«Қалтасы бай таксист»
Ұлттық статистика бюросының пайымдауынша, 2022 жылы Қазақстанда такси бағасы 7,1%-ға өскен. Ал, пайдаланушылардың саны 161,5 млн. Салыстырмалы түрде, бұл алдыңғы жылдан 20%-ға көп.
Иә, қазір көліксіз жүре алмайтын заман. Халықтың көпшілігі автобуспен емес, таксимен баруды құптайды. Әбден жалқау болып кеткендейміз…
Бірақ, аялдамада ұзақ автобусты күткенше, үйден таксиге тапсырыс беріп, шыға салу әлдеқайда жақсы емес пе?!
Турасына келсек, такси арқылы халық уақытын тиімділесе, таксист қалтасын байытады.
Мәселен, 28 сәуір күні облысымызда эстрада жұлдыздарымен бірге ауқымды гала-концерт өткен тұғын. 16 мың тұрғын жиналған үлкен кеште таксист аға-аталарымыз расымен байыған секілді.
- «Жұмыстан тыс кезде таксист боламын. Демалыста күніне 5000-6000 теңге табамын. Бірақ 40%-ы бензинге кетеді. Ал концертте 19:00-23:00 уақыт аралығында 12 мың қалтама түсті», — дейді қала таксисті Ринат.
- «Қазір көп жерде жол жабық. Айналып жүруге тура келеді. Бензин желінеді. Сол үшін жоғары бағаны талап етемін. Концерт кезінде 25500 теңге жиналған еді. Бұл күнделікті табысымнан 80%-ға көп деуге болады», — дейді, күндегісін күнде тауып жүрген Жақсылық есімді азамат.
Бүгінде халықтың қалтасына қаяу түсіріп тұрған мәселе – такси қызметі. Статистика дерегінше, Түркістанда бір жылда такси қызметі 28%-ға өскен. Сондай-ақ Маңғыстауда 14,7%-ға баға едәуір көтерілген. Тек Батыс Қазақстан, Нұр-Сұлтан және біздің облыста такси бағасы айтарлықтай өзгермепті.
Алайда, Атырауда такси бағасын «өзгеріссіз» деп айту қиынға соғатын секілді…
Асылай Жұмажанова, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің IV курс студенті.