БІЗДІ ҚИЫНДЫҚТАН КӘСІПКЕРЛІК ҚҰТҚАРАДЫ

Елбасы ұсынған осынау аса маңызды стратегиялық құжаттың «Ұлт жоспары – 100 қадам, баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» деп аталуы тегіннен-тегін емес. Өйткені, бүгінгі жаһандану дәуірі – әлемдегі мемлекеттерді бір-бірімен жақындасып қоғамдасуға, экономикалық, әлеуметтік, саяси, мәдениет мәселелеріне қатысты шешімдерді пікірлесе, кеңесе, келісе отырып қабылдаудың тиімді әрі дұрыс екендігіне үндейді. Сол үшін де әрдайым өзара тығыз байланыста, белсенді қарым-қатынаста болуға шақырады.

 

Мұның өзі – заңдылық, уақыт талабы. Индустрияландыру үрдісіне орай одан әрі дамып, жетіле түсетін ақпараттық кеңістікке дендеп енген сайын мемлекет пен қоғам да әлеуетті әлеуметтік ахуалға қарай бейімделіп, өркениетті тұрғыдан реттелетін нарықтық экономикаға бет бұра бастайды. Ал, дәл сондай жан-жақты жетілген, бәсекелестікке сай келетін экономиканы қалыптастырудың негізі, қайнар көзі кәсіпкерлікте жатқандығы даусыз. Қандай да бір кәсіптің түрін дамытып, оны елдің игілігіне айналдырмайынша нәсіптің де, соған сәйкесті табыстың  да құралмасы анық. Міне, осы шағын және орта бизнестен күшейіп, нығайған ұлттық экономика ғана қазіргідей күрделі де күрмеуі көп кезеңнен дүйім елді ғана емес, бүкіл дүние жүзін алып шығуға қауқарлы болады.

Кейбір статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда әлемде жалпы пайданың оннан тоғыз бөлігі сауда-саттықтан түседі де, қалғаны нақты тауар өндірісін өркендетуден құралады екен. Осылайша, ақша айналымын тездетіп, түйінді, қордаланған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді мезгілінде шешіп, адамдардың тұрмысын жақсартып, өмірін ажарландыра түсуге мол мүмкіндік те көбейеді. Десек те, осындай прогрессивті  үдерісті,  былайша  айтқанда,  қолдағы барымызды бағамдап, бағалай бермейтіндігімізден және білмейтіндігімізден оның қалыпты ырғағының бұзылуына жол беріп, себепші болып жататынымыз да жасырын емес.

Қалай дегенмен де, жаһандану дәуірінде ешбір мемлекеттің жеке дара, өз күшімен өз проблемасын шеше алмайтындығын өмірдің өзі көрсетіп берді. Мысалы, халықаралық аренада үлкен беделі бар Грекия, Италия, Испания сияқты Еуропадағы дамыған елдердің өзі де 2008 жылдан бері шикізаттың және қаржы дағдарысының дұрыс шешімін таба алмағандықтан жағдайды соншалықты ушықтырып жібергендіктеріне куәміз.

Енді әңгімемізге арқау болған Ұлт жоспарына қайта оралайын. Бірден айтарым, бұнда белгіленген нақты 100 қадамның 50-інің, яғни тең жартысының «Индустрияландыру мен экономикалық өсім» деп айдарланған үшінші тарауға кіргізілуінің өзінен-ақ ұлттық экономикамызды дамытып, әлеуметтік саламызды өркендетуге, сөйтіп әлеуетімізді көтеруге қаншалықты дәрежеде мән беріліп, маңыз қойылғанын байқап, бажайлаймыз. Оған қоса айтарым, Ұлт жоспарына енгізілген әрбір қадам бір-бір мәселенің түйінін шешетін, түпкі нәтижені анықтайтын аргумент іспетті. Сондықтан, қарапайым еңбекші, қатардағы мамандардан бастап барлық деңгейдегі лауазым иелері, басшы азаматтар осыларды жеделдетіп жүзеге асыруға білек сыбана, белсенді түрде іске кірісуі, үнемі ұмтылыс пен ізденіс үстінде жүруі керек. Ұлт жоспарында атап көрсетілгеніндей, осы тұрғыда ішкі-сыртқы резервтер мен мүмкіншіліктерді сарқа пайдалану, заманауи жаңа техника, озық технологияларды енгізу арқылы өндірісті индустрияландыру, еңбек өнімділігін арттырып, оның өзіндік құнын төмендетіп, экономикалық өсімді қамтамасыз етуіміз шарт. Ол таза пайданы – түпкі нәтижені еселендіреді бағалар мен тарифтерді тұрақтандырып, бәсеңдетуге жол ашады. Нәтижесінде, Елбасы міндеттеген ең басты және жоғары меже «ақылды экономика» – Жаңа экономикалық саясаттың үстемдік құруына мүмкіндік туады.

Өндірісте көпжылдық тәжірибе жинақтаған білікті экономист маман әрі жоғары оқу орнында студенттерге дәріс беріп жүрген ұстаз ретінде мен де бұл үрдіске өзіндік үлесімді қоссам деймін. Сол себепті де, осы уақытқа дейін нарықтық экономика заңдарын, оның ерекшеліктері мен артықшылықтарын түсіндіру мақсатында оқылған дәрістерімді, жазылған теориялық, әдістемелік еңбектерімді жинақтап, кітап етіп басып шығаруды ойлағам. Бұл ұсынысым университеттің ғылыми кеңесінде қаралып, қабылданды да. «Предпринимательство – ключевой фактор повышения эффективности производства» («Кәсіпкерлік – өндірістің тиімділігін арттырудың негізгі факторы») деген атпен дайындалған, 5 тараудан тұратын 150 беттік бұл еңбегімнің бір нұсқасын биылғы мамыр айында Елбасының өзіне, жарыққа шығуына қолдау көрсетуін сұрап, өтініш хатыммен қоса жолдағанмын. Оның мәтінін  ҚР Президенті Әкімшілігі жанындағы әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі Ұлттық экономика министрлігіне жіберген. Осыған орай, осы республикалық ведомоство тарапынан жазылған жауап хатты да алдым.

«Сіздің ұсынып отырған еңбегіңіздің өндірістің тиімділігі мен қарқынын арттырудағы кәсіпкерлік қызметтің критерийлері мен көрсеткіштері бөлімінде қамтылған мәселелеріңізді зерттеп, соның ішінде Қазақстан аумағында шағын және орта бизнесті дамытудың перспективалық факторларын іріктеп алдық. Тұтастай алғанда, еңбегіңіздің құндылығы мен қажеттілігін, мемлекеттік органдардың қызметінде пайдалануға болатындығын ескеріп, ұсыныс ретінде жолдағанымызды қаперлейміз», – делінген. Және де төменгі жағына Вице-министр Т.Жақсылықовтың қолы қойылған.

Иә, еңбегім лайықты бағаланып, өтінішім ескерусіз қалмаса, жиған-тергенім кәдеге жарап жатса, сол менің ел экономикасының өркендеуіне қосқан азды-көпті үлесім болатын шығар деп ойлаймын.

Қуандық ЖҰМАНҰЛЫ,

Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау мемлекеттік университетінің

профессоры, ҚР Білім беру ісінің үздігі.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз