Қаражат тиімді жұмсалмаған
Орта білім беру жүйесінде қаржыландырылатын шараларға негізгі құралдарды сатып алу тиімділігіне, сондай-ақ Құрманғазы аудандық білім бөлімі мен оған қарасты мекемелерге және бөлінген бюджет қаражатына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы шықты. Соған байланысты өткен мәжілісте облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Асылан Құмаров аудит 4 негізгі және 13 үстеме нысанды 3 миллиард теңгеге жуық бюджет қаражаты бойынша тексергенін айтты.
Тексеру нәтижесінде 1 миллион теңгеден астам сомада заң бұзушылықтар анықталған. Оған қаржылық заң бұзушылықтар, тиімсіз жоспарланған және пайдаланылған бюджет қаражаты кіреді. Сонымен қатар, ресімді сипаттағы 120 заңға қарсы іс-әрекет анықталған. Ал, әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 66 фактінің 35-іне іс қозғалған. Соған сәйкес 2 миллион теңгеге жуық айыппұл салынып, төленді.
Жылыой аудандық білім бөлімі орта мектептегі жабдықтар мен жиһаздарды тиімсіз жоспарлаған. Аудиттік тексеру нәтижесінде орта білім беру мекемелеріндегі міндетті функцияларды орындау сапасы төмендеп бара жатқаны байқалған. Нақтырақ айтқанда, «Алтын белгі» иелері мен үздік бітірген оқушылардың саны айтарлықтай азайыпты.
Ал, Атырау қаласында мектептердің мемлекеттік сатып алу бойынша өнімді жеткізушілердің тауарды кешіктіргені үшін «қара тізімге» енгізу туралы арызданбаған 45 жағдай анықталыпты. Одан бөлек, сатып алынған құрылғылардың пайдаланылмай тұрған, мектеп есепшілерінің қате тапсырған қаржылық есептері мен заң жүзінде ресми құжаттар ресімделмеген. Ал, Құрманғазы ауданындағы педагогтердің біліктілігі жыл сайын артып отырғанымен, оқушылардың үлгеріміне оң әсер ете қоймағаны байқалған.
Жиында Құрманғазы ауданының білім бөліміне қарасты мекемелерде де қаржы заңдылықтарын бұзу мен оқушылардың білім алу сапасын төмендетуге душар ететін факторлар тіркелген. Сонымен қатар, мамандығы сәйкес келмейтін қызметкерлерге өзге пәннен сабақ бергені үшін 4 жыл бойы төленген 2 миллион теңге төленіп келіпті. Заң жүзінде бұл тиімсіз пайдаланылған қаржы болып саналады.
Малика ТӘКЕЖАНОВА