ӘМІР ТЕМІР АЙТҚАН АҚИҚАТ

Біз әңгіме еткелі отырған мәселе адамзатты аждаҺадай жалмаған соғыс туралы, екінші дүние-жүзілік соғыс қарсаңында КСРО-да жүзеге асырыла бастаған ескі қорымдарды қопарып, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу кезіндегі кеңес үкіметінің жіберген қателіктері туралы болып отыр.

 

1941 жылдың мамыр айында академик, шығыстанушы А.А.Семеновтың басшылығымен Мәскеуден Өзбекстан қаласы – Самарқандқа Әмір Темірдің қабірін қазып, тарихи шындықты дәлелдеп, мүсінін жасау үшін археологиялық экспедиция аттанды. Тарихшылардың зерттеулеріне қарағанда, жер шарының шығыс бөлігінің көптеген жерін жаулап алған Әмір Темір мұсылмандарға кешірім жасап, басқа дінді ұстанғандарды қырып-жойып отырған. Өлер алдындағы соңғы сөзі оның қабіріндегі нефрит тақтаға былай деп жазылған екен: «Кімде-кім Темірдің қабірін ашса, соғыс рухын еркіндікке шығарады. Өмірде ешкім көрмеген, алапат, зор қанды қырғын болады».

Мәскеуден Самарқандқа аттанған археологиялық экспедицияның ең жас өкілі, кинооператор Мәлік Каюмов алғашқылардың бірі болып ескі тыйым туралы жергілікті қарттардан естіп, мазасыздана бастайды. Ежелгі тыйым мен қарғыс туралы сыбыс экспедиция басшысы академик А.Семеновтың құлағына да жетеді. Бірақ, ескертулерді мифологиялық әңгіме ретінде бағалаған ол, Әмір Темірдің отбасылық моласын қазу кезінде кездескен кедергілерге қарамастан, экспедиция жұмысын жалғастыра береді.

17 маусымда экспедиция мүшелері Ұлықбектің сағанасын ашады. Сол кезде марқұм-ның басының бөлек жатқанын көрген екен. Көптеген тарихи мұраларда ұлы астрономның басы діннен безгендігі үшін шабылғаны айтылып жүр ғой. Шын мәнінде Ұлықбектің өлімі астрономиямен айналысып, діннен безуіне байланысты емес екен. Өлім жазасына кесілместен бұрын Ұлықбек 1411-1447 жылдар арасында Мауераннахрды 36 жыл бойы билеген. 1449 жылы Ұлықбек Самарқандқа жақын жерде өзінің ұлы Абд аль-Латифтің әскерімен соғысып жеңіліс табады. Сөйтіп, аталмыш ұлы 1449 жылдың 27 қазанында өз әкесінің үстінен жасырын үкім шығарып, өлім жазасына кескен екен.

19 маусым күні қазу жұмыс-тарын жүргізушілер нефрит плитасына келіп тіреледі. Плитадағы жазбаларда дүниені жаулап алған ұлы адам туралы деректер тіркелген екен. Сол деректерге сүйенсек, Әмір Темір 1336 жылдың 9 сәуірінде Кеш қаласына жақын жердегі Ходжа-Ильгар ауылында дүниеге келген екен. Нәресте туылған кезде жұмылған жұдырығында бір тамшы қан болған деген аңыз бар. Жергілікті көріп-келдер оның алақанындағы қанды көріп, баланың атақты жауынгер болып, көп қан төгетіндігін және басқаларды өз уысында ұстайтындығын болжаған. Расымен де солай болды. Әмір Темір ержүрек жауынгер ғана емес, зиялы адам болды. Еуропаға шығатын ең басты керуен жолын Самарқанд арқылы өткізуге қол жеткізді. Осы мәліметтерді көргеннен кейін экспедиция мүшелері плитаны көтеріп, алғашқы байқау,    зерттеудің нәтижесінде, сүйектің Әмір Темірдікі екендігін нақтылайды. Бұл 1941 жылдың 21 маусымы күні болған оқиға еді.

Араға бір күн салып, яғни, 1941 жылдың 22 маусымында күллі әлем екінші дүниежүзілік соғыстың басталғаны туралы жаманатты хабарды естіді. Есеңгіреген экспедиция қабірді ашу жұмыстары кезіндегі Әмір Темірдің өсиетін сол кезде еске алып, дереу жұмысты тоқтатып, Мәскеуге тартып кетеді. Экспедиция құрамында болған кинооператор Мәлік Каюмов өз еркімен майданға аттанады. Майдан кезінде ол маршал Г.К.Жуковпен кездесіп, Әмір Темір қабірінің құпиясын ашып, сүйекті кері қайтаруды ұсынады. Бұл туралы Жуков Сталинге баяндайды. Кешікпей әміршінің бас сүйегі оның  басқа да туысқандарының қалдықтарымен бірге Самарқандтағы Гур Эмирге жіберіліп, 1942 жылдың 20 желтоқсанында қайтадан жерленеді. Осы оқиғадан кейін аз уақыт өткенде Сталинград шайқасында Қызыл Армия жеңіске жетеді.

Салауат ҚАПИЗОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік

университетінің аға оқытушысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз