Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

ҚАНМЕН ЖАЗЫЛҒАН ШЕЖІРЕ

Аtr.kz/9 мамыр, 2020 жыл. Биыл – Ұлы Жеңіске 75 жыл. Бұл күнді біз мереке ретінде тойлап қана қоймай, сол бір отты жылдарды жадымызда жаңғыртып, өткенімізді еске аламыз.

Тарих тұңғиығына ой жүгіртіп, қанмен жазылған шежіремізді тағы бір мәрте ойға оралтып, майдан даласында шейіт болған боздақтарымыздың, қасық қаны қалғанша жаумен шайқасып, теңдессіз ерліктің үлгісін көрсеткен, Отанын, елі мен жерін қорғап қалған батырларымыздың рухына басымызды иеміз.

Сұм соғыс әрбір отбасын, әр шаңырақты шарпыды. Миллиондаған адам әскерге, еңбек армиясына шақырылды. Жүздеген мың жауынгер ұрыс даласынан қайтпай қалды. Қапыда қолға түскендері неміс тұтқынында, концлагерлерде аяусыз азап шекті. Бұл соғыс миллиондаған адамдардың өмірін қиып, жүздеген қала мен елді мекендерді тып-типыл етті.

Сөйтіп, талай жандардың жүрегінде жазылмас жараның ізін қалдырды. Оны ұмыту, естен шығару әсте мүмкін емес. Статистикалық деректерге сүйенсек, Жеңістің жартығасырлық тойында облыста 13 мың майдангер болса, қазірде солардың бар болғаны 8-і ғана арамызда. Бұлардың жетеуі Атырау қаласында, біреуі Ж ы л ы о й а у д а н ы н д а тұрады. Оның сыртында, соғысқа қатысушыларға теңестірілген 2 100 тыл еңбеккері бар.

Биылғы жыл басынан бері қос бірдей батырымыздан айырылдық. Ал, ұрыс даласында шейіт болған 25 мыңнан астам боздақтың сүйегі жат жерде қалды. Мұның сыртында тұтқынға түсіп, азапты сапар шегіп, елге оралмаған, өлі-тірісі белгісіз хабарсыз кеткен, «өлдіге» саналып, қаралы қағаз келгендері қаншама? Тарих парақтарын ақтарып, өткенімізді таразыласақ, соғыс жылдарында Гурьев облысының «соғыс жағдайындағы аймақ» санатына жатқызылғаны белгілі.

Сол себептен де шығар, республикамыз бойынша тек қана осы өңірде Жоғарғы Бас қолбасшылықтың ұйғарымымен Қорғаныс комитеті құрылды. Соған байланысты, көршілес Орал облысының кейбір аудандары Сталинградтың қарамағына беріліп кетті. Елдегі бас көтерген ер азаматтар қолына қару алып, майданға аттанып кеткен де, елде қалған қарттар, әйел-аналар мен бұғанасы бекімеген балалар еңбек армиясына алынып, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ортақ мүддеге жұмылдырылды.

Өйткені, басынан бақайшағына дейін қаруланып, стратегиялық маңызды қала – Сталинградты бір демде басып алуға ниеттенген жаудың тегеурінін тежеп, тойтарыс беру міндеті қойылған болатын. Мақсатқа жету үшін қазыналы өңірдің «қара алтынын», яғни сол жаққа Ембінің, соның ішінде Ескене кенішінің мұнайын жедел жеткізу қажеттілігі туындады. Ол үшін жалпы ұзындығы үш жүз шақырым тар табанды теміржол желісін төсеу міндеті қойылды.

Міне, осындай ауыр жұмыстарға е ң б е к а р м и я с ы н а шақырылғандар тартылды. Олар күн-түн демей, жалақы да сұрамастан, ашқұрсақ жүріп жанқиярлықпен еңбек етті. Ең бастысы, берілген тапсырма орындалды. Осылайша, екі қыс, бір жазда күрекпен қазып, қаптап, жолтабанды салып шықты. Сол сияқты, соғыс жағдайына байланысты, Украинадағы Днепр өзенінің жағалауынан Петровский атындағы машина жасау зауыты Атырауға көшірілді. Осында жұмысшылар тәулік бойына көз ілместен жауға қарсы атылатын снарядтарды дайындады.

Соғыс басталғанда Новобогат (қазіргі Исатай) ауданындағы төрт колхоздың балықшылары Каспий флотилиясының қарамағына беріліп, дивизион құрамында әскери тәртіппен жұмыс жасауға көшті. Олар қыста мұз астынан ақан тартып, жазда теңіз тереңінен балық аулады. Ал атакәсіппен айналысатын шаруашылықтар мал басын көбейтіп, ет, сүт, жүн өнімдерін молынан өндірді, өздерінің баптаған сәйгүліктерін атты әскер үшін майданға жіберді.

Ауыл адамдары ұрыс даласындағы сарбаздарға арнап жылы киім, тамақ өнімдерін жөнелтіп, майдан қорына қаржылай көмектерін де берді. Сол үшін де аудан екі мәрте КСРО Қорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл Туын иеленді. Майдангерлеріміз соғыста өшпес ерліктің тамаша үлгісін танытса, тыл еңбеккерлері де Жеңіс сағатын жақындатуға өлшеусіз үлесін қосты. Бейбіт заманда олардың ізбасарлары аға буынның ісі мен ізін лайықты жалғастырып, жас толқынға жеткізді.

Арада қаншама жылдар өтсе де, майдандағы ерлігі үшін марапатталған кейбір ардагерлерімізге сол наградалары бұйырмай, тұтқында болуы себепті соғыс ардагерлерінің санатына қосылмай өмірден өтіп кеткенін де көзіміз көрді. Туған жерінің бір уыс топырағы бұйырмай, жат жерде бауырластар зиратында жерленген жауынгерлердің бірқатарының жоқтаушысыз қалғаны жаныңа батады.

Қанмен жазылған шежіренің тірі куәгерлері – майдагерлер арамыздан кетіп, қатарлары сиреп қалса да, ғибратты ғұмырын жалғастырар өскелең ұрпақтың оларды ешқашан ұмытпайтынына, қайта ұлықтайтынына бек сенімдімін. Бұл ретте, біз оларға жөн сілтеп, жол көрсетуге тиіспіз. Жер жүзінде бейбітшілік салтанат құрғай. Көгімізді бұлт, көңілімізді кір шалмасын. Төрткүл дүниеге тыныштық таңын орнатқан Жеңіс күнінің мерейлі мерекесі құтты болсын, жерлестер!

Қатимолла РИЗУАНОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button