whatsapp image 2021 05 24 at 16.07.47 1

«WorldskillsAtyrau-2021» өңірлік чемпионаты басталды

Жаңалықтар
54 / 100

          Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттері арасында жыл сайын өтетін дәстүрлі «WorldskillsAtyrau-2021» өңірлік чемпионаты басталды.

          Облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова бастаған шара қонақтары Атырау сервис колледжі, Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжі, Махамбет көп бейінді ауыл шаруашылық колледжі, Атырау энергетика және құрылыс колледжі, С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжі студенттері әзірлеген көрмемен танысты.

          Чемпионаттың ресми түрде басталуына мүмкіндік беретін ту көтеру рәсімі 2019 жылғы «Worldskills Қазақстан»  ұлттық чемпионатының «Үздік медальон» иегері, бүгінде Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің студенті Нұрлыхан Ұлықпановқа бұйырып, ортаға әкелді. Чемпионаттың ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова сөз алып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

          — Өздеріңізге белгілі, WorldSkills құрамына 82 ел және өңір кіретін халықаралық қозғалыс. Жұмысшы мамандықтарды кеңінен таныстыру, олардың мәртебесін арттыру мақсатында өңірлік деңгейде жыл сайын өтетін бұл шарадан біздің де күтеріміз мол. Бүгінде жұмысшы мамандығына қызығушылық артып келеді.  Оның дәлелі ретінде жыл сайын техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың қатары молайғанын айта аламыз. Сол сияқты әлемдік маңызға ие WorldSkills қозғалысына қатысуға ниет білдірушілердің саны жыл санап артып келе жатқаны қуантады. Осы орайда еңбек нарығына бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауда ерен еңбек етіп жүрген сала қызметкерлеріне алғысымды білдіремін,-деді Бақытгүл Қайыржанқызы.

         Облыс әкімінің орынбасары жастарға дұрыс бағыт көрсете білсек қана, олар да еңбектерінің жемісін көретінін айтты.

         «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, Білімге сенер заманда қапы қалып жүрмелік» деп өткен бабалардың сөзінің жаны бар. Жақсы маман да, жақсы адам да келешек жастардың арасынан шығатыны белгілі.

  • Әр ауданнан келіп отырған жастар, сіздердің де қолдарыңыздан бәрі келеді.

Өздеріңіздің ең мықты, ең күшті екендіктеріңізді дәлелдейтін сәт туып тұр. Тек қаланың ортасынан білім алып, күштілігімізді көрсетеміз деген сөз емес. Нағыз жұмысшы мамандар ауыл балаларынан шығады,-деп сөзін аяқтаған облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Қайыржанқызы екі қапталдағы сап түзеген жас студенттердің ішінен төртеуін ортаға шақырып, шараның басталуына рұқсат беретін старт нүктесін бірлесіп басты.  

          Өңірімізде алтыншы рет өткелі отырған байқау жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыруды, өндіріс орындарын кәсіби құзыретті мамандармен қамтуды көздейді.  «Жұмысшы қолдар олимпиадасы» деп те аталатын Чемпионатта биылғы жылы облыстағы 19 колледжден 170-ке жуық студент кәсіби шеберліктерін сарапқа салмақшы. Осы жолы қатысушылар 33 құзыреттілік негізінде бақ сынамақ. «Сән технологиясы», «Мейрамхана қызметі», «Компьютерлік  ойындарға арналған 3D модельдеу», «Тоңазытқыш компрессорлы техника және ауа баптау жүйесі», «Сантехника және жылыту», «Визуалды мерчандайзинг», «Бетон жұмыстарының технологиясы», «Химиялық зертхананың технологиясы» және «Ақпараттық кабельдік желілер» бойынша қатысушылардың кәсіби шеберліктері алғаш рет сынға түседі. Ал жұмыстарды 170-ге тарта сарапшы бағалайды. Сарапшылар қатарында республиканың түкпір-түкпірінен шақырылған халықаралық дәрежедегі тәуелсіз сарапшылар бар. Атыраулық колледждер 2015 жылдан бастап «Жұмысшы қолдар олимпиадасына» белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болып, кәсіби даярлықтың жақсы деңгейін көрсетіп келеді.

          Бірнеше күнге созылатын бәсеке қаладағы 8 колледжде арнайы алаңдарда өтеді. Сондай-ақ, шарада облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла Идрисов, 2018 жылғы «WorldSkills Қазақстан» чемпионатының «Алтын жүлде» иегері Назгүл Нұрмұханова сөйлеп, құрыш білекті, қарымы мықты, креативті жастар мен үздік жұмысшыларды анықтайтын шеберлер додасының маңыздылығына тоқталды.

          «WorldskillsAtyrau-2021»  өңірлік чемпионатының Әнұранын шырқаған жастар тобы мен колледж студенттерінің топтасып билеген биі көптің көңілін көтерді. Шараның жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 28 мамыр күні өтеді.

Алмас ҚАБДОЛОВ

«WORLDSKILLS» ЧЕМПИОНАТЫНДАҒЫ АТЫРАУЛЫҚТАРДЫҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ

ӨҢІРЛІК ЧЕМПИОНАТ

2015 жылы 4 құзыреттілік бойынша 12 қатысушы

2016 жылы 12 құзыреттілік бойынша 45 қатысушы

2017 жылы 10 құзыреттілік бойынша 68 қатысушы

2018 жылы 18 құзыреттілік бойынша 90 қатысушы

2019 жылы 20 құзыреттілік бойынша 110 қатысушы

2020 жылы Пандемия жағдайына байланысты өткізілген жоқ

2021 жылы 33 құзыреттілік бойынша 170-ке жуық қатысушы

ҰЛТТЫҚ ЧЕМПИОНАТТАҒЫ ЖЕТІСТІКТЕР

 2015 жыл 1 қола жүлде, Атырау индустриалды колледжі

2016 жыл 1 күміс жүлде, Атырау индустриалды колледжі

2017 жыл 1 қола жүлде, С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжі

2018 жыл 3 алтын жүлде, Атырау сервис колледжі, Атырау энергетика және құрылыс колледжі, «APEC PetroTechnic» жоғары колледжі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған