Қалғып кеткен Қазақстанды оятты
Қаңтар оқиғасы елдегі тоқырау мен стагнацияны көрсеткен қазіргі заман тарихында шын мәнінде елеулі оқиға болды. Мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындалған арандатушылардың дегені жүзеге аспай, басты нәтиже – тәуелсіздігімізді сақтап қалуға қол жеткіздік. Бұдан соң, өзгерістер басталды. Жаңа Қазақстан құру міндеті күн тәртібіне шығып, мемлекеттік мүдде басты орынға ығысты, сөзден іске көшетін кез келгені нақты істермен айшықталды.
Қазақстанда жаңа саяси мәдениет қалыптастыру керек. Бұл да – қаңтар оқиғасы негізінде белгілі болған аспект. Ол үшін күрделі саяси реформалар жүргізу қолға алынды. Реформалардың басты мақсаты – демократия мен мемлекеттік басқаруды жетілдіру. Ал, жалпы меже – бюрократиямен күрес, ашық бәсекелестік орнату, азаматтық қоғам құру, топтастыру. Ол үшін суперпрезиденттік республикадан кету қажеттігі айтылып, Парламенті мықты президенттік республика тәсіліне өтуге қадам жасалды.
Ендігі өзгерістер Парламенттің қос палатасы Сенат пен Мәжілістің жұмысын түбегейлі өзгертуге бастайды. Осыны іске асырсақ, нақты нәтижеге, елеулі өзгерістердің жемісін көретін күнге жетеміз.
Қаңтар оқиғасы тәуелсіздік алғаннан кейін қалғып кеткен Қазақстанды оятты. Саяси биліктің бетін халыққа қарай бұрды. Үнін естуге мүмкіндік жасады. Осы оқиға бізге саяси жүйе мен билік арасындағы алшақтықтың қаншалықты нәзік, маңызды әрі күрделі екенін түсіндірді. Өз қамын ғана ойлаған, халықты бейтарап қалдырған билікке қарсы үн қатуға түрткі болды.
Сайполла САПАНОВ, халықаралық саясаттанушы