Қайта оралған ҚҰМАРШЫҚ
Atr.kz/14 қараша, 2019 жыл. «Ақжелкен» шығармашылық орталығында құрылған «Елсана» руханият клубында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегеновтың бастамасымен «Қайта оралған құмаршық» атты рухани тағылым аларлық шара өтті.
Кешті жүргізген Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, ақын Таңатар Дәрелов сонау 1932-33 жылдардағы елді жайлаған аштық кезеңінде Қазақстанның батыс өңірін, Нарын құмын жайлаған елге талғажау болып, ұлтымызды аман алып қалған құмаршық өсімдігінің киесі мен қасиеті жайында толғанды.
– Құмаршық – тек Нарын құмында ғана өсетін дәнді дақыл. Кеңес өкіметі кезінде селекционер ғалымдар құмаршықты оңтүстік жаққа да өсіруді қолға алған көрінеді. Бірақ, ол шықпай қойыпты. Құмаршық туралы аңызға бала кезімізден қанып өстік. Ол туралы Қазақстанның Халық жазушысы Әбу Сәрсенбаевтың «Дауылда туғандар» романында да кеңінен айтылады.
2013 жылы депутаттық сапармен Құрманғазы ауданына келген кезімізде Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, халықаралық «Алаш»әдеби сыйлығының лауреаты, академик жазушы Өмірзақ Қажымғалиев ағамыз бізді Ортақырға, Ниетбайға алып барды. Сол сапарда Мәрия Ғұмарова деген апайдың қолынан құмаршық көжені ішіп, құмаршықтың таба нанын жеп, балалық шақтың естелігін еске түсіргенбіз.
Сонда 500 грамдық ыдысқа салған құмаршықтың талқанын ол кісі «жора-жолдастарыңа ауылдың дәмін татқызарсың» деп арнайы берген еді. Астанаға келгеннен кейін 27 желтоқсан күні Мемлекеттік сыйлықтың иегері, поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова апамызды өтіп кеткен туған күнімен құттықтау үшін және елден сәлем жеткізу үшін ол кісінің үйіне келдік.
Апайды құттықтап: «Апа, жақында елге барғанмын. Мынау құмаршықтың талқаны еді. Сізге алып келдім» деп талқанды берген уақытта апамыз аузына салып, дәмін көріп: «бала кезімде жеген құмаршығымның дәмі сол күйінде тұр екен» деп ерекше толқып, толғанысын жасыра алмады.
Бірге барған Бақыт Иманғалиевке өзімнің көңілімде жүрген құмаршыққа ескерткіш орнату туралы ойымды айтып отыр едім, апай да естіп: «Сәрсенбай, бұл дегенің – өте сауапты іс. Құмаршыққа қазақ халқы қарыздар. Сондықтан, алдағы уақытта сол зұлмат заманнан ата-бабаны аман алып қалған құмаршық туралы жас ұрпақ білуі үшін ескерткіш қоюды қолға алғаның өте дұрыс ой. Саған осы міндетті аманаттап тапсырам» деді.
Апай өмірден өткеннен кейін ақынның аманаты хақында мақала жазып едім, ол «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Менің ойымша, құмаршыққа ескерткішті Атырау-Астрахан тас жолының бойына орнатқан дұрыс. Қазіргі таңда сол жобамен жұмыс жасаудамыз. Үлкен монументальды кешен бой көтермек. Мен оны өз қаржыма жасатып жатырмын.
Күре жолдың бойынан өткен әр адамға ұлтымыздың басынан өткен зобалаңы мол запыран жылдардың ескерткіші құмаршық нанының киесін ұқтырып, сезіндіріп тұрмақ. Ұрпаққа да берері мол деп ойлаймын,- деді Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов.
– Бүгінгі шара қазақ халқын зұлмат аштық жылдарында аман алып қалған құмаршыққа арналып отыр. Құмаршық туралы толғану тарих тереңіне сүңгітіп, жастарға тәрбие беретін өзгеше мектеп қалыптастыратындай сезініп отырмын. Қазақ – тылсым табиғатпен тілдесіп, үндестікте өмір сүрген қасиетті халық.
Біздің атабабаларымыз бойға нәр беріп, денеге қайрат құятын тағамдармен қоректенген. Оның өзіндік философиялық астары бар. Сол сүйегі асыл үлкендеріміз өмірінде бір жөтеліп, түшкірмей, бір дәрі қабылдамай өткен жоқ па? Әр ұлттың қасиеті оның қорек ететін тағамдарына да байланысты. Бір өзім естіген тарихи деректі айтып кетейін. Кезінде патшалық Ресей отаршылдары қазақты зерттеуге адамдарын жіберген ғой.
Олар қыс бойы қазақ арасында жүріп: «Бұлар осы қыстан аман шыға алмайды. Жейтіні – ет. Тек етпен қоректенген халықтың ұзақ өмір сүруі мүмкін емес» деп зерттеулерін
жібереді. Көктем шыққан кезде жайлауға көшіп, ағарғанға аузы тиіп, уызға тойынған қазақтарды көріп олар әлгі тұжырымынан бас тартады.
Шұбат пен қымыз ішіп, жылқы етін жеп, уызды нәр еткен қазақтың аталы асының бірі – құмаршық. Осындай киелі тағамдар арқасында бүтін бір ұлт аман қалды. Қазіргі балалар неге аурушаң? Өйткені, гендік модификацияланған тамақ жейміз, чипсы, басқа да полуфабрикат өнімдерден нәр алып, сусынға кокакола, спрайт ішеді. Сонда біздің балалар ауырмағанда кім ауырады?
Ендігі жерде табиғи тағамдарға баса назар аударғанымыз жөн. Ал, қазақтың аталы асына тағзым еткен Атыраудың арқалы азаматтары, сіздерге алғысым шексіз! Сіздер барда елдің өткені, тарихы мен шежіресі, тұрмыс-салты ұмытылмайтыны даусыз,- деді Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.
Аталған шара аясында бүгінгі таңда құмаршықты қағып, диірменнен өткізіп, көже дайындайтын, нан жабатын, тағам түрінде қолданатын замандастарымыздың арасында конкурс ұйымдастырылды. Оған Құрманғазы ауданынан Мария Ғұмарова, Қыдырсиық Құсайынов, Лена Ризуанова, Исатай ауданынан Гүлфара Жұбаева, Айгүл Қайрошева, Махамбет ауданынан Мұстахима Әлиевалар қатысты.
Үміткерлер құмаршықты қағып, дайын дән түрінде, диірменнен өткізген ұнын, табаға жапқан нанын, қуырып, қантпен, қаймақпен бірге талқанын алып келді. Олар бұл тағамды әзірлеу технологиясын қазылар алқасына, дүйім жұртшылыққа түсіндіріп,
өздерінің өнімдерін ұсынды. Төрағасы жазушы Өмірзақ Қажымғалиев болған әділқазылар алқасының құрамында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Атырау облысының Құрметті азаматы Мәдина Ғабдысәлімова, қоғам қайраткері, жазушы Мұрат Бектенов, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалиевтар төрелік етті.
Бас сарапшы – Қазақстанның Құрметті журналисі, ақын Төлеген Жаңабаев. Қазылардың шешімімен бірінші орын және 150 мың теңге исатайлық Гүлфара Жұбаеваға берілді. Екінші орын және 100 мың теңге байраққа құрманғазылық Мария Ғұмарова лайық деп танылды. Үшінші орын және 70 мың теңгеге махамбеттік Мұстахима Әлиева ие болды. Қалған қатысушылар Алғыс хатпен және 20 мың теңгемен марапатталды.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА
Қасиетіңнен айналайын!
Аштық жылдарында, Ұлы Отан соғысының ауыр кезеңінде елді аштықтан аман алып қалған құмаршықтан айналайын! Қасиетті, киелі асымыздың арқасында біз, соғыс жылдарындағы балалар, аман қалдық, сол нанның берген күш-қуаты әлі де бізге күш-қайрат беруде. Құмаршықты жаңғыртып, бүгінгі ұрпаққа насихаттау – өрелі іс. Оны базарға шығарып неге сатпасқа? Нағыз құнарлы тағам ретінде елдің бәрінің сатып алатынына өзім кепілдік беремін.
Ақмырза БАТЫРҚАЙЫРОВ,
еңбек ардагері,
Атырау қаласы
Құнарлы тағам болғандықтан дайындаймын
Мен де – соғыс жылдарында ержеткен балалардың бірімін. Құмаршық көжені ішіп, табада бұрқыраған нанын жеп өстік. Ешкімнен кем болмадық. Зейнетке шыққан соң келіндерім мен қыздарыма үлгі ретінде құмаршықты қалай қағып, аршып, диірменнен өткізіп, ас ретінде пайдаланатынын танытып кеткім келіп, жұмыстанып жүрмін.
Міне, бүгінгі шараға да қатысып отырғанымыз – сол құмаршықты насихаттаудың бір үлгісі. Әлбетте, құмаршық балаларға ең құнарлы тағам екеніне өзімнің өмірлік тәжірибем куә. Оның быламығын ішіп алған адамның кешке дейін қарны ашпайды. Құрамында кальций, йод және басқа элементтер бар.
Сондықтан, оның ұнының түсі қоңыр, наны да қоңыр. Қошалақтан шыққан қоңыр бала, қазақтың ұлы ақыны атанған Жұмекен Нәжімеденов те осы құмаршықты жеп ержеткен.
Мәрия ҒҰМАРОВА,
еңбек ардагері,
Құрманғазы ауданы,
Қошалақ ауылы