Қарабаудағы құрылыс жұмыстары қалай жүргізілуде?
Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Иғали Қызылқоға ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Жиында жергілікті халық жол жағдайы, ұялы байланыс сапасы, ауылда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары туралы сауалдарын қойып, әлеуметтік және жұмыспен қамту мәселелері бойынша өтініштерін білдірді.
Қызылқоға ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуде тұрғындарды ерекше қызықтырған мәселелердің бірі – ауылда қолға алынған жобалардың барысы болды. Әкім орынбасары бұл жөнінде жан-жақты мәлімет берді.
Бүгінде Қарабау ауылына кіреберіс жолды жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ұзындығы 1,1 шақырымды құрайтын бұл жобаны «Инвент Теам» ЖШС мердігер мекемесі жүзеге асыруда. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Сонымен қатар, ауылда 300 орындық жаңа мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. Нысан келесі жылы ел игілігіне беріледі. Бұл жобаны «Нуркапстройгаз» ЖШС жүзеге асыруда.
Өткен жылы ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша басталған спорт кешенінің құрылысы да жалғасуда. Мердігер мекеме – «НСК «МВМ CONSTRUCTION» ЖШС. Бұл жоба 2025 жылы толық аяқталады деп жоспарланған. Бұған қоса, ауылда ашық спорт алаңының құрылысы қатар жүргізілуде.
Білім беру саласында да маңызды жобалар қолға алынған. Қазір бастауыш мектептің жобалық-сметалық құжаттамасына өзгерістер енгізілуде. Құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталады деп күтілуде.
Ауыл ішіндегі инфрақұрылымды жақсарту бағытында да нақты шаралар қолға алынуда. Атап айтқанда, Қарабаудың 9 көшесіне 6 шақырым болатын ауылішілік автокөлік жолының құрылысына қатысты жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптама қорытындысы алынған. Бұл жұмыстар «A&K-Али» ЖШС-нің демеушілігімен жүзеге асырылды. Жол құрылысы алдағы жылдары басталады деп жоспарланған.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ