Қалыптасқан жағдайға орай, зейнетақының 10 пайызын мерзімінен бұрын алуға бола ма?
Atr.kz/23 шілде, 2020 жыл. Бірыңғай жинақ зейнетақы қоры (БЗЖҚ) жанындағы қоғамдық кеңес өзінің бір мүшесі Евгений Сейпульниктің азаматтардың мерзімінен бұрын зейнетақы жинағының 10 пайызын алу мүмкіндігін беру жөніндегі ұсынысын қолдамады.
Бұл туралы БЖЗҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады. Қоғамдық кеңесте коронавирус пандемиясы кезіндегі бұл ұсыныс Евгений Сейпульниктің жеке пікірі екенін мәлімдеді. Бұл мәселе 17 шілдеде өткен кезекті отырыста талқыланған жоқ.
«Евгений Сейпульниктің ұсынысы жан-жақты зерделеу мен нақты есеп-қисапсыз жасалғандықтан, Қоғамдық Кеңес қолдамады» делінген хабарламада.
Кеңесте төтенше жағдайға байланысты туындайтын мәселелер азаматтардың зейнетақысы есебінен шешілмейтінін атап өтті.
«Зейнетақы жүйесі бойынша кез келген ұсыныс дәлме-дәл есеп пен бағалауды талап етеді. Қабылданатын шешімнің ұзақмерзімді салдары мен мемлекет шығындары және жалпы экономика ескеріледі» деп түйіндеді БЗЖҚ-да.
Еске сала кетейік, қазақстандықтар арасындағы күрделі қаржылық жағдайға орай, БЖЗҚ жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі Евгений Сейпульник азаматтарға зейнетақы қорындағы соманың белгілі бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік беру керектігі жөнінде ұсыныс жасаған еді. Ол әрбір салымшы жинағының 10 пайызын беруді оның құқығы ретінде емес, міндеті деп қарастыру қажеттігін мәлімдеді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ