырау филиалы директорының орынбасары Серік Омаровтың айтуынша, кепілдіксіз тұтынушылық бережағын кешіру Президенттің «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлығы негізінде жүзеге асырылып отыр.
Жағымды жаңалық қарызын төлей алмай, қиналған жандарға көмек болды.
– Кезінде несиені қажет болғасын алған едім. Дегенмен, кейін келеңсіздіктер туындап, оны төлеу қиынға соқты. Оның үстіне, жолдасым дүниеден өтіп, отбасымды жалғыз асыраудамын.
…Бір күні банк алдындағы 250 мың теңге берешегімнің өтелгендігі туралы хабар алдым. Банк қызметкері қалған 50 мың теңгенің есепшотыма аударылатынын хабарлады. Бұл мен күтпеген жаңалық болды. Шынымен, қуаныштымын, — деді Атырау қаласындағы мекемелердің бірінде күзетші болып жасайтын Жұмабек есімді жігіт ағасы. Оның баяндауынша, ауысымға таңертеңгі 8-де кетіп, кешкі қараңғыда бір оралады. Сондағы алатын жалақысы – 50 мың теңге. Бұл табысы аздық еткендіктен, демалыс уақытында басқа жұмыстар атқарады екен.
Ұлттық банктің Атырау филиалы директорының орынбасары Серік Омаров Президент Жарлығы несие төлейтін мүмкіндігі жоқ, жағдайы төмен осындай санаттағы жандарға зор қолдау болғанын айтып отыр.
– Бұл топқа көп балалы, асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан бала кезінен мүгедектер бар отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, 29 жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар кіреді. Олардың екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарында 300 мың теңгеге дейінгі көлемде (2019 жылдың 1 маусымдағы жағдай бойынша берешек сомасы 3 млн. теңгеден аспауы тиіс) қарыздарын өтеу қарастырылған, — деді ол.
Жарлықтың екінші бөлімі кепілсіз тұтынушылық берешегі бар барлық санатты қамтиды.
– Қарыз жүктемесінің азаюына үміттенген отандастарымыз өздерінің мәртебесін еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми интернет-ресурстарынан тексере алады.
Ол үшін http://www.enbek.gov.kz/ ru/node/363149 сілтемесіне өтіп, ЖСН енгізіп, сұраныс жіберуі жеткілікті. Қарызды азайту туралы кеңесті 111, Астанадағы (коды 87172) 7432-20, 75-01-79, 75-01-78 телефондары арқылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің базасында жұмыс жасайтын байланыс орталығынан алуға болады, — деді Ұлттық банктің Атырау филиалы директорының орынбасары.
Азаматтардың тізімі орталық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері арқылы қалыптастырылған. Ол Ұлттық банк пен Мемлекеттік кредиттік бюроға беріліпті. Ұлттық Банк несиесі жоқ, жалпы қарызы 3 млн. теңгеден асатын, берешектері коллекторлық ұйымдарға берілгендерді тізімнен алып тастағаны белгілі болды. Нәтижесінде қарызы кешірілетіндердің нақты саны еліміз бойынша 500 мыңнан асыпты. Тізімге енбей қалғандықтан туындаған келеңсіздіктер де бар. Оған кейбір адамдардың жауапсыздығы себепші болыпты. Отасқаннан кейін заңды некеге тұрмайды немесе бала дүниеге келгеннен соң құжат жасақтамайды. Мұның соңы мәртебелерінің анықталмауына әсер етуде.
Әлеуметтік сала мамандары мемлекеттен жәрдемақы алмаған көп балалы отбасылардың ақпарат жүйесіне енбей қалған жағдайлары кездескенін жасырмады. Қоғамда қарыздың кешірілетіндігі туралы бастама қызу талқыланып жатыр. Мәселен, Мәжіліс депутаты Дания Еспаева несиелік амнистиядан кейін де борышкерлердің саны қайта көбеюі мүмкін деген пікірді ұстанады. Оның ойынша, мемлекет қиын жағдайға ұшыраған азаматтарға қажетті көмек көрсетуге міндетті.
Мемлекет басшысының Үкімет пен Ұлттық банкке берген халықтың әлеуеті төмен азаматтарының несиесін есептен шығару туралы тапсырмасы осының айғағы. «Алайда, бұл акцияның бір реттік екендігін ескерсек, несие төлемегендердің саны қайтадан өспейтініне, акцияны қайтадан өткізбеске шара болмайтынына кім кепіл болмақ?» деген Мәжіліс депутаты шетелдегідей төлемге қабілетсіз борышкерлердің мәселесін арнайы банкроттық туралы заң шеңберінде шешуді ұсынды. Ал, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова несиесін мемлекет жабады деп ойлап, банкті айналшықтағандар көбейгенін айтып отыр. «Көрсетілген санаттағы адамдар биылғы 26 маусымнан кейін несие алса, олардың қарыздары кешірілмейді» деді ол. Айтпақшы, ел арасындағы «қаржылық амнистияға ұшырағандар «қара тізімге» ілігеді, оларға енді несие берілмейді» деген әңгіме бекер болып шықты.
Азамат БАЗАРБАЕВ