Қаңтарда кредитке рақымшылық жасала ма?
Әлеуметтік желілерде елімізде 2021 жылғы 15 қаңтарда басталатын кредиттік рақымшылық туралы ролик таратылуда. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
3 қаңтарда youtube-арнасында «жаңа» несиелік рақымшылық туралы видео шықты. Онда 5 миллион қазақстандықтың кепілсіз тұтынушылық қарыздары, төлемдердің мерзімін кешіктіргені үшін өсімпұлдар мен айыппұлдар шығынға жазылатыны айтылған. Видеода 2019 жылы Қазақстанда өткен кредиттік рақымшылық туралы кейбір деректер пайдаланылғаны анықталды.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі роликтегі ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде хабарлады:
«Видеоның 2021 жылғы қаңтарда жарияланғанына қарамастан, онда ұсынылған ақпарат Қазақстанда 2019 жылы өткізілген рақымшылық туралы. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті бұл акцияның бір реттік екенін және кейіннен өткізілмейтінін атап өтті. Осылайша, бейнероликтегі Қазақстанда жоспарланған кредиттік рақымшылық туралы деректер шындыққа жанаспайды», – делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, 2019 жылы өмірлік қиын жағдайға тап болған қарыз алушыларға Мемлекет басшысының тапсырмасымен кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша 300 мың теңгеге дейінгі берешекті өтеу түрінде әлеуметтік көмек көрсетілді. 578 мың азаматтың 120 млрд теңгелік кредит бойынша берешегі есептен шығарылды. Азаматтардың 52% берешегі толық көлемде өтелді. Бұған қоса, барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша 33,6 млрд теңгеге 1,2 млн азаматтың айыппұлдары кешірілді.